Beeline Дүр Оңғар ауылын 4G интернет желісіне қосты
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылы аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Екі мыңнан аса халқы бар ауылда әлеуметтік маңызы бар нысандар, яғни мектеп, дәрігерлік пункт, ауылдық клуб, балабақша, ауыл әкімдігінің кеңсесі бар. Сондай-ақ, бүкіл ауылды интернетпен қамтамасыз етіп отырған мобильді оператордың базалық станциясы да бар. Beeline «LTE еverywhere» жобасының шеңберінде ауылға 4G байланысын қосты.
Ауыл әкімі Әбимүслім Қоқанов көптен күткен ұялы байланыс желісінің іске қосылғанына дән риза. Елді мекенге сапалы интернет желісі тартылғалы бері жергілікті тұрғындар өркениеттің игілігін көріп отыр. Мәселен, бұрын Дүр Оңғарлықтар бір анықтама алу үшін аудан орталығына баратын болса, қазір үйде отырып-ақ ұялы телефонмен интернетке кіріп, e-gov арқылы немесе құзырлы мекемеге WhatsApp-пен өтініш жіберіп, қажет қағазын оңай алатындай жағдайға жеткен. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет түрлерін алу, коммуналдық шоттарды төлеу сияқты процестер қалыпты жұмыстардың біріне айналған.
Ауылға Beeline байланысының келуіне әсіресе ауыл мектебіндегі мұғалімдер мен оқушылар қуанған секілді. №107 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Салтанат Өтегенова бүгінде бұл игі істің ауылдағы білім саласына да айтарлықтай әсер еткенін жасырмайды.
«Жоғары жылдамдықты интернет ауыл адамдары өмірінің барлық саласына жағымды әсер етуде. Қазіргі таңда мектепте компьютер сыныбы жұмыс жасап тұр. Компьютерлердің барлығы дерлік интернет желісіне қосылған. Оқушылар интернет арқылы сабағына қатысты қызықты мәліметтермен танысып жүр. Мұғалімдер электронды күнделік толтырады. Сондай-ақ, оқушылар да, мұғалімдер де интернетпен электрондық оқулықтарды оқиды. Бір сөзбен айтқанда, цифрлық технологияларды игеруде. Мектепте ата-аналар жиналысы, воркшоптар, кездесулер онлайн форматта өтеді. Жастар жоғары жылдамдықтағы интернет арқылы әлемдік деңгейдегі ақпараттарды оқып, біліп отыр. Әрине мұндай үрдіс жастардың шығармашылық дамуына да септігін тигізуде. Ауылда талантты, білімді жастарымыз көп. Олар бұрын өздерінің талантын өзгелерге көрсете алмайтын. Бүгінде ауылымыздың атын елге өнерімен, білімімен танытып жүрген жастарымыз жетерлік», – дейді ұлағатты ұстаз.
Дүр Оңғар ауылына интернеттің келуі оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын, ізденісін одан әрі арттырғаны сөзсіз. Мәселен, аталған мектептің 7 сынып оқушысы Нұрдидар Сәрсенбай интернетті жай ғана бос уақытын өткізу үшін ғана емес, сол арқылы сурет салу, күрделі математикалық есептерді шешу, қызықты тарихи видеороликтерді көру үшін пайдаланатынын айтады.
Сонымен қатар, сапалы интернет ауылдың әлеуметтік және экономикалық жағдайына да оң әсерін тигізген. Басында тұрғындар интернетті тек әлеуметтік желілерді көріп, оқу үшін пайдаланса, қазір кәсібін дөңгелентудің бір құрылғысы ретінде жаратуда.
«Ауыл тұрғындарының өмірі тез өзгеруде. Мәселен, тұрғындар кәсібінен нәсібін көру үшін интернетті пайдаланатын болды. Біздің ауылда бау-бақша дақылдары көп егіледі. Шаруалар интернеттің көмегімен тұтынушыларды іздеп-тауып, өнімді соларға жеткізу жоспарын құрады. Сондай-ақ, өздері өндірген өнімдердің жарнамасын жасауға да пайдаланады. Оған қоса жоғалған малдарды іздеуге де интернеттің көмегі тиеді екен. Өйткені бізде WhatsApp-та ауыл тұрғындарының ортақ онлайн чаты бар», – дейді ауыл тұрғыны Бекболат Қалмұратов.
Бүгінде Дүр Оңғарлықтар сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз еткен Beeline компаниясына алғысын аямайды.
Айта кететін жайт, 2020 жылдан бері мобильді оператор «250+» бағдарламасының аясында өз байланысын еліміздің 1500-ден астам елді мекенінде қосты. Ал өз жоспарының шеңберінде қосымша 600-ден астам ауылды өз бетінше қамтыды. Өйткені шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету компания үшін маңызды міндет болып табылады.
Алайда байланысты жақсарту барысында компанияға кедергі келтіретін жағдайлар да жоқ емес. Мәселен, радиофобияға шалдыққан қазақстандықтар. Өкінішке қарай, радиофобияның кесірінен жыл сайын мобильді оператор өз жоспарының 30-40% орындай алмай жатады.