Мәскеуде Қаңтар оқиғасы туралы деректі фильм көрсетілді
Мәскеуде Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильонында «Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті» деректі фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері, Мәскеудегі қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
«2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар Қазақстанның жаңа тарихының шежіресінде айрықша орын алды. Олардың саяси процес векторы мен динамикасына әсер ету ауқымын асыра бағалау қиын. Қаңтар еліміздегі өзгерістердің катализаторы болды. Сондықтан сол күндердегі оқиғаларды объективті, бейтарап және біржақтылықтан ада түсіну үлкен маңызға ие», – деді Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев фильм таныстырылымында.
Елші бұл фильмді Ресейде, сарапшылар мен жалпы жұртшылығы осы тақырыпқа қызығушылық танытатын елде көрсету маңызды екенін атап өтті.
Жазушы, «Көркем әдебиет» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин фильмде және тұтастай алғанда Қазақстан басшылығының шешімдерінде адалдық пен ашықтықты көргенін айтты.
«Маған бәрінен бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқымен қарым-қатынасындағы шыншылдығы ұнады. Қазір мұның жаңа генерация және қарапайым адамға деген жаңа қарым-қатынас екені белгілі», – деп атап өтті жазушы.
Оның айтуынша, республика басшылығының бүгінгі саясаты өз халқына қызмет етуге бағытталған.
«Бұл фильмде маған рақымшылық туралы эпизод ұнады. Мұндай әрекетті тек күшті адам және халықтың үлкен қолдауын сезінетін басшы ғана жасай алады», – деп түйіндеді Георгий Пряхин.
«Жоғары экономика мектебі» ҒЗУ азаматтық қоғамды зерттеу орталығының бас сарапшысы Вячеслав Ивановтың айтуынша, фильм сол оқиғаларды жариялаудағы маңызды кезең болып саналады.
«Режиссерлер барынша тырысқан, олар оқиғалар хронологиясын тура, айқын түрде көрсетті. Бұл бізді сол оқиғаларға апаратын нағыз деректі фильм. Онда аналитикалық ақпарат бар және осы қайғылы оқиғаның қайдан басталғанын баяндады, фильм болып жатқан процестердің эволюциясын және олардың салдарын көрсетеді», — деді сарапшы.
Сарапшы Қазақстан халқы бастан кешкен бұл оқиғалар Ресей үшін де ауыр болғанын жеткізді.
«Бұл фильмді көргенде ел басшылығы мен ҰҚШҰ бойынша әріптес елдердің нақты реакциясы болмағанда, Қазақстан Республикасының қандай сын-қатер алдында тұрғанын және қайғылы жағдайдың ауқымы қандай болуы мүмкін екенін түсінуге болады», — деді РҒА әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты директорының міндетін атқарушы Сергей Афонцев.
С. Афонцевтің айтуынша, фильмде биліктің нақты аймақтардағы экономикалық талаптарды шешуге деген талпынысында адамдарға не қажет екеніне назар аударылды және толыққанды сындарлы болғаны айқын көрсетілген.
«Бірақ одан кейін адамдардың мүддесі қызықтырмайтын, өз мүдделері мен қожайындарының сұраныстарына өзгерістер енгізуді қалайтын күштер кірісті. Мен Қазақстан басшылығы мен ҰҚШҰ елдері басшылығының күш-жігері арқылы осы жағдайдың өршуіне жол бермегенімізге қуаныштымын», – деді ол.