Жаз рахаты – Тау самалында
Жазғы демалысты тиімді өткізу үшін аудандық білім бөлімі балаларға қуаныш сыйлап, Жаңақорғандағы «Тау самалы» лагеріне аудан мектептерінен 78 оқушыны V ауысымға жіберген болатын. Бүгінде «Тау самалында» баланың демалуына толыққанды жағдай жасалған.
Күнделікті өтетін түрлі іс-шараның барлығы дерлік отансүйгіштікке, құқықтық, экологиялық мәдениетке баулуға, баланың шығармашылық қарым-қабілетін шыңдай отырып ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ, қазақ елінің тарихынан сыр шертетін деректі көркемфильмдер, табиғатқа саяхат, интеллектуалдық ойындар, спорттық жарыстар, түрлі үйірмелер, концерттік бағдарламалар тізімі күнделікті күн тәртібінен түскен емес. Лагерьде өткен спорттық жарыстан шахмат, тоғызқұмалақ, асық ойыны, қол күрес сияқты ойындар ойнатылып, нәтижесінде тоғызқұмалақтан №27 мектептің 7-сынып оқушысы Б.Дәуренбек ІІІ орынды, №30 мектептің 6-сынып оқушысы А.Бибосын ІІ орынды қанжығаға байлады. Ал, №105 мектептің 8-сынып оқушысы Т.Бақытбекұлы белсенділігімен көзге түсіп, қаншама оқушының арасынан суырылып шығып, лагерь басшылығының ұйғарымымен, құны он бес мың теңгені құрайтын қосымша он күн тынығуға жолдама ұтып алды. Аудан бойынша 78 оқушыға жетекшілік етіп барған болатынмын. Көңілді өткен жазғы демалыста тәрбие мен білімді қатар ұштастырғаным үшін лагерь басшылығының арнайы алғыс хатымен марапатталдым.Гүлназ БҮРКІТБАЕВА,
№121 орта мектептің
тарих пәнінің мұғалімі.