» » » Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр

Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр

Тарихы сонау ғасырлардан басталатын қасиетті мекенімізде ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы аталып өтпекші. Соған сай, елдің елдігін танытатын, мерейін тасытатын игі жаңалықпен бөлісудеміз. «Тон жеңсіз, ел иесіз болмайды» дегендей, ауданның құрылған жылынан бастап қазірге дейінгі аралықтағы ел басқарған азаматтар жайлы мақалалар мен сұқбаттар жариялап келеміз. 2021-2022 жылдар аралығында ауданға абыройлы басшылық еткен бүгінде облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі болып абыройлы қызмет атқарып отырған Қайрат Нұртаймен сұқбаттасудың да сәті түскен болатын.

– Қайрат Ырзақұлұлы, атаңыз да, әкеңіз де басшылық қызмет атқарған елге танымал азаматтар. Туған жерден, осы кісілерден алған тәліміңіз қандай?
– Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінде – атаның, әкенің тәрбиесі мен тәлімі бала санасына сіңіп, тұла бойына дариды. Атаның, әкенің отбасындағы орны ұлтымызда ерекше.
Өзіңіз айтқандай, менің атам да, әкем де елдің азаматтары, осы жерде туып өскен, осы елге қолдарынан келгенше қызмет еткен. Бұл мен үшін мақтанарлық жағдай.

– Болмысыңыз салмақты, сабырлы. Ер жігітке таптырмайтын мінез. Жалпы кімге ұқсағансыз?
– Сабырлы болу — төзімді, байыпты болу деген сөз. Кез келген жағдайда шыдамдылықпен ақылға салу. Жалпы, сабырлы болу үшін мына негізгі қасиеттер ұдайы бойымыздан табылуы қажет: түрлі қиындыққа сабырлық таныту. Себебі, мұның артында үлкен хикмет бар.

– Департаменттерде, Президент Кеңсесі мен Әкімшілігінде, сонымен қатар Шымкент қаласының бірінші орынбасары болып жауапты қызметтер атқардыңыз. Үлкен тәжірибе мектебінен өттіңіз. Халықпен жұмыс істеуде нендей ой түйдіңіз?
– Мемлекеттік қызметші – экономика, әлеуметтік-мәдениет және әкімшілік-саяси саланы басқару, мемлекеттілігімізді нығайту және қоғамды реформалау сияқты міндеттерді шешуде аса маңызды рөл атқаратын тұлға. Ең бастысы – заң аясында жұмыстар жүргізу, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында тиісті шешімдер қабылдау. Әр деңгейдегі жауапты қызметтерде елімізге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, тәжірибесі мол мемлекеттік қызметтің майталмандарымен қызметтес болдым. Олардың іс-тәжірибесі, ақыл-кеңесі мемлекеттік қызметтің қыр-сырын ұғуға игі ықпал етті. Олармен бірлесе жұмыс істеген кезде тиімді дағдыларды қалыптастыруға септігін тигізетін түрлі жұмыстағы әдісін, халықпен жұмыс істеудегі мінез-құлқын, тәжірибесін меңгердім десем болады. Қызмет жолымда қатардағы маманнан сатылап өстім, менің ұстанымым – мемлекеттік қызметтегі жас мамандар меритократия қағидатымен өсіп отыруы қажет. Аудан әкімі болып қызмет еткен кезде жас мамандардың өз еңбегіне, біліктілік қабілетіне қарай лауазымдық жоғарылауын жолға қойдым.

