Дүкендегі дүрбелеңге жауап: сала басшысы брифинг өткізді
Жыл басталғалы дүкендер мен базарлар қолма-қол ақшаға көшті. Қазір зат сатып алғаныңыз үшін әдеттегідей мобильді аударым жасай алмайсыз. Оған қоса қарапайым тұрғындар да бұл өзгерістің анық-қанығын біле алмай, тіпті ағайын-тумасына ақша аударуға қорқып қалған жайы бар. Тұрғындар арасында түсінбеушілік тудырған бұл мәселеге орай аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді.
Басқарма басшысы өз кезегінде жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын әртүрлі тұлғадан жеке банктік шотқа 100-ден аса аударым қабылдауы тексеріске әкелетінін атап өтті. Бұл жағдайда Мемлекеттік кірістер басқармасы аударымды тексеруге құқылы. Онда да алғашында тұрғынға хабарлама беріледі. Яғни, бірден айыппұл арқаламайды. Мұны айтып отырған себебіміз, ел арасында «100-ден аса аударым жасасаңыз, айыппұл төлейсіз» деген жалған ақпар тарауда. Аударым көлемі 100-ден асқан жағдайда тұрғынға берілген хабарлама негізінде, онда көрсетілген талапты орындауы тиіс. Мәселен, кәсіпкер болмаса «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелуі, егер кәсіпкер болып табысын жасырған болса, сол айдағы табысынан салық төлеуі тиіс. Қарап отырсақ, бұл жерде дүрбелең туғызатындай дүние жоқ.
Қазіргі таңда аударым қабылдамай, қолма-қол ақшамен ғана сауда жасауға көшкендердің көбі – шағын бизнес өкілдері. Олардың тұтынушыға мұндай талап қоюына биыл тапсыратын декларация себеп болған. Декларацияға сай, табысын растаған кәсіпкер жалпы айналымының 3 пайызын мемлекетке салық қып төлейді. Ал қолма-қол төлем жасау – салық төлемеудің амалы.
– Айта кету керек, мұның бәрі биыл шыққан ереже емес. Мемлекеттік кірістер комитеті декларация қабылдауды 2022 жылдан бастаған. Тек тексеріс кезең-кезеңімен жүзеге асты. Бұған дейінгі 2 жылда мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары және медбикелер мен мұғалімдер табысын растауға міндеттелген еді. Ендігі кезек заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерде. 2025 жылдан бастап халықтың қалған бөлігі мүлкі туралы есеп береді, – деді басқарма басшысы Д.Қосбергенов.
Өзіміз де сауда жасауға шыққанда банкомат іздеп сарылып қалатын болдық. Оны жасыра алмаймыз. Олар не аударым, не QR код арқылы есептесе алмайды. Бірақ «қағаз ақша салықтан сақтайды» деп ойлау қате. Өйткені тұтынушы қолма-қол төлем жасаған күннің өзінде құқығын қорғауы тиіс екен. Маманның айтуынша, біз кез келген жерден сауда жасағанда түбіртек сұрауға міндеттіміз.
– Қолма-қол ақша алғанның өзінде фискалды түбіртек берілуі керек. Тұтынушыға төлемді қалай жасаған ыңғайлы? Егер оған қолма-қол ақша беру ыңғайсыз болса, оған карта арқылы төлеуге болады. Тіпті кез келген дүкен сізге кассалық аппаратсыз, яғни казір бірқатар кәсіпкер қолданатын «Rekassa» арқылы телефоныңызға онлайн түбіртек жібере алатын мүмкіндігі бар. Мобильді аударымдар жеке мақсатқа, ал төлемдер кәсіпкерлікке арналған, – деді басқарма басшысы.
Қысқасы, табысын растаған кәсіпкер тұтынушыға кез келген түрде төлем жасата алады. Ал қалауынша есептесе алмаған клиент салық комитетіне арыздануға құқылы. Өйткені көлеңкелі бизнес жүргізген кәсіпкер заңды жұмыстан жалтарған болып есептеледі. Бұл ретте басшы «3 пайыздық салық бюджетке бөлініп, өзімізге қайтады» дейді. Ал көпшілік салық төлеген сатушылар тауар бағасын қымбаттатып жібере ме деп қорқады.
– Салық түсімдерінен алып қарағанда шағын сегмент, оның үлесі көп деп айта алмаймын. Сондықтан баға көтеріледі дегенге мен сенбеймін. Мемлекет көп жағдайда шағын бизнесті тексеруге мораторий жариялады. Пандемия кезінде де белгілі бір жеңілдіктер жасалды. Бірақ қазір заңның орындалуын бәрі қамтамасыз етуі керек. Бұл салық мәдениетін сақтауды үйретеді. Екіншіден, экономиканы көлеңкеден шығарады, – деді аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов.
Ал аталған уақыт ішінде дос, туыстан түсетін тұрақты қаржы назарға ілінбейді. Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге де әсер етпейді. Бұл көлеңкелі бизнестің қанатын кеңге жайып кетуіне ғана тұсау болмақ. Адал жүріп тұратын ағайын, алаңдамаңыз!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА