» » Қарулы қақтығыс күшейді

Қарулы қақтығыс күшейді

Бейбіт заманда тәуелсіз тірлік кешкенге не жетсін? Соғыс дегенде түрпідей жиырылатын біз орын алып жатқан оқиғаны көріп алаңдаулы күй кештік. Қош. Соғыс қалай басталып еді? Киев пен батыс мемлекеттері Украина шекарасында Ресей тарапынан көрсетілетін "агрессияға" қатысты алаңдап отыр. Ал Ресей тарапы болса мұндай мәлімдемелерді бірнеше рет теріске шығарған және ешкімге қауіп төніп тұрмағанын, ешкімге шабуыл жасалмайтынын мәлімдеді. «РИА Новостидің» мәліметінше, Ресей "агрессиясы" туралы мәлімдемелер НАТО-ның әскери техникасын ресейлік шекарада орналастыру үшін шыққан қаңқу әңгімелер.
16 қаңтарда РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік әскердің шекарада орналасуын түсіндірді.
"Ресейлік әскерлер Украинамен шекарадағы РФ аймағында орналасты, себебі олар НАТО жойғыш құралдары мен тыңшылық ұшақтары жасап отырған қиын жағдайда сол жерде болғаны дұрыс деп санаймыз" деді Пес­ков CNN-ге берген сұхбатында.
Ол Ресей "қауіпсіздік шарасын қолдануға мәжбүр" екенін атап өтті. Сондықтан да елдің әскерилері аймақта орналасқан.
НАТО өз кезегінде Украинада әскерін орналастырмайды. Мұндай мәлімдемені ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг айтты.
"НАТО Украинада әскери бөлімдерді орналастырмайды" деді бас хатшы CNN-ге берген сұхбатында.
Одан бөлек, ұйымға мүше ел Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қатысты жағдайға пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, ұйымға мүше елдердің бірде-бірі Украинаға әскер жібермейді.
Украина Ресей Федерациясымен және ЕҚЫҰ-ның Вена құжатына қатысушы барлық мемлекеттермен Украина шекарасында ресейлік әскерлерді нығайту және жылжыту мәселелерін талқылау үшін жиналыс өткізеді. Бұл туралы Twitter-де сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей Украинаның Вена құжатындағы сұранысына жауап бермеген. Сондықтан 48 сағат ішінде Ресей Федерациясымен және барлық қатысушы мемлекетпен жиналыс өткізеді деп жоспарланған.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский халыққа видео үндеу жасады. Оның айтуынша, үлкен соғыс болады деп қорқытқандар бар және әскери басып алу күні де белгілі болған. Зеленскийдің сөзінше, 16 ақпанда шабуыл болатыны айтылған. Бірақ бұл күні елде бірлік күні болғандықтан мемлекеттік ту ілініп, көк және сары ленталар тағылыпты. Президент билік қауіпсіздік жағдайын бақылап отырғанына, ал Украина әскері шабуылға табандылықпен тойтарыс беруге заманауи қару-жараққа ие екеніне сендірді. Елдегі жағдайға байланысты украиналық олигархтар мен кәсіпкерлер чартерлік рейстермен елден ұшып жатқаны белгілі болды. Жексенбінің өзінде Киевтен 20-ға жуық чартерлік және жеке ұшақ шыққан. "Украинская правда" басылымының мәліметінше, 6 жыл ішінде мұндай көлемде чартерлер ұшпаған.

Зеленский елден кеткен Жоғарғы Рада депутаттары мен олигархтарды бір күн ішінде елге оралуға шақырды.
