Бір күнде 3 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды
Қармақшы ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына екі мыңға жуық тұрғын қатысып, тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқысты жинап, арнайы белгіленген орындарға шығарды.
Тазалық табалдырықтан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын ең алдымен өзінің үйін, ауласын, көшесін таза ұстауы тиіс. Бұл үрдіс Қармақшы ауданында қалыптасып, халық арасында экологиялық мәдениет жақсарып келеді. Яғни, тұрғындар бұрынғыдай қоғамдық орындар мен көшеде шемішке шағып, темекі тұқылын кез келген жерге тастамайды, айналаны ластамайды.
Тұрғындар өздерінің көшесін тазаласа, мекеме қызметкерлері бекітіліп берілген аумақтың шөбін шауып, күл-қоқысты жинады. Мәселен, мәдениет саласының мамандары кенттегі Этно ауыл мен «Қобыз» ескерткішінің маңын, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері «Мәңгілік алау» айналасын абаттандырды. Ал, Ауған соғысы ардагерлері, «Семей-Невада» қозғалысының өкілдері және Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар мен еріктілер «Тағзым алаңында» тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясынан қармақшылық қариялар да қалыс қалған жоқ. Ел ағалары ардагерлер аллеясына жиналып, игі іске жұмыла атсалысса, қыз-келіншектер «Анаға тағзым» ескерткішінің айналасын тазалап, көпке үлгі көрсетті.
Сенбілік аудан орталығында ғана емес барлық елді мекенде ұйымдастырылды. Бір тәулікте 3 мың тоннадан астам күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар жиналып, тиісті орынға апарып төгілді. Айта кетейік, санитарлық тазалық жұмыстары бір күндік шара емес, әр апта сайын өткізіліп тұрады.
















