Ресей әуежайларында қарлы боран салдарынан рейстер жаппай кешігіп жатыр
Ресейдің бірқатар ірі әуежайларында қалың қардың салдарынан әуе қатынасы қиындап, рейстер жаппай кешіктіріліп және тоқтатылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Мәліметтерге сәйкес, Домодедово әуежайында ұшақтардың бірі қар құрсауында қалып, әуеге көтеріле алмаған. Әуежай аумағы қарға толып, арнайы техниканың жұмысы жеткіліксіз болғандықтан, қызметкерлер ұшу-қону жолақтарын қолмен тазалауға мәжбүр болған.
Ал Шереметьево әуежайында рейстердің жаппай кешігуі мен тоқтатылуы тіркелді. Ақпарат бойынша, іркілістер жергілікті уақытпен сағат 20:00-ден кейін басталып, әлі де жалғасып жатыр.
Аэрофлот әуе компаниясының жолаушылары рейстерді қабылдау мен қону барысында қиындықтарға тап болғанын хабарлады. Кейбір жолаушылар ұшақ қонғаннан кейін бірнеше сағат бойы борт ішінде отырған, себебі траптар уақытында жеткізілмей, әуе кемелерінен түсу мүмкін болмаған.
Әуежайларда дауыс зорайтқыш арқылы «стандарттан тыс жағдай» туралы хабарланғанымен, нақты мерзімдер көрсетілмеген. Сонымен қатар багажды беру де ұзаққа созылып, кейбір жолаушылар чемодандарын 5-6 сағат бойы ала алмағаны айтылды. Бұқаралық ақпарат құралдары әуежай қызметкерлерімен болған жанжалдар туралы да хабарлады.
Сонымен бірге Шереметьево әуежайының баспасөз қызметі әуежайдың «қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын» және «жағдай бақылауда екенін» мәлімдеген.
















