Коронавирус әлемде жойылмай тұрған уақытта босаңсуымызға болмайды – Әбдіқалықова
Коронавирус дерті әлемде жойылмай тұрған уақытта босаңсуымызға болмайды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-тегі парақшасында жазды.
Халқымыз “Ауру айтып келмейді” дейді. Дүниені дүрліктірген пандемия салдарынан қаншама адам індеттің ілмегіне ілікті, қаншасы өмірден өтті. Әлем халқының ешқайсысына да бұл оңай тиген жоқ.Коронавирус індеті бәсеңсіді деп мамыр айында арқамызды кеңге салғанымызбен, маусым айында ауру тіпті өршіп,пневмония құрбандарының саны көбейді. Олардың арасында талай даңқты тұлғалар, ет жақындарымыз бен достарымыз, әріптестеріміз бен таныстарымыз болды. Сондықтан, маусым айында карантин қайта жалғасып, ол бір жарым айға созылды, - деп жазды Әбдіқалықова.
Әкім атағандай, қазіргі таңда ауру саны азайып, қалыпты жағдайға келдік дегенімізбен де, коронавирус дерті әлемде жойылмай тұрған уақытта босаңсуымызға болмайды.
Бүгіннен бастап карантин шаралары кезең-кезеңімен алынып тасталады, дегенмен, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.Халқымыздың денсаулығын қорғау мақсатында індет толық жойылып, дерттен құлантаза айығып, қуанышты күндер туғанша отбасылық мерекелер, ас, той, мерейтой өткізу, ойын-сауық, спорттық, салтанатты және басқа да көпшілік шаралар ұйымдастыруға тыйым салынады. Маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті талабымыз болып қала береді.Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай кезеңде сыналады. Өзіміздің, отбасымыздың денсаулығының қауіпсіздігі үшін барлық шараларға түсіністікпен қарап, сабыр сақтауға, шыдамдылық танытуға шақырамын.Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тату болса, бұл қиындықты да бірге жеңіп, бірге еңсереміз, - деді ол.