Украинадағы жағдайға байланыс­ты қазақстандық әуе компаниялары бағытын өзгертті. Геосаяси шиеленістің Қазақстанға әсері туралы сарапшылар айтып берді. Еуроодақ ескертуді қойып нақты іске көше бастады. Путиннің Донецк пен Луганск тәуелсіздігін мо­йындауы Еуроодақ елдері сыртқы істер министрлерінің Парижде шұғыл жиналуына түрткі болды. Жиын қорытындысы бойынша, сепаратистік аймақты мойындап дауыс берді деген Думаның 351 депутатына жеке санкция салынды. Бұл тізімге Ресейдің бірнеше банкі мен Украинадағы жағдайды шиенелістірді деген тағы 27 адам ілікті. Арасында Путиннің досы саналатын Тимченко мен Ротенбергтер бар. Дегенмен Еуроодақ Ресей президентінің жеке басына қарсы шара қолдануға әзір асықпайды.
“Біз Украинаның аумақтық тұтас­тығына және тәуелсіздігіне қауіп төндіріп қол сұққан 27 жеке және заңды тұлғаға қарсы шаралар енгіземіз. Олар Ресейдің қорғаныс, банк және қаржы салаларының өкілдері. Ресейді келіссөзге итермелеу үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ-ы арқылы әрекет етуді жалғастыра береміз” дейді Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі Жозеп Боррель.
Ал Канада премьер министрі Джас­тин Трюдо Украина базаларына әуе қаруының екінші партиясын жөнелтті. Артынша Донецк және Луганскімен кез келген қаржылай операция жүргізуге, Ресейдің бағалы қағаздарын сатып алуға тыйым салды. Антиресейлік санкциялардың әзірге Ресеймен көрші елдерге қандай кесірі тиерін басып айту қиын. Қазақстандық сарапшылар байбалам салудың әзірге қажеті жоғын, экономикалық тұрғыда қауіп жоғары емес екенін алға тартады.
“Еуропаның экономикасы негізінен Ресейдің шикізатына аса тәуелді. Әсіресе көмірсутегін солардан алдырады. Сондықтан мұндай санкцияларды көбейту өздеріне тиімсіз. Рубльға қатысты айтар болсақ, қазіргі бағамынан әрі құлдырай қоймайды. Айналып келгенде кешелі дүрбелеңге салып жатқан жағдай жақын арада тұрақтайды деп есептеймін. Сондықтан бірнеше аптадан кейін валюта бағамы өзінің қалыпты жағдайына түседі” дейді экономист Арман Бейсембаев.
Ресей президенті Владимир Путин өзін-өзі жариялаған Донбасс республикаларының егемендігін тану аясында Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін бірқатар шарттар қойды.
"Ең алдымен Севастополь мен Қырымда тұратын халықтың еркін мо­йындау керек. Мұның Косоводағы оқиғадан қандай айырмашылығы бар? Косовода шешімді парламент қабылдады, ал мұнда жалпыхалықтық референдум қабылдады. Ешкім халықтың басына мылтық кезеп, сайлауға апара алмайтынын атап өткім келеді. Олар өз еркімен келуі керек. Және олар Ресеймен қайта қосылу туралы шешім қабылдады. Демократияның ең жоғарғы түрі – референдум" деді Путин баспасөз мәслихатында.
Ол Украинаның НАТО-ға қосылуына қарсы екенін мәлімдеді.
"Екіншіден, біз Украинаның НАТО-ға қабылдануына үзілді-кесілді қарсымыз, өйткені бұл бізге қауіп төндіреді. Үшіншіден, Донбасс мәселесін бейбіт келіссөздер және Минск келісімдерін орындау арқылы шешу қажет. Ең маңыздысы – бүгінгі Украинаны демилитаризациялау, өйткені бұл жалғыз бақыланатын фактор” деп атап өтті Путин.
Оның айтуынша, Ресей шенеуніктері мен дипломаттары бұл талаптарды АҚШ, Еуроодақ басшылары және НАТО-ға мүше елдермен келіссөздер барысында айтқан.
Украина президенті Владимир Зеленский 24 ақпанға қараған түні орыс тілінде ресейліктерге арналған бей­неүндеу жолдады. Зеленский Украина халқы бейбітшілікті қалайтынын айтып, ресейліктерді татулыққа шақырды. Президенттің толық үндеуін "Украинская правда" басылымы жариялаған.
