» » Ұлттық қордың тың бағыты

Ұлттық қордың тың бағыты

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
8 қыркүйекте жарияланған мақалада автор: «Мұнай қоры – болашақ ұрпаққа арналған жинақ. Бірақ экономикалық қиындық кезінде мемлекет сол жинақты бүгінгі проблемаларды шешуге жұмсайды. Сондықтан бұл жерде басты сұрақ туындайды: Ұлттық қорда қанша ақша бар екені ғана емес, мемлекет мұнай байлығын қаншалықты ұзақ уақыт сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізе алады?» деген мәселені сараптайды.
Басылым атап өткендей, еліміз бұл мәселені жіті қарастырған. Табиғи ресурстардан түсетін кірістер елге қомақты қаржылық қор жинауға мүмкіндік береді.
«Қазақстанның Ұлттық қоры шикізаттан түсетін кірістердің бір бөлігін жинақтап, екі негізгі функция атқарады. Біріншісі – жинақтау функциясы, яғни қаражатты болашақ ұрпақ үшін сақтау. Екіншісі – тұрақтандыру функциясы, ол мемлекеттік қаржының әлемдік шикізат бағасының күрт өзгеруіне тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл елге сыртқы экономикалық күйзелістерді еңсеріп қана қоймай, ұзақмерзімді инвестицияларды жоспарлауға мүмкіндік береді», деп жазады басылым.
Мақалада нақты статистика да келтірілген: 2026 жылдың ортасына қарай Қазақстан Ұлттық қорының валюталық активтері 65,5 млрд долларға жеткен. Осы орайда, «EU Reporter» еліміздегі 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына кеңі­нен тоқталады. Айта кетсек, бағдарлама еліміздегі әрбір кә­мелетке толмаған азаматқа жыл сайын Ұлттық қордың инвес­ти­циялық табысының бір бөлігін есептеуге арналған. Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Басылым бұл «қаржылық жинақты нақты мүмкіндікке айналдырудың тікелей жолы» екенін атап өткен.
«2024 жылдың ақпанынан 2026 жыл­дың 1 тамызына дейін 338 мың­нан астам бала жал­пы сомасы шамамен 67,8 млн доллар төлем алған. Бұл ретте кә­мелетке толмаған балалар­дың қаражаты Ұлттық қор актив­тері­нің құрамында қала береді, қаражат 18 жасқа толғанға дейін инвестицияға салынады. Осы­лай­ша, бағдарлама қазір нақты нәтиже көрсетіп отыр», деп атап өтеді «EU Reporter».
Мақалада сондай-ақ автор «ұлттық байлықтың қандай бө­лігін қаржылық актив ретінде сақтау керек, ал қай бөлігін ел ішінде жұмыс істейтін капиталға айналдыру қажет?» деген сұраққа жауап іздейді. Оның мәліметінше, еліміз жақын аралықта Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін жалпыұлттық маңызы бар ірі ин­фрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттауды жос­парлап отыр. Мәселен, 2027 жылы бұл мақсатқа 4 млрд доллардан астам қаражат бөлу жос­парланған, ал 2028–2029 жылдары жыл сайын шамамен 3 млрд доллар бағыттау көзделген. Бұл қаражат әлеуметтік, ком­муналдық, энергетикалық, кө­лік инфрақұрылымының нысан­дарын салып, жаңғыртуға жұм­салады. Автор бұл шешімнің эко­номикалық логикасын түсін­ді­реді. Қаражат ұзақмерзімді ин­вестицияға бағытталған кезде ұлттық байлық жоғалып кетпейді, ол тек бір жоспарлы инвестициядан екіншісіне ауысады.
«Мысалы, күнделікті тұтынуға жұмсалған ақша таусылып қала­ды,­ оның қайтарымы болмайды. Ал мектеп, аурухана, жол неме­се энергетикалық нысан салу­ға жұмсалған қаржы ел экономика­сында қалып, ондаған жыл бойы қызмет етеді. Сондықтан ин­фрақұрылымға салынған ин­вестицияның маңызы зор, ол – мәңгілік», деп түсіндіреді автор.
Басылым инфрақұрылымға салынған инвестициялардың эко­номикалық тұрақтылығын ерекше атап өтеді. Мәселен, инфра­құрылым құрылыс материалдарына, жабдық, көлік, жобалау мен монтаждау қызметтеріне сұра­нысты арттырады. Осы тұста, отан­дық кәсіпорындарға тапсырыс­ артып, ел ішінде қосылған құн қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, бірқатар сала­ға қолдау көрсетіледі. Энерге­тика­лық инфрақұрылым өндіріс орындарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Мақалада денсаулық сақтау мен білім беру салаларына салы­натын инвестицияларға ерек­ше назар аударылады. Зама­науи