Эйфель мұнарасы жалпыұлттық ереуілге байланысты жабылды
Францияда жалпыұлттық ереуілге байланысты Эйфель мұнарасы жабылды. Бұл туралы мұнараның ресми сайтында жарияланған хабарламада айтылған, деп жазады Egemen.kz.
«Жалпыұлттық ереуілге байланысты бүгін Эйфель мұнарасы жабық. Электронды билеттері бар келушілерден электрондық пошталарын тексеруді сұраймыз», делінген сайттағы хабарламада.
Францияда 5 қараша күні өмір сүру құнының өсуіне қарсы ереуілдер жоспарланған болатын. Бұл акциялар бірнеше аптадан бері жалғасып келе жатқан наразылық шерулерінің жалғасы болуға тиіс еді.
Билік өкілдері наразылық акциялары көлік қозғалысын тоқтатып, сондай-ақ бүкіл ел бойынша муниципалдық қызметтердің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деп қауіптенген.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес 4 қарашада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 70 мың полицей жұмылдырылатынын мәлімдеді.
Қараша айында жұмысшылар кәсіподақтары бүкіл ел бойынша 250-ден астам демонстрация ұйымдастыруды жоспарлап отыр.











