» » Сарсаңға салған сілкініс

Сарсаңға салған сілкініс


Дәл қазіргі уақытта халық үрей үстінде. Оған себеп Қазақстан аумағында жер сілкінді. Қаңтардың 23-іне қараған түн жерасты дүмпулері Алматыда қаттырақ сезілді. Түн ішіндегі тосын құбылыстан асып-сасқан жұртпен бірге олардан бірнеше шақырым алыс тұрсақ та, біз де амандығын тіледік. Жер-Ананың бұл мінезі ұйқыға енді бас қойған алматылықтарды аяғынан тік тұрғызып, аспалы шамдарды шайқап, жиһаздарды сақырлатып кинодан ғана көретін көрініс көз алдымызға келді. Көпқабатты үйдің баспалдақтарын асыға басқан тұрғындардың кептеліске ұшырағаны, есік алдындағы тұрақтардың босап қалуы секілді бейнежазбалар беймезгіл уақытқа қарамастан әлеуметтік желіде желдей есті. Бұл дүмпуден соң, бәрі қалпына келген сияқты көрініп, жүрегі шайлыққан тұрғындар үйлеріне оралған-ды. Алайда 26-қаңтарға қарағанда дүмпу тағы сезілді. Үрейленген халық тағы да бір түнді ұйқысыз өткізді. Бұл сілкініс бізге нендей сабақ берді? Жалпы жер сілкінісі жайлы не білеміз? Түйгеніміз көп пе, әлде әлі де түйеріміз мол ма? Нені жетілдіру керек? Зерделеп көрсек.
Жалған ақпаратсыз дүрбелең бола ма?
Жалпы қай кезде нендей жағдай болмасын оқиғаның шынайылығына көз жеткізген абзал. «Жалған ақпараттың жарға соқтыратынын» білсе де, осындай дүрбелең шақта, олар да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай жөнеледі. Бұл жағдай пандемия кезінде де, «Қаңтар оқиғасы» уақытында да жиі қайталанған-ды.
Алматыны әуел бастан қорқытып келе жатқан үрейлі күн бір жағынан бейқам халықты қаладан қашырса, дүрбелеңге бастаған жалған ақпарат тұрғындардың үрейін ұшырды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бірден «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екі бірдей жатақханасы қирап қалыпты», «зілзала 13 балдық күшпен қайталанады» деген сынды теріс ақпараттар онсыз да сандалып қалған жұртты зәрезап қылды. Алматыда тұрмасақ та, желдей ескен жалған сөздердің көптігінен баласын оқуға жіберген ата-ана, ет жақыны сол қалада тұратын ағайынның барлығы туғанын түгендеуге көшті. Біз де ойымызға оралған алматылық туысқандардың нөмірін қалай тергенімізді аңғармай қалдық. Бәрі жақсы екеніне көз жеткен соң ғана көңіліміз орнына түсіп, «Лайым, бәрі жақсы болғай» деген тілек білдірдік. Әлеуметтік желіде «жұртты мұндай ақпаратпен дүрліктірмеңіздерші», «онсыз да бауырларымызбен байланыса алмай жанымызды шүберекке түйіп отырмыз» деген пікірлер де жетерлік. Сондай-ақ Алматыдағы оқиға елдің ресми дерек көздеріне сүйене бермейтінінтағы бір мәрте дәлелдеді. Осы орайда, ең алдымен – Төтенше жағдайлар департаменті, құтқару қызметі, жергілікті атқарушы органға құлақ асу, көршілердің чаттарына емес, өз ісімен айналысатын мамандарға сену, қоғамда төтенше жағдайларға ден қою мәдениетін тәрбиелеу қажет екені аңғарылды.