аурухана, емханалар мен мек­тептер - адам капиталына салын­ған тікелей инвес­тиция. «EU Reporter» медициналық көмектің қол­жетімділігі, халықтың ден­сау­лығы, білім сапасы мен жұмыс­шы­­лар­дың біліктілігі еңбек өнім­ділігіне, экономиканың ұзақмер­зімді әлеуетіне тікелей бай­ланыс­ты екенін атап өтеді. Автор­дың пікірін­ше, әлеуметтік инфра­құры­лым да көлік немесе энерге­тика инфрақұрылымы сияқ­ты ұлттық капиталдың маңыз­ды бөлігі. Оның тиімділігі нақты бір нысан­ның құрылыс мерзімімен шек­тел­мейді. Адамдарға, олар­дың ден­саулығы мен біліміне са­лын­­ған инвестициялар елдің он­да­ған жылға арналған тұрақты эко­­но­ми­калық өсімінің негізін қалыптастырады.
Автор жинақталған капиталды пайдаланудың баламалы құны бар екеніне назар аударады. Алайда инвестицияны да кейін­ге қалдыруға болмайтынын атап өтеді. Мәселен, қазір көлік желі­лері­нің өткізу қабілетінің жеткі­лік­сіздігі, энергетиканың тап­шы­лығы, тозған коммуналдық жүйелер, мектептер мен меди­циналық нысандардың жетіспеу­шілігі секілді мәселелер бюджет­тен көп қаржы талап етеді. Алай­да, жаңғырту кейінге қалды­рыла берсе, шығын азаймайды, керісін­ше, экономика мен халыққа салмақ түседі. Осы орайда, «EU Reporter» инфрақұрылымды дамыту жыл­дамдығының нақты экономика­лық құны бар екенін атап көрсетеді. Егер қажетті нысан он жылдан кейін емес, бүгін іске қосылса, мемлекетке экономикалық, әлеуметтік пайдасын орасан зор болмақ.
«Бұл ретте инфрақұрылымның әлеуметтік, экономикалық әсерін бір-бірінен бөліп қарау қиын. Сенімді коммуналдық желілер мен заманауи әлеуметтік нысандар бір мезгілде халықтың өмір сапасын жақсартып, жеке кәсіп­керліктің дамуына қолайлы орта қалыптастырады», дейді автор.
Сонымен бірге «EU Reporter» Ұлттық қор қаражатын стратегия­лық міндеттерді шешуге пайдалану еліміз үшін жаңа тәжірибе емес екенін еске салады. Экономикаға қор қажет болған кезде Ұлттық қор қосымша ресурс бере алады, бұл өз кезегінде елдің тұрақтылығын қамтамасыз ететін фактордың бірі. Ірі резервтің болуы мемлекетке дағдарыстардың салдарын күтпей, алдын ала әрекет етуге мүмкіндік берді.
Басылым келтірген мәліметке сүйенсек, 2008–2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде Ұлттық қордан қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжы­майтын мүлік нарығын, шағын және орта бизнесті, агроөнер­кәсіп кешенін қолдауға 10 млрд доллар бағытталған. Сондай-ақ 2015–2017 жылдары тағы 9 млрд доллар алынған. Ал 2020–2021 жылдардағы пандемия кезе­ңінде Ұлттық қордан берілген транс­ферттер экономикалық тұрақ­тылықты сақтауға, азаматтарды қолдауға жол ашты. Осылай­ша, жинақталған қаражат қиын ке­зеңдерде экономикалық салдар­дың алдын алуға сеп болды.
«Бүгінде қордың міндеті өзге­ріп келеді. Бұған дейін жинақ­талған қаржы негізінен жаһан­дық дағдарыстардың салдарымен күресуге мүмкіндік беретін «құрал ретінде пайдаланылса, ен­ді капиталдың бір бөлігі экономиканың ұзақмерзімді жос­парына бағытталмақ. Бұл ұлттық байлықты басқарудағы жаңа кезең. Қазақстан стратегиясының нәтижесі Ұлттық қордан қанша қа­ражат алынғанымен емес, олар­дың экономика мен азаматтарға қандай нәтиже бергенімен өлшену­ге тиіс. Егер құны бір доллар болатын қаржылық актив он­даған жыл бойы еңбек өнім­ділігін арттыратын, бизнес шы­ғындарын азайтатын, адам ка­питалының сапасын жақсар­та­тын, сондай-ақ жаңа инвес­ти­цияларға жағдай жасайтын ин­фрақұрылымға айналса, онда ұлт­тық байлықтың құрылымы сапа­лық тұрғыдан өзгереді», дейді автор.
Осылайша, ол «болашақ ұрпақ­қа бүгінгі шешімдердің негіз­гі нәтижесінен сақталған қар­жылық капитал мен ел ішін­де құрылған экономикалық ка­питалдың арақатынасы арқылы анық­талады», деп түйіндейді. 
egemen.kz
10 қыркүйек 2026 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (10534)

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 804
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 091

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930