Rolls-Royce жол талғамайтын жаңа автокөлік шығарды
Жеңіл көлік түрлерінің арасында әлемге танымал брендке айналған Rolls-Royce компаниясы Cullinan атты жол талғамайтын теміртұлпарды жасап жатқандарын мәлімдеді. Автокөлік осы жылдың соңғы айларында сатылымға шығады деп жоспарланған. Көліктің қаңқасы аллюминий металынан әзірленген. 563 аттың күші бар бұл автокөліктің 6,75 литрлік V12 қозғалтқышы аса қуатты. Ашық күре жолда көлік құйындай ұшады. Дәлірек айтсақ, сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйіткуге қауқарлы. Көлікті құрастырған мамандардың айтуынша, жол талғамайтын көліктің атаулы түрін сынақтан өткізу үшін инженерлер түрлі климаттық зонада автокөлікті сынаған. Шотландия, АҚШ, тіпті Альпі таулары мен БАӘ-нің құмды аймақтарында тексерістен өткен. "Cullinan көлікке құмар жандардың көңілінен толықтай шығады" - деп отыр компания өкілдері. Rolls-Royce өніміне екінің бірі қол жеткізе алмауы оның бағасының тым қымбаттығымен байланысты. Cullina-ның құны $350 мың болмақ. Қазіргі бағаммен теңгеге айналдырар болсақ, 114 миллион 450 мың теңге. Онымен қоса, бұл көліктің тек алғашқы бағасы. Егер сатып алушы өзінің қалауы бойынша қосымша элементтер қостырар болса, мысалы жүк салғышқа қосымша орындықтар орнату мүмкіндігін пайдалану, онда көліктің жалпы бағасы $500 мыңға дейін бармақ.