"Бүгін Ресей Федерациясының президентімен телефон арқылы сөйлеспек болдым. Нәтиже – тыныштық. Алайда тыныштық Донбасста болу керек. Сондықтан мен барлық Ресей тұрғындарына үндеу жолдағым келеді. Президент ретінде емес, ресейліктерге Украина азаматы ретінде айтамын. Сіз бен бізді жалпы ұзындығы 2 000 шақырымнан асатын ортақ шекара бөліп жатыр. Қазір мұнда сіздердің әскерлеріңіз, шамамен 200 мың сарбаз бен мыңдаған әскери машина тұр. Басшылықтарыңыз басқа елдің аумағына қарай қадам жасауға рұқсат берді. Бұл Еуропа құрлығында үлкен соғысқа алып келуі мүмкін" деді Зеленский өз үндеуінде.
Украина президенті соғыстың бас­талуына кез келген нәрсе себеп бола алатынын мәлімдеді. Кез келген арандатушылық, кез келген жалын барлығын өртеп жіберуі мүмкін екенін жеткізді. Зеленский Украина халқының тек бейбітшілікті қалайтынын мәлімдеді. Ал ел билігі соғыстың алдын алу үшін барлығын жасап жатқанын қосып өтті.
Украина астанасы Киев пен Харьков қалалары маңында жарылыстардың даусы естілді. Бұл туралы CNN арнасы хабарлады. Арна тілшілерінің мәліметінше, “жарылыстардың үздіксіз легі” естілген.
24 ақпан бейсенбі күні таңертеңгі уақытта сағат 5:00-ден кейін Украинаның бірнеше қаласында, соның ішінде Киевте де жарылыс даусы естілді. Краматорскіде төрт жарылыс, Одесса, Харьков, Бердянскіде күшті жарылыс, Донбасста лаңкестердің күшті атқылауының басталуы туралы хабарланды.
Жарылыстардың даусы ел астанасында да естілген, дауыстар тіпті Позняков пен Троещина тұрғындарының құлағына келген.
Мұнайдың бағасы Ресей президенті Владимир Путиннің Донбасста әскери операцияны бастайтын шешімі туралы жаңалықтан кейін қымбаттай бастады. Әскери әрекеттің басталғандығы туралы ол 24 ақпанға қараған түні хабарлаған. Ол сондай-ақ украиндық әскерилерді қаруларын тастауға шақырған.
Осыдан кейін Украинаның әртүрлі қалаларынан, соның ішінде Киев пен Харьковта жүрген БАҚ өкілдері жарылыстар туралы хабарлай бастады. Бұл уақытта Киев маңындағы Борисполь әуежайы маңында жарылыс болғаны да айтылды.
Украина президенті Владимир Зеленский елдің барлық аумағында соғыс жағдайы енгізілгенін мәлімдеді.
"Біз Украина аумағында соғыс жағдайын енгіземіз" деді Зеленский халқына жолдаған бейнеүндеуінде.
Украина президенті ресейлік әскерилердің бірнеше нысандарға соққы жасағанын қосып өтті. Сонымен қатар тұрғындардан сабыр сақтап, үйде қалуды сұрады.
Бейсенбі 24 ақпан күні сағат таңғы 05:00 шамасында Украинаның Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен жақын аудандағы мемлекеттік шекарасына ресейлік әскерилердің шабуылына Беларусь әскерлері қолдау көрсеткен. Мәліметке сүйенсек, шекара бөлімшелеріне, шекаралық техника мен бақылау бекеттеріне шабуыл артиллерия, ауыр техника және атыс қаруын қолдану арқылы жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, Украина әскерінен 40-тан аса, ал қарапайым тұрғындардан 10 адамның көз жұмғаны хабарланды.
