Таиланд визасыз режім мерзімін қысқартты
Қыркүйектің 15-інен бастап Таиланд елімізді қоса алғанда, 93 мемлекеттің азаматтарына елде визасыз болу мерзімін қысқартты. Енді саяхаттап барғандар аталған елде 60 күн емес, 30 күн бола алады.
Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігінің мәліметіне сәйкес, ел азаматтары корольдік аумағында виза рәсімдемей-ақ кірген сәттен бастап 30 күн жүре алады. Бұл Таиланд Министрлер кабинетінің шешімі.
«Бұл ретте әрбір 180 күндік кезең ішінде болудың жиынтық мерзімі 90 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Осыған байланысты Таиландқа сапар жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына көші-қон режіміндегі өзгерістерді ескеру ұсынылады. Елде 30 күннен астам уақыт жүру қажет болған жағдайда, тиісті визаны алдын ала рәсімдеу қажет», делінген Елшілік мәлімдемесінде.
Жалпы, бұл шара заңсыз еңбек көші-қонының алдын алуға, «виза-ран» деп аталатын – шекарадан шығып қайта кіру ережелерінің бұзылуына жол бермеуге бағытталған. Осы жылы Паттайя қаласында өткен халықаралық көрме барысында басқарма өкілдері аталған шешімнің туризмді шектеу үшін емес, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қабылданғанын түсіндірді. Олардың айтуынша, 60 күндік визасыз режім енгізілгеннен кейін елге келіп, заңсыз жұмыс істейтін немесе көші-қон талаптарын бұзатын шетелдіктер саны артқан. Осыған байланысты визасыз болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданған.
Таиланд СІМ өкілдері атап өткендей, халықаралық әуе рейстерімен келетін туристер үшін елге кіру саны бойынша ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен иммиграциялық билік өкілдері визасыз режімді теріс пайдаланған немесе елге туристік емес мақсатпен келген азаматтарды кіргізуден бас тарта алады.
Еліміздің Таиландтағы елшілігі азаматтарға демалыс, қашықтан жұмыс немесе уақытша тұру жоспарын құрғанда көші-қон заңнамасындағы өзгерістерді ескеруді еске салады.
Ал Таиландта ұзақ уақыт тұрып, қашықтан жұмыс істеуді жоспарлайтын азаматтарға арнайы Digital Nomad визасы қарастырылған. Әрбір ел азаматтары осы визаны рәсімдеу арқылы Таиландта заңды түрде ұзақ мерзім бола алады.
egemen.kz















