ЖАҢА ЗАҢ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ТИІМДІЛІГІ
Осы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңының жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді. Аталған заң Мемлекет басшысының 2024 жылғы 17 шілдесіндегі №602 жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында қабылданды.
Жаңа заңның басты міндетінің бірі – сервис және клиентке бағдарланған мемлекеттік қызмет моделіне көшу. Сонымен қатар тиімді, кәсіби, ашық әрі халыққа бағдарланған мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және HR-процестерді цифрландыру көзделген. Заңда мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге, сондай-ақ олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау тәртібін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Осы өзгерістердің мән-жайын түсіндіру үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Нұржан Алиевпен болған сұхбатты төменде жариялап отырмыз.
– Нұржан Жәнібекұлы, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін қарау мәселесіне қатысты қандай өзгерістер енгізілді?
– Заңның бұрынғы редакциясында барлық тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі бірдей болып, олар қолданылған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс еді. Ал жаңа редакциядағы Заңның 64-бабының 4-тармағына сәйкес тәртіптік жазалардың әрбір түріне жеке қолданылу мерзімі белгіленді. Атап айтқанда: ескерту – қолданылған күннен бастап 2 ай, сөгіс – 3 ай, қатаң сөгіс – 4 ай, қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық деңгейін төмендету, сондай-ақ сайланатын мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану – 6 айдан аспауы тиіс. Ал мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаға қатысты қолданылу мерзімі белгіленбеген.
– Жаңа заңда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейтілді деп айтылып жүр. Бұл қандай өзгерістерді қамтиды?
– Иә, жаңа Заңмен мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейтілді. Заңның 64-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттіктерін орындаумен тікелей байланысты болмаса да, мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар санатына жатқызылды. Олардың қатарына есірткі, психотроптық заттарды, сол тектес заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну, көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе масаң күйде басқару жатады. Егер мемлекеттік қызметші осындай құқықбұзушылықтарға жол берсе, Заңның 64-бабының 6-тармағына сәйкес, ол атқарып отырған мемлекеттік лауазымынан босатылады.
– Жаңа заңда тәртіптік жаза қолданбай-ақ құқықтық ықпал ету шараларын қолдану мүмкіндігі де қарастырылған. Осы жөнінде айтып өтсеңіз?
– Дұрыс айтасыз. Заңның 66-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданумен қатар емес, одан бөлек құқықтық ықпал ету шараларын қолдану мүмкіндігі енгізілді. Бұл шаралардың мақсаты – мемлекеттік қызметшінің жіберген кемшіліктерінің алдын алу және қызметтік тәртібін жақсартуға бағытталған.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшіге профилактикалық әңгімелесу жүргізу, жазбаша ескерту беру, лауазымдық міндеттерді тиімді орындау үшін қажетті құзыреттерін бағалау, мінез-құлқына қатысты жеке ұсынымдар беру, профилактикалық есепке алып, мониторинг жүргізу сияқты құқықтық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.
Бұл тетіктер тәртіптік жазаны бірден қолданбай, ең алдымен мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметін жетілдіруге және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізіледі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
– Сізге де рақмет. Жаңа Заңның талаптарын дұрыс түсініп, оны күнделікті қызмет барысында сақтау – мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырудың маңызды кепілі.
Сұхбаттасқан Индира ОРАЗБАЕВА















