Мағжан Жұмабаев өлеңдері әзербайжан тілінде басып шығарылды
Баку қаласында Мағжан Жұмабаевтың шығармалары көпшілікке таныстырылды.
Қазақ ақынының туындылары ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен әзербайжан тіліне аударылған. Сондай-ақ Әзербайжан Ұлттық кітапханасында өшпес мұра қалдырған ұлы ақынның 125 жылдығына арналған шара өтті.
Мағжан Жұмабаев өлең жинақтарының тұсаукесері Әзербайжан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен. Дара ақынымыздың туындылары екі кітап болып басылған. Біреуінде профессор Рамиз Аскердің аудармасымен қатар Мағжан өлеңдерінің қазақша түпнұсқасы да бар. Бұл – қазақ тілі мен әдебиетін меңгеріп жүрген жергілікті студенттерге арналған басылым. Ал тек әзербайжан тілінде басылған екінші кітапқа «Мені де, өлім, әлдиле» деп Мағжан өлеңінің атауын берген.
Кемел Оспанов, СҚО әкімшілігі тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі:
- Биылғы жыл түркі әлемінде Мағжан жылы деп жарияланды. Мағжанның 125 жылдығы Түркиядан басталған, Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференциясымен жалғасын тапты. Міне, бүгінгі күні Әзербайжанның Баку қаласында Мағжанның 125 жылдығына арналған үлкен шара өтуде.
Шараға қатысушылар: «Мағжанның ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясындағы орны бөлек», – дейді. Ол Шығыс пен Батыс халықтарының руһани құндылықтарын үйлестіре білген Орталық Азияның алғаш жазушысы болған.
Зарқын Тайшыбай, СҚМУ профессоры:
- Мағжанның өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен шежіре кітаппен таныстырып отырмыз. Әзербайжанның зиялы қауымы Мағжанды жақсы біледі және жақсы сыйлайды екен.
Тұсаукесер барысында Мағжан өмірі туралы дерек фильмнің көрсетілімі өтті. Өлеңдер жинағы Әзербайжан жоғары оқу орындарының түркі филологиясы бағдарламасына енгізілген. Жалпы Әзербайжанда ақынымыздың мерейтойына арналған бірнеше шара өткізу көзделіп отыр.