100 ЖАСҚА ДЕЙІН ӨМІР СҮРУДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы неде? Бұл сұрақ адамзатты ғасырлар бойы толғандырып келеді. Бірі ұзақ ғұмырды жақсы генетикамен байланыстырса, енді бірі дұрыс тамақтану немесе заманауи медицинаның жетістіктерімен түсіндіреді. Алайда соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер адамның ұзақ өмір сүруіне ең алдымен оның күнделікті өмір салты әсер ететінін дәлелдеп отыр.
Ұзақ жасаушылардың өміріне үңілген сайын олардың құпиясы күрделі емдеуде емес, қарапайым әдеттерде жатқанын байқауға болады. Бүгінде әлем халқының өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, медицина саласының дамуы, жұқпалы аурулардың азаюы, сапалы медициналық көмек пен санитариялық жағдайдың жақсаруы бұл көрсеткіштің өсуіне ықпал етті. Бірақ мамандар үшін ең маңыздысы адамның қанша жыл өмір сүргені емес, сол өмірін қаншалықты дені сау, белсенді әрі тәуелсіз өткізетіні.
Бір ғасыр бұрын жүз жасқа жеткен адам сирек кездесетін. Қазір мұндай жандардың саны әлемнің көптеген елінде жыл сайын арта түсуде. Сарапшылар алдағы ондаған жылда жүз жасаушылар саны бірнеше есе көбейеді деп болжайды. Ғалымдардың айтуынша, бұл тек медицинаның жетістігі емес. Ұзақ өмірдің негізгі кілті адамның күнделікті таңдауы мен өмір салтында жатыр. Зерттеулерге сәйкес, тұқым қуалаушылық адамның өмір сүру ұзақтығына шамамен 20-30 пайыз ғана әсер етеді. Ал қалған бөлігі тамақтану, қозғалыс, қоршаған орта, күйзелісті басқару және әлеуметтік қарым-қатынасқа байланысты.
Ұзақ өмір сүру құпиясын зерттеген америкалық зерттеуші Дэн Бюттнер ғалымдармен бірлесіп әлемдегі адамдар ең ұзақ әрі сапалы өмір сүретін бес өңірді анықтады. Олар бүгінде «Көк аймақтар» деген атаумен белгілі. Бұл өңірлерге Жапониядағы Окинава, Италиядағы Сардиния аралы, Грекияның Икария аралы, Коста-Рикадағы Никоя түбегі және АҚШтың Калифорния штатындағы Лома-Линда қаласы кіреді. Бір қызығы, бұл аймақтардың климаты, мәдениеті, діні мен тұрмыс-тіршілігі әртүрлі болғанымен, тұрғындарының өмір салтында көптеген ортақ қасиеттер бар. Ең алдымен олардың барлығы үнемі қозғалыста жүреді. Олар арнайы фитнес орталықтарына бармайды, ауыр жаттығулармен айналыспайды. Оның орнына күнделікті тұрмыс-тіршіліктің өзінде көп қозғалады. Сардиниядағы шопандар күн сайын таулы аймақтарда бірнеше шақырым жаяу жүрсе, Окинава тұрғындары егде жасқа келгенше бақша баптап, велосипед тебуді жалғастырады. Никоя түбегіндегі адамдар ауыл шаруашылығымен айналысып, табиғат аясында еңбек етеді. Демек, олардың қозғалысы арнайы жаттығу емес, өмір салтының ажырамас бөлігі.
Тамақтану мәдениеті де ерекше назар аудартады. Ұзақ жасаушылар табиғи өнімдерді тұтынуға басымдық береді. Олардың дастарқанында көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдастар, жаңғақ, тұтас дәнді дақылдар мен балық жиі кездеседі. Ал өңделген тағамдар, тәтті сусындар мен фастфуд өте сирек пайдаланылады. Жапонияның Окинава аралында ғасырлар бойы сақталған «Хара хачи бу» қағидасы кең таралған. Оның мәні – адам толық тойып кетпей, шамамен 80 пайыз тоқтық сезінген кезде тамақтануды тоқтатуы керек. Мамандар мұндай әдеттің артық салмақтың алдын алып, ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне оң әсер ететінін айтады. Ғалымдардың назарын аударған тағы бір ерекшелік – ұзақ жасаушылардың күйзелісті тиімді басқара білуі. Қазіргі қоғамда асығыс өмір салты мен үздіксіз жұмыс адамдардың психологиялық денсаулығына үлкен салмақ түсіреді. Ал «Көк аймақтарда» адамдар өмірді асықпай сүріп, демалысқа, табиғатпен үндесуге және жақындарымен бірге уақыт өткізуге ерекше мән береді. Грекияның Икария аралында түскі уақытта аздап тынығу қалыпты дәстүрге айналған. Бұл қарапайым әдет жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуға көмектесетіні туралы ғылыми пікірлер бар.
