13 жасқа дейін әлеуметтік желіге тыйым салу және 16 жасқа дейін ата-ана бақылауын енгізу: Еуроодақ EU Kids Act заң жобасын таныстырды
Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен EU Kids Act заң жобасын таныстырды. Бастамаға сәйкес, 13 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу, ал 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің аккаунттарын міндетті түрде ата-ана бақылауына беру ұсынылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заң жобасы әлеуметтік желілерді, соның ішінде TikTok, Instagram және Facebook, бейнехостингтерді, атап айтқанда YouTube, онлайн ойындарды және жасанды интеллект негізіндегі серіктес-боттарды қамтиды.
Жаңа ережелер бойынша платформаларға шексіз айналдыру функциясын, пайдаланушының профиліне негізделген алгоритмдік жаңалықтар лентасын, сыйақы беруге негізделген ойын элементтерін және бейтаныс адамдардың пайдаланушылармен рұқсатсыз байланысу мүмкіндігін қолдануға тыйым салынбақ.
18 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін диалогтік жасанды интеллект боттары мен виртуалды серіктестер базалық баптауларда автоматты түрде өшірілуі тиіс.
Сонымен қатар онлайн-сервистер тіркелу кезінде пайдаланушылардың жасын сенімді түрде тексеру құралдарын енгізуге міндеттеледі.
Ережелерді бұзған әлеуметтік желілерге олардың әлем бойынша бір жылдық айналымының 6 пайызына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Еуропалық комиссия ұсынған бастама әзірге заң күшіне енген жоқ. Заң жобасы алдымен Еуроодаққа мүше мемлекеттермен және Еуропалық парламентпен келісуден өтуі тиіс. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана жаңа талаптар заңды күшіне ене алады.
Бүгінде әлеуметтік желі баланың ой-өрісіне, оның бос уақытын тиімді өткізуге кері әсер етіп жатқаны белгілі. Ол баланың психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқы мен білім алуына ықпал ететін факторға айналды. Осы орайда Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қоюға қатысты сауал жолдаған болатын.















