» » Қош, POS-терминал!

Қош, POS-терминал!

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кейінгі бес жыл бедеріндегі технологиялық жетістіктер көп нәрсенің маңызын елеусіз етіп өте шықты. Әсіресе сауда үйлерінің кіре берісінде тұратын абажадай терминалдар күннен күнге «көзі тірі жәдігерге» айналып бара жатыр. Төлем терминалы деп аталатын бұл құрылғылармен қазір ешкім коммуналдық ақы төлемейді, ақша аудармайды, телефон шотын да толықтырмайды. Соңғы кезде қолдың басындай POS-терминалдар да «аға буынның» жолын құшқандай.
Алматылық кәсіпкер Иван Чер­каевтың басынан өткен жағдай еріксіз назар аудартады. «Digital Business» онлайн басылымында жарияланған дерекке сүйенсек, 2018 жылы Иван мен оның командасы Алматыда мыңнан астам POS-терминал орнатып, құрылғылардың айлық айналымы 500 млн теңгеге жетіп, айлық табыс 5 млн теңгеге дейін барады. Есте болса, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі бүкіл заңды тұлға POS-терминал орнатуға міндеттелген. Бастапқыда бәрі жақсы болады. Алайда нарықта Kaspi гегемониясының орнауымен, Иванның кәсібінің де басына «қара бұлт» үйіріліп шыға келген.
Әрине, бұдан кәсіпкер сағы сына қоймады. QR-кодқа байланған бизнес-құрылғылар орнатып, кәсіптің басқа қырына қарай ойысады. Бірақ технологиялық жетістіктің нарықты қоғадай жапырып өте шыққанын амалсыз мойындайды. Жыл басындағы дерек бойынша, QR-код пайдалану көрсеткіші әжептәуір ұлғайған. Қаңтар мен ақпанның қорытындысы бойынша, QR-код арқылы жасалған төлем көлемі 416,1 млн транзакцияны құраса, POS-терминалдар арқылы 367,3 млн транзакция жүзеге асырылған.
Қазір POS-терминал мен QR функция­сы өзара интеграцияланып, бір міндетті алма-кезек атқарып тұр. Яғни тұтынушы терминал көмегімен төлем жасау кезінде не QR-кодты сканерлейді, не картасын жанастырады. Сөйтіп, чек алады. Қазір елдегі жетекші екінші деңгейлі банктер өздерінің жаңаша POS-терминалдарын бизнес иелеріне ұсынып жатыр. Көп жағдайда ұсыныс білдірсе болғаны, банк өкілдері өзі апарып орнатып, қалай қолдану қажеттігін көрсетіп кетеді. Ал байырғы POS-терминалдар, яғни тек картамен төлем қабылдайтын ескі кассалық аппараттар нарықтан біржола кететін сияқты. Қазірдің өзінде оларды көп жерден көрмейміз. Картамызды бетіне тақап, сосын пин-код теріп жүргеніміз кеше ғана сияқты еді, технология тез дамып, жылдам өзгеріп жатқанының дәлелі бар.
Қазір ең көп көзге ілігетіні – Kaspi Pay мен Halyk Pos. Басқа банктер де өз сайттарында тиімді POS-терминалдар мүмкіндігін насихаттаған. Мұндай кассалық POS-терминалдан бөлек, мобильді POS-терминал да жылдам дамып шыға келді. Мұндайда кәсіпкер өзінің ұсынған тауары мен қызметі үшін төлемді QR арқылы қабылдайды. Ал біртіндеп келместің кемесіне мініп бара жатқан деп айтып отырғанымыз – дәстүрлі POS-терминалдар, яғни төлем картасына ғана негізделген портативті құрылғылар. Оларды қолдану аясы жылдан жылға тарыла беретін тәрізді.
Қазір дүкендерде, сауда орталықта­рындағы касса үстелінде бірнеше POS-терминалдың (бірнеше банктің құрылғысы) тұрғанын көреміз. Ал осыдан бірер жыл бұрын сол кездегі Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова бірнеше POS-терминал ұстап отырудың қажеттілігі болмайтын жаңашылдық енгізілуі мүмкін екенін айтып еді вице-министр.
