» » Африкалық страустар Қармақшыда

Африкалық страустар Қармақшыда


Әлеуметтік желіде бір бейнеролик тарады. Онда мамыражай ауылда екі түйеқұс еркін тербеліп жүр. Түсіріп тұрған адам «Мынадай қызыққа тап болдық. Қармақшыда түйеқұстар бар екен» деп таңдана сөйлейді. Оны көрген біз де бей-жай қалмадық. Тұрғынның мекен жайын іздестіріп, ерекше құбылыстың куәсі болуға жол тарттық.
Біледі-ау дегендерге хабарласып, тек көше атауы мен түйеқұс баптаушының атын анықтадық. Ендігі бейнероликте көрсетілген үйлердің түр-түсіне қарай іздестіріп, әйтеуір бір үйге тоқтадық. Есік алдына жақындай бергеніміз сол еді абалаған бірнеше ит арпылдай түсті. Әрі-бері кіруге талпынғанымызбен әлгілер кіргізер емес. Мүйіш-мүйіштен сығалап «осы үй ма екен?» дестік. Сөйтсек қора жақтан түйеқұстың ұзын мойны керіліп, басы көрініп тұр. Дәл адреске түскенімізге қуанып, есік қоңырауын бастық. Әне-міне дегенше үй иесі шығып, жылы шыраймен қарсы алды.
– Амансыз ба?
– Аманбыз, өздеріңіз қалай? – деген амандық-саулықтан соң:
– Страустар бар ма? – дедік жан-жақтан жамырай.
– Бар, бар, – деген ол күлді де ішке кіруге иланды.
Манағы үрген иттер жым-жырт. Иесінің мысы басса керек. Керісінше қасымызға келіп, құйрық жүнін бұлғаңдата ойнап жүр. Пародасы да бөлек.
– Өзім түрлі асыл тұқымды үй жануарын жақсы көремін. Мен үшін хоббиге айналған. Сол үшін осы үш итім де үш түрлі тектен, – деді орта жастағы тұрғын.
Ауланы айнала қораға қарай жүрдік. Алыстан-ақ менмұндалаған екі түйеқұс еркін жайылып жүр. Қанаттарын кеңге жайып, тербеліп қояды. «Апырай ә, не деген әдемі» дестік. Қорқыныш та басым. Бірақ мұны 7 жылдан бері құс шаруашылығына бейімделіп, хобби еткен Шарһан Оспанов сейілткендей болды.
– Маусым айында Алматы қаласынан бір уысқа сиятын балапан күйінде алып келдім. Одан бері бірнеше ай өтсе де бұл әлі балапан. Кішкентайынан суыққа, құрғаққа, жерге үйретіп, мінезі де жуастау. Адамға тиіспейді, – деді ол жылы жүзбен.
Бойы біздің төбемізден келетін құсқа жақындай түстік. Расымен, әдемі көздері кірпік қағып, сұңғыла бойымен қасымызға жақындады.
– Не үшін түйеқұс? – дедік сұрақты төпей жөнеліп.
– Мына түйетауықтардың салмағы 19-25 келіні береді. Сатып алып, етін жейтіндер бар. Әйтеуір ырза болып жатады. Ал бұл ірі құсқа өзім қатты қызықтым. Түйеқұс әлі 3 метрге дейін өседі. Одан соң жынысы анықталады. Санын көбейтіп, балапанын, жұмыртқасын сатпақпын. Алла жазса, бұл бір жақсы кәсіп болатын сыңайлы. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз несие алғым келеді. Солай инкубатор алып, ойымдағыдай кең кепе салып, құстарымды соған жайғастырсам деген ниетім бар, – деді Шарһан Оспанов жанында тұрған түйеқұсының жұмсақ қауырсынын сипай.
Кент тұрғынының бұдан басқа да мақсаты көп. Әлемдегі әдемі құс саналатын павлин мен ерекше құс цесарка алғысы келеді. Ендігі бір аттаса, ауласы жануарлар бағына айналатындай. Әсем көрініске тап болған бізге түйеқұстар да алғысын айтқандай қанатымен бірнеше рет серпіді. «Таңертең ерте тұрып, осылай билейтіндері бар» деді құс иесі күле қарап. Біз де алғысымызды айтып, өз жөнімізбен кері бұрылдық. Есіктен шығар жерде қап-қара түсініксіздеу бірдеңе жатыр. Өзінің жаны бардай қозғалып қояды. Қойдың қырқылған жүніне ұқсас. Әрі-бері қызықтап қарағанымызды байқаған ағамыз «иттің бір түрі ғой» деді. Ішек-сілеміз қата күліп, ұзын жүні бетін жапқан әлгі итке қол сермедік. Осылай ерекше күн, ерекші үй жануарларына куә етті.
Айнұр ӘЛИ


07 қазан 2022 ж. 1 541 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031