Альгой Альпісіндегі соңғы мұздықтың тең жартысы еріп кетті
Аустрияның Альгой Альпісіндегі Шварцмильцфернер (Schwarzmilzferner) мұздығы биыл жаз айларындағы аптап ыстықтан кейін мұздық мәртебесінен айырылды. Бірнеше айдың ішінде оның қалыңдығы 4 метрден астам жұқарып, көлемінің жартысына жуығы еріп кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сонымен қатар мұз массасы қозғалысын тоқтатқан.
Бавария ғылым академиясының гляциологі Кристоф Майер бұл мұздықты 26 жылдан бері бақылап келеді. Ғалымның болжамынша, келесі жаздан кейін Шварцмильцфернер толығымен жойылуы мүмкін.
2022 жылдан бері мұздықтың еру қарқыны айтарлықтай үдеген. Қыста қалың қар жауғанымен, жаздағы аптап ыстықтан болған шығынның орнын толтыра алмай отыр.
Ғалымның ескертуінше, 2060–2070 жылдарға қарай Шығыс Альпі аймағындағы мұздықтар түгел жойылуы мүмкін. Қазірдің өзінде өңірде жыл сайын бірнеше шағын мұздық жоғалып барады.
Германиядағы соңғы 4 мұздық та жойылу қаупінде тұр. 2025 жылға қарай екі жылдың ішінде олардың жалпы аумағы төрттен бірінен астамға қысқарған. Мұз көлеміндегі шығын шамамен 1 миллион текше метрге жеткен.
Зерттеушілердің болжауынша, Блауайс пен Вацманн мұздықтары жақын арада мұздық мәртебесінен айырылуы мүмкін. Цугшпитце тауындағы Солтүстік Шнеефернер мұздығы осы онжылдықтың соңына дейін жойылуы ықтимал. Ал ең ұзақ сақталуы мүмкін Хёллентальфернер мұздығына шамамен он жыл уақыт қалған.