«Сен кімнің клиентісің – «Halyk Bank» па, «Kaspi» ме, «Jusan» ба, маңыз­ды емес. Кез келген банк бір-біріні­кін оқи беретін QR болады. Ондай жағдайда бизнес оншақты POS-тер­минал ұстамайды, әр терминалға жеке-жеке ақы төлемейді. Бір ғана терминал болады, сол арқылы бүкіл нарық қатысушысымен жұмыс істеуге болады. Біз осыған ұмтылуымыз керек», деген еді.
Осы мәселе былтырдан бері қай­та шаң берді. Ұлттық төлем корпорациясының басшысы Бинұр Жәленов бүкіл банк үшін бірыңғай QR-кодтың енгізілетінін мәлімдеді. Жоба 2025 жылдың бірінші жартысында іске қосылмақ. 2024 жылдың соңына дейін қанатқақты режімде сынап көреді. Биылдың өзінде телефон арқылы банк аралық аударымдау жасау мүмкіндігі жүзеге асады. Әрине, бірыңғай QR-дың енгізілуі сауда желілері мен ірілі-ұсақты дүкендердегі қолақпандай POS-терминалдар санын да күрт азайтады деген сөз. Барлық банкке жалғыз QR-код жеткілікті болса, дүкен иелері әр банктің терминалына тапсырыс беріп қайтеді? Қаржы институттары сайтындағы «біздің POS-терминалға тапсырыс бер» дейтін анталаған жарнаманың да жалауы жығылмақ ондай жағдайда. Бірақ сау­да желілері бәрібір қандай да бір терминалды пайдалануы керек қой. Мұндайда Kaspi, Halyk секілді ірі қаржы ұйымдарының құрылғылары негізгі терминал міндетін атқаруы мүмкін. Не болмаса қай банктің қосымшасы арқылы төлесеңіз де қабыл алатын бейтарап QR-код жасалатын шығар.
Ал әзірге POS-терминалдарға қатысты мынадай бір мәселе бар. Ол – төлем кезінде ұсталатын пайыз сомасы турасында. Егер төлемді банк картасы арқылы жасайтын болсаңыз, комиссия көбірек ұсталады. Әр банкте әртүрлі, дегенмен орташа мөлшері – 1 мен 2 пайыз аралығында (тек «БанктЦентр Кредитке» ғана – 0,4 пайыз). Ал банктің картасымен басқа банктің POS-терминалына төлем енгізсеңіз 1,5 мен 2,8 пайыз аралығында комиссия ұсталады. Егер «мобильді пос» арқылы төлем жүргізілсе, пайыздық мөлшерлеме аздап төмендеу болады, шамамен 0,4-1,5 пайыз аралығында.
Жақында Мәжіліс депутаты Магер­рам Магеррамов QR-код арқылы жасал­ған төлем түбіртегі фискалды чекпен теңестірілуге тиіс деп мәлімдеме жасады.
«Нарықтағы тауардың басым бөлігі онлайн-дүкендер арқылы (соның ішінде банк қосымшаларындағы дүкендер) сатып алынады. Жергілікті бөлшек және көтерме саудадағы тауарларды сатып алу банктің POS-терминалы арқылы жүргізіледі. Осы эквайрингтік опера­ция нәтижесінде берілетін чектер фискалды чек болып саналмайды. Сәйкесінше, мемлекеттік кіріс органдарына жүзеге асырылған ақша операциясы туралы мәлімет берілмейді. Бұл тауар және қызмет саудасы нарығының «көлеңкеде» қалуына жағдай жасайды», деді депутат.
Бұл жағдай да кассалық аппараттың айналасында көп ұзамай тағы бір өзге­рістің болуы мүмкін екенін аңғар­татындай.
Қалай болғанда да, қазіргі POS-терминал – баяғы түймешесі көп кас­салық аппараттың заңды мұрагері, заманауи жабдық еді, енді оның өзі әжептәуір өзгерісті бастан кешетін сыңайлы. 
egemen.kz
25 қыркүйек 2024 ж. 487 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 156
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031