Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал қандай?
АҚШ-та Өкілдер палатасы Джо Байденнің әкімшілігі ұсынған дағдарысқа қарсы шаралар пакетін қолдады, Франция мен Жаңа Зеландияда коронавирус жағдайларының артуына байланысты локдаун енгізілуде, Чехия шектеу шараларын кеңейтіп жатыр. Коронавирусқа қатысты осы және өзге де жаңалықтар жөнінде Қазақпарат хабарлайды.
Джонс Хопкинс университеті сайтындағы 28 ақпан сағат 11.22-дегі мәліметке сәйкес, әлем бойынша коронавирус барлығы 113 млн 784 мың 735 адамнан анықталды. Оның ішінде қайтыс болды – 2 млн 525 мың 401 науқас.
Өкілдер палатасы Байденнің дағдарысқа қарсы шараларын қолдады
АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Джо Байден әкімшілігі әзірлеген дағдарысқа қарсы іс-шаралар пакетін мақұлдады. Ақүй бұл шаралар пандемия жағдайында экономиканың жандануына септігін тигізетініне үміт артуда.
Жобаны Джо Байден қаңтар айында ұсынған болатын. Оның ішінде сондай-ақ Америка азаматтарына 1,4 мың доллардан төлем жасау көзделген. Бұдан бөлек, Байден коронавирус инфекциясын анықтау тестінен өту үшін 50 млрд доллар қаржы бөлуді ұсынды, тағы 20 млрд доллар вакциналау бағдарламасына жұмсау жоспарланған. Көмек пакетінің жалпы көлемі 1,9 триллион долларды құрап отыр. Бұл, елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 10 пайызы.
Қолдау шараларының пакетін барлық дерлік демократтар (екі өкілінен басқа) қолдады. Ұсынылған пакетті қымбат деп санап отырған республикалықтар оған қарсы дауыс берген.
Шаралар пакетінде сондай-ақ жұмыссыздық деңгейінің өсуі жағдайында 1 миллион жаңа жұмыс орнын құру, еңбектен айырылғандарға көмек көрсету қарастырылған.
Соңғы сөз Сенатта. Бұған дейін ол Джо Байден жоспарының кей бөлігін қолдаған жоқ еді: жобадан еңбек төлемін екі есе – сағатына 7,5 доллардан 15 долларға дейін көбейтуді қарастыратын бөлім алынып тасталды.
Франция мен Жаңа Зеландияда локдаун енгізілді
Францияның екі қаласы – Ницца мен Дюнкеркте ауруға шалдыққан адамдар санының өсіміне байланысты локдаун енгізілді. Елдің денсаулық сақтау министрі Оливье Веран бұған дейін Дюнкеркте осы аптада ауруға шалдыққан адамдардың саны қаланың әрбір 100 мыңына шаққанда 100-ге дейін өскенін хабарлады. Бұл, ел бойынша орташа мәннен тоғыз есе көп болып тұр.
Францияның премьер-министрі Жан Кастекстің ескертуінше, осындай шаралар коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғаларының өсімі байқалып отырған тағы 20 елді мекенде енгізілуі мүмкін.
Жаңа Зеландияның ең ірі қаласы Оклендте билік вирус жұқтыру оқиғаларының артуына байланысты кем дегенде бір аптаға локдаун енгізген.
Жексенбі таңынан бастап Оклендте тұратын 1,7 млн адам үйлерінде қалып, тек жұмысқа не азық-түлік сатып алуға шығуы тиіс. Қалаға кіруге және одан шығуға шектеу қойылды.
Қаладағы мектептер мен бірінші қажеттіліктегі тауарларды сатпайтын дүкендер жабылады.
Жаңа Зеландия коронавирус инфекциясының кеңінен таралуынан аман қалды. Пандемия басталғалы 5 млн халқы бар елде Covid-19 вирусынан 26 адам қайтыс болған.
Чехияда жаңа шектеулер. Португалия Британиямен әуе қатынасына салынған тыйымды ұзартты.
Чехия билігі инфекцияның таралуына жол бермеу үшін жаңа шектеулер енгізді. Олар 1 наурыздан бастап қолданылады. Үкімет жоспарына сәйкес, бастауыш мектептер қашықтан оқыту форматына ауысады. Бұған дейін жоғары және орта сынып оқушылары үшін мектепте сабақ оқыту тоқтатылған еді.
Португалия коронавирус инфекциясының жаңа штамдарының таралуына жол бермеу мақсатында Бразилия және Британиямен әуе қатынасына салынған тыйымды наурыздың ортасына дейін ұзартты.
Сондай-ақ бұған дейін хабарлағанымыздай, Америка Johnson & Johnson компаниясы өндірген коронавирусқа қарсы бір компонентті вакцинаны қолдануға рұқсат берді. Вакцинаның алғашқы партиясы 1 наурыз күні жеткізіледі деп күтілуде.