Бірін-бірі қолдаған да, қанаған да қазақ
Дүмпуден дүрбелеңге түскен Алматылықтар үшін барлық Қазақстан тілекші болды. Тіпті «Өзге облыстың жігіттері, әлдеқандай жағдай болса, Алматыға көмекке баруға дайын отырайық» деген бастамалар да кездесті. Жанашырлыққа жан риза деген осы емес пе?
Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарасақ, аязда көшеге сырт киімсіз шыққандар көп болған. Кейбірі тіпті жалаңаяқ жүр. Ресми дерек бойынша, түнгі бейберекет кезінде кемі сегіз адам жапа шеккен. Оның үшеуі үйдің екінші және үшінші қабатынан секірген. Жалпы алпыстан аса адам медициналық көмекке жүгінген.
Иә, мұндай сәтте адам не істерін білмей абдырап қалады емес пе? Әлеуметтік желіде бір оқырман «Балаларым шырт ұйқыда жатқан еді. Мен ас бөлмесінде болатынмын. 13-қабатта тұратын болғандықтан дүмпу қатты сезілді. Балаларыма қарай жүгіре беріп, дүмпудің әсерінен құлап, қайта тұрдым. Оларды оятып, қолыма үш куртканы іле сала баспалдақпен төменге түсуге ұмтылдық. Бір қуанатыным, екі баланы құшағыма қысқан мені көрген ер адамдар баспалдақтағы кептелістен өткізіп жіберуге тырысып, жол ашты. Өмір мен өлім бетпе-бет келер беймәлім тұста балалы әйелге жол ұсынғаны ерлік дер едім. Жолдасым бұл уақытта жұмыста еді. Есіктің ашық қалғаны, өзіміздің аяқ-киімсіз шыққанымыз ойландырмапты. Сыртқа шықсам, балама деп өзімнің сырт киімімді әкетіппін. Сонымен орап қойдым да, оларды бірінші Аллаға, екінші көршілеріме аманаттап үйіме қайта кірдім. Өйткені балаларымның аязды түнде дірдектеп тұрғанына шыдай алмадым. 13 қабатқа жаяу көтеріліп, қалың киімдерді алып қайта түстім. Сыртқа шықсам көршілерім балаларымды көрпеге орап қойыпты. Осындайда кеңпейіл қазағыма ризамын. Бұл оқиға көпке сабақ болды. Енді мұндай сәттер болмасын деп тілеймін. Мені өзіне ғашық ететін әсем Алматы осылай бір қорқытып алды» деп әсерлі жазба қалдырыпты. Расында ананың батылдығына қайран қаласың? Баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, тәуекелге баратын аналар аман болсын.
Одан бөлек, тағы бір әлеуметтік желіні белсенді қолданушы «Үйімізден қашып шықтық. Дәл қазір баратын жеріміз, Алматыда жер үйде тұратын таныстарымыз да жоқ. Қайда баруға болады?» деген жазбасына, 200-ден астам бейтаныс адам жекесіне шығып, «біздің үйге келіңіздер» деп жауап беріпті. Солардың біріне хабарласып, отбасымен бейтаныс жанның үйін паналайды. Бұл да қазақтың кеңдігін, дархан көңілін, қиындықта қол ұшын созатын қайырымдылығын аңғартады. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Алайда, таяқтың екі ұшы бары рас.
Бірі – халқым деп қиналғандарға қолдау көрсетсе, енді бірі – жүрегін үрей билеп, қаладан қашқан халықты одан сайын тонады. Бұл – көлік жүргізушілердің әрекеті. Қалыпты уақытта 5-10 мың теңге арасында діттеген жеріңе жеткізетін олар дәл осы уақытта бұл бағаны бірнеше есеге бірден көтерді. Жер үйге асыққан жұртшылық амалсыздан олардың сұрағанына көнді. Себебі, дәл сол түнгі жанталаста басқа амалы да жоқ еді. Бізді қинайтыны, бас пайдасын ғана ойлап, құлқынын ғана көздейтіндердің арамызда екені. Дәл сол күнгі пайдасы өмір бойына азық болар ма екен?!
Қуанышымызға орай, Алматы полициясы «балапан басына, тұрымтай тұсына» қашқан түнде тонау, қарақшылық оқиғалар тіркелмегенін растады. Таксилер табыс тапқанымен, ұры-қары қимылдай қоймапты. Бұған да шүкір ететін жағдайға жетіппіз. Алайда қиын сәтте қарапайым халықты қанайтын да, қолдайтын да өзіміз екенін сүт бетіне қалқыған қаймақтай боп анық көрінді.

