Ресей MH17 рейсінің апатына қатысты мәлімдеме жасады
Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing 777 ұшағының 2014 жылы шілдеде Украинаның шығысында апатқа ұшырауына Ресей тарапының еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Ел президенті Владимир Путин халықаралық тексеріс құрамына ресми түрде Ресейді араластырмаса, мұндай кінә арту негізсіз дейді. Айта кету керек, құрамында Австралия, Бельгия, Малайзия, Нидерланд және Украина сарапшылары бар бақылау комиссиясы «жолаушылар авиалайнері Ресей аумағынан әкелінген зениттік-зымырандық кешенмен атылды» деген тұжырым жасады. Мұндай қорытындыға келу үшін мамандар 4 жыл бойы зымыран қалдықтарын түбегейлі тексерістен өткізген.
Фред Вестербеке, МН-17 апатын халықаралық тергеу тобының жетекшісі:
- Апатқа байланысты тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқан комиссия МН-17 рейсіне қарай бағытталған «Бук» зымыраны Ресейден әкелінген деген байламға келді. Ол Курскке қарасты әуе қорғанысының 53-бригадасына тиесілі.
Владимир Путин, Ресей Федерациясы президенті:
- Тұжырымдаманың анық-қанығын түсіну үшін халықаралық тексеріске біздің мемлекеттің мамандары да қатысуы керек. Бірақ қандай жағдай болса да, біз бұл мәселеге барынша мұқият қарап, жасалған сараптаманы толығымен талдаймыз.
Еске сала кетейік, 2014 жылы шілденің 17-сі күні жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 16:20-да Украинаның Донецк облысының шығысында Malaysia Airlines компаниясының Амстердам-Куала-Лумпур, МН-17 рейсі бойынша ұшып бара жатқан Boeing жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған еді. Сол кезде бортта болған 298 адамның барлығы көз жұмды.