ҚР Президенті мен Премьер министрдің кездесуінде Украинадағы қазіргі болып жатқан жағдай мен оның елімізге әлеуметтік экономикалық кері әсерін азайту үшін ұлттық банкпен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы соңғы оқиғаларға байланысты экономиканы дамытудың дағ­дарысқа қарсы жоспарының негізгі тармақтарымен танысты.
Әлихан Смайлов мемлекет басшысына қаңтар оқиғасы салдарынан шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу мен зардап шеккен мемлекеттік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар теміржол трассалары бар табиғи монополия субъектілері үшін тарифтердің төмендейтіні және өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту қолға алынатыны туралы мәлімдеді.
Қазақстанның Украинадағы елшілігі сол елдегі қазақстандықтарға үндеу жолдады.
"Құрметті Қазақстан Республи­касының азаматтары! Әскери қауіпке байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына жергілікті атқарушы органдардың нұсқауларын қатаң түрде орындауды, оның ішінде жақын маңдағы паналау орнына (бомба баспанасы, жерасты өткелі, жертөле, жерасты тұрағы, жерасты тоннель және т.б.) дереу жетуді ұсынамыз. Қауіпті сәтте сіз тұрғын үй-жайда қалсаңыз, жарықтандыруды толығымен өшіріп, терезелерге жақын­дамаңыз және ең қауіпсіз орында болыңыз. Ауыз су мен азық-түлікті алдын ала жинақтауға тырысыңыз" делінген хабарламада.
25 ақпанда таң атпастан Украина астанасы Киевте бірнеше жарылыс болды. Бұл жөнінде УНИАН агенттігі хабарлады. Украина ішкі істер министрлігі де ақпаратты растаған. "Киевті қанатты немесе баллистикалық зымыранмен ат­қылап жатыр" деп хабарлады ішкі істер министрлігінің кеңесшісі Антон Геращенко.
Агенттік бұған қоса, Киевтің Троещина ауданында шамамен алты жарылыс болғанын хабарлады.
Украина ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, әуе соққысына қарсы жүйе қалаға бағытталған дрондардың бірін атып түсірген, ол Киевтің оңтүстік-шығысындағы аумаққа құлаған. Ресейлік дрон құлағаннан кейін Киевте 9 қабатты тұрғын үй өртенген. Бұған дейін Украина билігі Ресей әскері Киевті 25 ақпан таң атпай атқылайды деп болжаған. Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович 25 ақпан "ең қорқынышты күн" деп мәлімдеген.
Украина президенті Владимир Зеленский 25 ақпанға қараған түні халыққа кезекті видеомәлімдемесін жасап, Ресей шабуылының алғашқы күні болған оқиғаларды қорытындылады. Оның айтуынша, Украина Қарулы күштері қарсылас тарапқа тойтарыс берген.
Алдын ала мәлімет бойынша, 137 украин азаматы қаза болған. 300 адам жараланған. Әскери қызметкерлерден бөлек, бейбіт азаматтар да опат болған. Зеленскийдің айтуынша, Қара теңізде Змеиный аралын қорғаған шекарашылардың барлығы мерт болған. Президент сонымен бірге Украина Ресеймен "жалғыз өзі" соғысуға мәжбүр болғанын айтып, ешкімнен көмек болмағанын меңзеді. Зеленский сонымен бірге "қарсылас тарап өзін бірінші нысана ретінде көздесе де" Киевте қала беретінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Киевте ресейшіл диверсиялық топтар бар, сол себепті коменданттық сағат ережелерін сақтау керек. Сонымен қатар Зеленский жаппай мобилизация жасау туралы жарлыққа қол қойған. Ол 18 бен 60 жастағы ерлерге елден кетуге ты­йым салды.
Айта кеткен жөн, қарулы қақтығыс жайындағы ақпараттар сағат, тіпті минут сайын хабарлануда.

Дайындаған Айнұр ӘЛИ

26 ақпан 2022 ж. 856 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031