Жер сілкінісі: көрші елдердегі жағдай қалай?
Жер дүмпуінен көп шығын көрген ел – Қытай. Жер сілкінісінің ошағы болған көршілес мемлекетте 400-ден аса афтершок тіркелген. Қазақстаннан бөлек, Қырғызстанды, Қытай мен Өзбекстан аумағын қамтыған дүмпуден зардап шеккендердің нақты саны әлі белгісіз.
Сол түні дүмпу қуаты қатты болғандардың бірі – қырғыз елі. Ыстық көлге қарайтын Жеті өгіз ауданының аумағында жер сілкінісі 6 балға дейін жетіпті. Қаракөл, Қаджысаяда 4,5, Нарында 4 балл сезілген. Елдің ресми органдары зардап шеккендер жоқ дейді. Төтенше жағдайлар министрі «бірақ қауіп сейілді деп, арқаны кеңге салмаңыздар. Қай сәтте де қауіпсіздік сақтау қажет» деді. Қытай-қырғыз шекарасы эпицентр деп танылған сілкініс Өзбекстанға да жетіпті. Ташкент тұрғындары мұндағы дүмпуді шамамен 15 минуттан соң сезген. Жергілікті ақпарат агенттіктері Әндіжан, Ферғана мен Наманган облыстарында 3-4 балл байқалғанын айтты. Тербеліс аса сезілмегенімен, бірнеше рет афтершок болған.
Ал Қытайда ресми ақпар бойынша 7 балдық дүмпу болған. Шыңжаң-Ұйғыр автономиясына қарасты аумақта 120-дан аса ғимаратқа зақым келіп, оның 47-сі мүлдем қираған. Жылыжайлар қайта жөндеуді қажет етеді. Қазір жалпы жағдай тұрақты. Ал елдегі сейсмологтар эпицентрге қатысты қандай да бір болжам жасауға әлі ерте екенін айтады.

Зілзаланы болжау қиын
Бірнеше рет жойқын жер сілкінісін бастан өткізген елімізде осы саланы зерттеу 1920 жылдардан бастап қолға алынған. Өткен ғасырда түрлі зобалаңды басынан өткізген елімізде 1976 жылы ғана ғылыми-зерттеу институтын құруға мүмкіндік туған. Содан бері ғалымдар барынша алдыңғы қатарлы елдердің әдістерін өз жеріміздің ерекшеліктеріне қарай бейімдеп қолданып келді. Дегенмен жер сілкінісін нақты болжауға қолбайлау көп екені жиі айтылады.
Ғалымдар 1995 жылдан бастап жер шары ғаламдық сейсмикалық белсенділіктің кезекті деңгейіне енгенін айтады. Оған 1995 және 2011-жылдары Жапонияда, 1999 жылы Түркияда, 2002 жылы Ауғанстанда, 2003 жылы Иранда, 2003 және 2008 жылдары Қытайда, 2004 және 2009 жылдары Индонезияда, былтыр ғана түркияда орын алған болған жер сілкіністері дәлел.
Өкінішке қарай, бұл – адамзатқа ортақ үлкен мәселе. Әйтсе де, апат болатын сәтті анықтауға дамыған елдер де дәрменсіз болып отыр. Қазақта «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз бар. Сол себепті қауіпсіздік жайын әрбір алматылық өзі де үнемі жадынан шығармауы тиіс. Мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында, тіпті көпшілік жұмыс істейтін мекемелер мен кәсіпорындарда арагідік болса да, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қоюдың артықтығы жоқ. Мәселен, үйде, ғимаратта ең қауіпсіз жерлер негізгі құрылымдық қабырғалар мен есік жақтаулары екені айтылады. Дегенмен кейінгі жылдары ғимараттар мен үйлердің бастапқы жобасын өзгерту белең алғаны рас. Бұл апат бола қалған жағдайда қауіпті ұлғайтады. Бір кездері шаһардағы ең биік ғимарат Алматының брендіне айналған 25 қабаттық «Қазақстан» қонақүйі болатын. Қазір одан да биік ғимараттар кездеседі. Оның бәрі қалыпты норманы сақтап салынды ма, жоқ па – мәселе сонда.

