» » НАТО-да жаңа жау пайда болды ма?

НАТО-да жаңа жау пайда болды ма?

Сәрсенбі күні Лондонда НАТО-ның 70-жылдығына арналған мерейтойлық саммит аяқталды. Бұл одақ бір кездері Мәскеуге қарсы трансатлантикалық альянс ретінде құрылғаны белгілі. Бүгінде ол әскери айбыны күн санап артып келе жатқан Қытайға да назар аударып отыр. НАТО-ға 29 ел мүше. Оның өз ішіндегі алауыздық Қытайдан төнген қауіпті еңсеруге мүмкіндік бере ме?


Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ. Лондонның шетінде өткен кездесуден кейін таратылған мәлімдемеге қарағанда, «НАТО Қытайдың өсіп келе жатқан ықпалы мен халықаралық саясатының бір жағынан мүмкіндіктерге жол ашатынын, екіншіден, күш жұмылдырып жауап беретін қауіп екенін мойындайды». Бұл жерде Құрама Штаттар Қытайға деген назардың артуы жолында жетекші рөл ойнап отыр. Сонымен қатар, Вашингтон Еуропаның басым бөлігінде Қытайдың экономикалық тетіктерінің көбейіп келе жатқанына алаңдаушылықтың күшейгеніне күмән келтіріп отырған жоқ. Биылғы жылдың басында Еуропа одағының атқарушы органы – Еуропа комиссиясы Қытайды «жүйелі бәсекелес» деп сипаттап, талай жылдан бері Қытай инвестициясын кедергісіз қабылдаған еуропалықтарды бекем болуға шақырды.  АҚШ Қорғаныс министрі Марк Эспер «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында мәлімдегендей, Еуропада Қытайдың әскери қуатының артуына байланысты проблеманы түсіну аясы кеңейді. «Қытай біз үшін стратегиялық қауіп. Мұның алдын алуға тиіспіз. Әрине, Қытайды дәл қазір жау деп айта алмаймыз. Дегенмен бәріне дайын болуымыз керек», – дейді Пентагон басшысы. Саммит қарсаңында НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеме жасап, Қытайды қорғаныс бюджетінің көлемі жағынан әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұрған мемлекет деп атады. «Мәселе НАТО-ның Оңтүстік-Қытай теңізі жаққа жылжуы жайында емес. Проблема Қытайдың бізге жақындай түсуінде», – деді Столтенберг Бейжіңнің Арктикадағы, Африкадағы белсендігі мен Еуропаның инфрақұрылымдық жобаларына салған инвестицияларын еске сала отырып. АҚШ еуропалық одақтастары Қытайдың Huawei компаниясының телекоммуникациялық жабдықтарына тыйым салғанын қалайды. Өйткені Вашингтонның ойынша, бұл байланыс құралдарын Бейжің шпиондыққа қолдануы мүмкін. Мұндай айыптарды үнемі жоққа шығаратын Huawei биыл қазанда мәлімдеме таратып,  5G ұялы телефон желілерін салу туралы 65 коммерциялық келісімнің жартысын еуропалық клиенттерімен жасағанын жариялады. НАТО лидерлерінің сөзінше, олар өз елдері қауіпсіз 5G байланыс жүйесімен қамтамасыз етілуге тиіс деген ұйғарымға келген. Бірақ ортақ коммюникеде Huawei жайында ештеңе айтылмады. Алқалы жиыннан кейінгі баспасөз маслихатында АҚШ президенті Дональд Трамп Huawei-ді «қауіп» деп атап, Италия мен өзге елдердің бұл компаниямен ешқандай пәтуа жасамауға сөз бергенін жеткізді. Қытай келесі қарсылас па?
НАТО-ның кейбір дипломаттарының айтуынша, одақ шеңберінде Қытайды «НАТО-ның стратегиялық ортасының бір бөлігі» деп қарастыратындар көп. Алайда еуропалықтар бұл мәселеде бірлік танытпай отыр. «Кейбір одақтастар Трампқа жағу үшін Қытайды НАТО-ның келесі қарсыласы деп көрсеткісі келеді. Бірақ еуропалықтардың көбі мұндай позицияны ұлттық мүддеге қайшы көреді», – дейді «Рейтерге» берген сұхбатында атын атаудан бас тартқан «натолық» бір дипломат. Өзге бір дипломат Қытайдың НАТО-ға қарсылас еместігін ескертті. «Қытай Ресей емес. Оны жаңа жау деп жариялайын деп отырған жоқпыз. Қытай – 21-ші ғасырдың күшейіп келетін жатқан мемлекеті», – дейді ол. Обама әкімшілігі тұсында Пентагонда жоғары лауазымды қызмет атқарған Дерек Чоллеттің ойынша, еуропалық шенеуніктер АҚШ-тың көзқарасымен Қытайды стратегиялық қауіп деп қарастырып отыр және Қытай НАТО-ның басты назарында тұруы керек деген ұстанымға оның күмәні бар. «Бұл жерде мүмкіндіктердің бары рас. Алайда Солтүстікатлантикалық альянс Қытайды негізгі мақсат деп есептейді дегенге сену қиын», – дейді бүгінде Германиядағы Маршалл қорында жұмыс істейтін Чоллет.
НАТО-ның Қытайға қатысты жоспары жеті базалық талапқа негізделген. Альянс елдері соларға қарап өздеріне төнген қауіпті бағамдауға тиіс. Бұл талаптарға Қытай телекоммуникацияны иеленген жағдайда байланысты қалпына келтіру жұмыстары кіреді. Сонымен қатар, альянс жоспарында НАТО стратегиялық қару мен инфрақұрылымдарды иеленуі керек деген талап та көрсетілген. Ресей - әлі де қауіп Саммит соңында 29 лидер қабылдаған ортақ декларацияда «Ресейдің агрессивтік әрекеттері Еуроатлантикалық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деп жазылған.
Сондай-ақ НАТО Польша мен Балтық елдерін РФ-дан қорғау туралы жаңартылған жоспарды бекітуге келісті. Дегенмен Столтенбергтің сөзінше, НАТО даулы мәселелер бойынша Мәскеумен конструктивті диалог жүргізуге әзір.  Жиын барысында НАТО-ның 1952 жылдан бергі мүшесі - Түркия Ресейден С-400 зымыран жүйесін сатып алғаны үшін үлкен сынға ұшырады. Столтенберг ескерткендей, Солтүстікатлантикалық одақ бұл қаруды өзінің қорғаныс аппаратына ешқашан қоспайды.
Арыс Әділбекұлы


05 желтоқсан 2019 ж. 1 094 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031