МӘМС-тің қағидаты – ақша пациенттің соңынан жүреді
Қызылорда облысында 82 жеке медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасты. Олардың қатарында «Жуас» клиникасы да бар. Мұнда МӘМС аясында неврологиялық, кардиологиялық аурулар бойынша медициналық қызмет көрсетіледі. Медициналық ұйымның жұмысы жөнінде клиника директоры Варлен Төрекеевпен сұхбаттасқан едік.
- Варлен Әскербекұлы, сіздерге облыс орталығынан ғана емес, аудандардан да емделуге келеді. Сонда клиника көп адам қабылдауға қауқарлы болғаны ғой?
– Біздің клиника жұмысын бастағалы жиырма жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде біздің медициналық ұйымда ем-дом қабылдайтын тұрақты пациенттер легі артты. Неврологиялық бөлімде де, кардиологиялық бөлімде де 20 төсек-орын бар. Бөлімдерге невролог Асхат Төлепов, кардиолог Шолпан Исабаева сияқты тәжірибелі дәрігерлер жетекшілік жасап жүр. Одан бөлек, 20 орынға арналған күндізгі стационар бар. Клиникадағы жалпы төсек-орын саны – 60. Пациенттер емхана жолдамасымен келеді. МӘМС жүйесі аясында дәрі-дәрмек, физиологиялық ем тегін, сонымен қатар үш мәрте тамақпен қамтамасыз етіледі.
– Пациенттер көбіне қандай диагноздармен жүгінеді?
– Мойын бөлігінің омыртқааралық дискісінің, ми тамырының зақымдалуы, ишемиялық кардиомиопатия секілді диагноздар жиі кездеседі. Клиника терапевтік бейінді болғандықтан күндізгі стационарға әртүрлі диагнозбен қабылдай береміз. Дене жаттығулары үшін арнайы жабдықталған кабинеттер бар. Жалпы, медициналық қызмет аясын біртіндеп кеңейтіп келеміз. ЭКГ холтерін, омыртқа жотасын созуға арналған аппарат және басқа да құрал-жабдықтар алу жоспарланып отыр.
– МӘМС жүйесі қолданыла бастағалы клиника жұмысында қандай өзгерістер байқалды?
- МӘМС-тің қағидаты – ақша пациенттің соңынан жүреді. Мұны біз өзіміздің жұмыс барысынан да көріп жүрміз. Медсақтандыру қаржысы әлеуметтік осал топтарына да бөлінетіні белгілі. Олар – балалар, жұмыс істемейтін аяғы ауыр әйелдер, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқа. Олар біздің жақын-жуықтарымыздың арасында да бар. Сақтандырылған пациенттер медсақтандыру қорымен аталған қызмет түрлерін ұсыну жөнінде келісімшарт жасасқан кез келген клиниканы таңдауға құқылы. Олардың тұтынған қызметі үшін ақысы Қор есебінен аударылады. Бір пациент құны шамамен 150 мың теңге болатын ем ала алады. Оның құрамына дәрі-дәрмек, тамақ, медқызметкердің еңбекақысы, клиниканың коммуналдық төлемі кіреді. Демек, МӘМС жүйесі – денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медқызмет сапасын арттырудағы басты серіктес. Бұл – өзіңнің және жақын адамдарыңның денсаулығы үшін салынған инвестиция. Біз өз кезегімізде пациенттердің денсаулығын түзетуге мүдделіміз.
– Пациенттерге айтар тілегіңіз болса...
– Сіздер өздеріңізге көмекшісіздер. Сіздердің денсаулықтарыңызды жақсартуға жалғыз медициналық ұйым қызметкерлерінің күші жетпейді. Бірінші кезекте кез келген жерде тәртіп болуы тиіс. Өмір сүру салтында, эмоционалды жағдайда, тамақтануда. Медсақтандыру үшін төлем жасауда да солай. Егер сіз МӘМС үшін дербес төлеуші ретінде жарна төлеп отырсаңыз, 12 айдан кейін «сақтандырылған» мәртебесін аласыз. Сол сияқты денсаулықты күтуде де ағзаның жағдайын жақсартуға күш салу керек.
- Әңгімеңіз үшін алғыс білдіремін.