Жапониядағы жай қалай?
Тарихқа үңілсек, Жапония зілзала көп орын алатын аймақ.Бәрі 1923 жылы Канто жер сілкінісінен басталды. Магнитудасы 7,9 зілзала Токио мен Йокогаманың бір бөлігін жойып жіберген. 140 мыңнан аса адам қаза тапқан. Сол кезде кірпіштен салынған ғимараттардың басым бөлігі қираған еді. Осыдан соң жапондар биік ғимараттарды темір мен бетоннан тұрғызады. Ағаш үйлерді қалың бөренеден салады. Зәулім ғимараттардың астына қозғалмалы іргетас қалайды. Яғни, жер сілкінгенде билік үйлердің іргетасы да тербеліп, зілзалаға төтеп береді.
Ал биіктігі 634 метрлік Tokyo Skytree (Токио скайтри) ғимаратының ортасына қозғалмалы діңгек орнатылған. Жер сілкінгенде ортасындағы темір де қозғалып, мұнараны құлаудан сақтайды. 995 жылы Кобеде магнитудасы 6,9 жер сілкінісінен 6400 адам қаза тапты. Бұл апаттан да Жапония сабақ алып, құрылыс стандарттары мен сақтықты күшейте түсті. Жапонияда магнитудасы 9-ға жеткен жер сілкінісі болды. Бұл 1923 жылғы зілзаладан да күшті еді. Токиодағы теңселген зәулім ғимараттар көрген адамды үрейлендірген. Бірақ 1923 жылмен салыстырғанда Токиода көп ғимарат құламады. 2011 жылы 19 мың адамның көбі жер сілкінісінен емес цунамиден қаза тапты.
Кейін бұл ел цунами мен дауылды ерте ескертетін жүйе жасап шықты. Қандай да бір цунами қаупі төнсе, жұртқа ертерек хабарлайды. Бұған қоса, жыл сайын зілзаладан сақтану үшін халық арасында жаттығулар болады.
Ал 1 қаңтарда Исикавадағы зілзаладан 70-тен аса адам қаза тапты. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін еді, бірақ бұл жолы 7 балдық зілзаладан мыңдаған адам аман қалды. Сарапшылар цунами қаупінің алдын ала ескертілгені, халықтың сақтыққа баса назар аударғаны, биліктің осыған дейінгі апаттардан сабақ алғаны шешуші рөл атқарды дейді. Мүмкін біздің елде де оқиғадан сабақ алып, қауіптің алдын алған жөн болар.

Түйін.
Қалай десек те, Алматы жер сілкініс белдеуі аймағына жатады. Ол ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Мұны бірі – Жаратқанның бізге жіберген ескертуі десе, енді бірі – табиғи апат, келесі бір топ – қалыпты жағдай ретінде қабылдады. Ел басына күн туғанда бізге атақ та, дүние де, басқа да қажет екенін түсіндік. Енді қоғам болып ойланып, құрылысты ойда жоқта келетін апатқа қауқарлы етіп, қауіпсіз күн кешу үшін нақты шешімдер қажет-ақ. Осылайша, сейсмикалық қауіпті аймақтағы Алматыны Алматы болғалы бері қорқытып келе жатқан, екінің бірін сәуегейге айналдырған жер сілкінісі тағы бір сабақ беріп кетті. Жер сілкінді, ал санамыз ше?

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
28 қаңтар 2024 ж. 556 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031