Ұзақ өмір сүрудің тағы бір маңызды сыры – адамның жалғыз қалмауы. Зерттеулер әлеуметтік оқшауланудың денсаулыққа темекі шегумен шамалас зиян келтіруі мүмкін екенін көрсетеді. Ал ұзақ жасаушылар өмір бойы отбасы мүшелерімен, көршілерімен және достарымен тығыз қарым-қатынаста болады. Жапонияда егде жастағы адамдар «моаи» деп аталатын тұрақты достық топтарына бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетеді. Мұндай әлеуметтік байланыс адамның өзін қоғамның маңызды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Ұзақ жасаушылардың тағы бір ортақ қасиеті – олардың өмірге деген құлшынысы. Жапондар мұны «икигай» деп атайды. Бұл – адамның таңертең оянуына себеп болатын өмірлік мақсаты. Біреу үшін ол отбасы болса, енді бірі үшін еңбек, шығармашылық немесе айналасына пайда келтіру. Психологтардың пікірінше, өмірдің мәнін сезінетін адамдар күйзеліске азырақ ұшырап, денсаулығын ұзақ сақтайды. Ұзақ өмір туралы қоғамда қалыптасқан түсініктердің бәрі бірдей шындыққа сәйкес келе бермейді. Көпшілік ұзақ жасау тек жақсы генетикаға байланысты деп есептейді. Алайда ғылым мұның тек бір бөлігі ғана екенін дәлелдеді. Сондай-ақ ұзақ өмір сүру үшін міндетті түрде қатаң диета ұстанып немесе күн сайын спортзалға бару қажет деген пікір де дәлелденбеген. Керісінше, ұзақ жасаушылар қарапайым табиғи тағамдарды тұтынып, күнделікті қозғалысты өмірінің бір бөлігіне айналдырған.
Тарихтағы ең ұзақ өмір сүрген адам ретінде француз әйелі Жанна Кальман танылған. Ол 122 жыл 164 күн өмір сүріп, адамзат тарихындағы ресми тіркелген ең жоғары жас көрсеткішіне ие болды. Ал бүгінде Жапония, Италия және Испания жүз жасаушылар саны бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарында.
Қазақстанда да ұзақ жасаушылар аз емес. Олардың өміріне назар аударсақ, көпшілігі табиғи тағамдарды тұтынған, ерте тұрып, еңбекпен шыныққан жандар екенін байқаймыз. Қазақтың дәстүрлі ас мәзіріндегі қымыз, шұбат, айран, құрт сияқты табиғи өнімдер, күнделікті еңбек пен қимыл-қозғалыс денсаулықты сақтауға ықпал еткен. Сонымен бірге үлкенге құрмет көрсету, бірнеше ұрпақтың бір шаңырақ астында өмір сүруі, отбасы мүшелерінің өзара қолдауы адамның өзін қоғамнан шет сезінбеуіне мүмкіндік береді. Мамандар мұндай әлеуметтік ортаның денсаулыққа оң әсер ететінін айтады. Ғалымдардың ортақ тұжырымы бір ғана қағидаға саяды: ұзақ өмір сүрудің сиқырлы формуласы жоқ. Денсаулық пен ұзақ ғұмыр қымбат дәрі-дәрмекке емес, күн сайын қайталанатын қарапайым әдеттерге байланысты. Дұрыс тамақтану, тұрақты қозғалыс, сапалы ұйқы, күйзелісті басқару, жақын адамдармен тығыз қарым-қатынас және өмірге деген қызығушылық – ұзақ әрі сапалы өмірдің басты негізі. Ұзақ өмір сүру – тек жасау емес. Нағыз байлық – сол жасқа дейін дені сау, белсенді және өмірге құштар болып жету. Әлемдегі ұзақ жасаушылардың өмірі адам бақытының күрделі құпияларда емес, күн сайын жасалатын қарапайым таңдауларда жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Түйін Ұзақ өмір сүрудің сыры жылдардың көптігінде емес, сол жылдардың қалай өткенінде жатыр. Біз көбіне бақытты болуды ертеңге қалдырамыз: уақыт табылғанда демаламын, кейінірек жақындарыммен көбірек уақыт өткіземін, бір күні армандарыма жетемін деп өзімізді жұбатамыз. Алайда өмір дәл қазір өтіп жатыр. Сондықтан біз үшін үйреншікті болып кеткен дүниелердің шын мәнінде ең үлкен байлық екенін ұмытпауымыз керек. Күлу, қуану, жақындарымызбен көрісу, бір дастарқан басында бас қосу, ата-анамен сырласу, отбасымызбен өткізген әрбір сәт, достарымызбен бірге өткен әсерлі кештер – бұлардың ешқайсысын кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені өмірдің мәні үлкен жетістіктерден ғана тұрмайды, ол күн сайынғы қарапайым қуаныштардан құралады. Ертеңге үміт артып өмір сүруден гөрі, бүгінгі күніміздің қадірін біліп, әр сәттің бағасын түсіне алсақ, ұзақ ғұмырдың да, шынайы бақыттың да мәні сонда ашылады. Өйткені өмірді ұзарту әркімнің қолынан келе бермесе де, өмірдің әр күнін мәнді ету – өз қолымызда.
Бауыржан ЖҮНІС