– Байқоңыр қаласында Қазақстан тарапы бойынша бүгінгі таңда қандай мәселелер шешімін табуда. Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Өздеріңізге белгілі мен 2022 жылдың маусымында осы қызметке тағайындалдым. «Байқоңыр» кешенінің ерекшелігін білесіздер, ал, Байқоңыр менің туған қалам. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметімен қатар, Байқоңырда Мемлекет басшысының өкілі болу бақыты бұйырған кезде, мен қуана келістім. Өйткені, қалада туып-өскендіктен және қызмет бабымен де мен қаланың өзекті мәселелерімен
етене таныспын. Президенттің арнаулы өкілі ретінде менің міндетім – Байқоңыр қаласында тұратын қазақстандықтардың конституциялық құқықтарын сақтау және қорғау болып табылады. Бүгінгі күні «Байқоңыр» кешені жөнінде 70-тен аса мемлекетаралық келісімдер мен шарттар бар. Бұл келісімдер мен шарттардың басым бөлігі кешенді жалға беру уақытында жасалып, бүгінгі күннің талабына сәйкес өзгерістер енгізуді қажет етеді. Қазақстандық тараптың қаланы дамытуға қосқан үлесі жыл сайын артып келеді.
Қала жалға берілген уақыттан бастап тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымдық нысандарының басым көпшілігінің тозығы жеткен десек те болады. Сондықтан, облыс әкімдігімен қаланың Бас жоспарына сәйкес, 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Байқоңырда бес 50 пәтерлі тұрғын үй салынды, жаңадан 7 А мөлтек ауданы құрылды. Аталған үйлер кезекте тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында, оның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдеріне басымдылық беріле отырып бөлінді.
Сонымен қатар, қаладағы қазақстандық медицина және білім беру ұйымдары қызметкерлеріне қызметтік пәтерлер берілді. Бұл жұмыстарды жалғастыру үшін 2021 жылы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын тағы бес 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бұдан бөлек, облыс әкімдігімен қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту мақсатында 2021 жылы 11,4 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртылды. Жоба құны – 901,2 млн теңге. Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жұмыстарын одан әрі жалғастыруға осы жылы 1 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталуда. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар құрылыс жұмыстары кезеңіне тұрғындарға қосымша жұмыс орнын ашуға көмек береді.
Қалада ғарыш қызметінен бөлек инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жалдан шығарылған объектілерден кәсіпкерлік нысандар ашу маңызды саналады. Сондықтан, облыс әкімдігімен қыркүйек айында Астана қаласында өткізілуі жоспарланған «Иннопром» халықаралық көрмесінде Байқоңыр қаласының инвестициялық әлеуетін таныстыру арқылы жаңа жобаларды құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қалада жалдан шығарылған ғимараттар негізінде кәсіпкерлік нысандар ашу қарастырылуда.
Ресей қалалық әкімшілігінің әріптестері кәсіпкерлік үшін шаралар қабылдау, дамыту және жағдай жасау қажет екенін түсінеді және қолдайды. Сол себепті, Байқоңыр кәсіпкерлері Қазақстан Республикасы Салық кодексі бойынша жұмыс істегісі келсе, оларға осындай мүмкіндік беру керек. Бұл мәселе, қыркүйекке жоспарланған «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссиясының күн тәртібінде қарайтын боламыз.
Жұлдызды қаладағы білім стандарттары бойынша көптеген сұрақтар болды. Бүгінде қалада 5 қазақстандық мектеп пен 3 балабақша бар. Қазақстан Республикасының стандарты бойынша қазақстандық балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды ұлғайту үшін жалға алынған объектілер базасында тағы екі балабақша ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Мектеп демалысы кезінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Жасыл ел» еңбек жасақтары ұйымдастырылды.
Қала жалға беру жағдайында жұмыс жасайтындықтан ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу мәселесіне аса мән берілуде. Осы орайда, қазақстандық өскелең ұрпаққа идеологиялық құндылықтарды дәріптеу, патриоттық тәрбие беру және Байқоңыр қаласының аға буынының мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыруда отандық 30-ға жуық фильмнің апта сайынғы тегін көрсетілімі өткізілді. Бұдан өзге, «Қазконцерт» әртістерінің ауқымды көшпелі концерті, басқа да бірқатар мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қалада мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру облыс әкімдігінің тікелей бақылауында. Бұл бағытта облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы Әкімшілігі басшысымен «Байқоңыр қаласының жастарын қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» екі жақты бекітілді. Кешенді жоспар аясында жергілікті жастарды мәдени-көпшілік, спорттық, патриоттық шараларға тарту және республикалық, облыстық тынығу лагерьлеріне Ресей Федерациясы азаматтығы бар жастарға жолдама беру секілді ауқымды шаралар қамтылды.
Бүгінгі күні, Байқоңыр қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлар даярлайтын «С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғарғы колледжі» базасынан қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаев мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Абай» – рухани құндылықтар орталығы» ашылды.

– Ауданды басқарған кезіңізде қандай жұмыстар атқарылды? Кеңінен тоқталып өтсеңіз?
– Аудан әкімі болған кезеңімде барлық елді мекендерді инфрақұрылыммен және жұмыс орындарымен қамту басты назарда болды. Аталған кезеңде, Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы, Қуаңдария ауылдық округінде 100 орындық ауылдық клуб үйінің құрылысы басталды, аудан орталығы көгілдір газға қосылды, «Рәміздер» алаңы ашылды, Алдашбай ахун, Т.Көмекбаев, Қармақшы ауылдарындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жұмыстары бойынша құрылыс жұмыстары, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында көпбалалы аналарға 10 пәтерлі 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аудан орталығы мен елді мекендерде «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында көшелерді жөндеу, Жосалы кенті, Ақай ауылдық округіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Төретам кенті мен Ақай ауылында газ жеткізу құбырының және газ тарату желілерін жүргізу бойынша және тағы басқа да жобалардың жоба-сметалық құжаттары рәсімделді.
– Сіздің аудан басқарудағы қызметіңіз Қаңтар оқиғасымен тұспа-тұс келді? Осы жайында да айтып өтсеңіз?
– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы қазақ еліне сын болды. Шындықтың шыңына ұмтылған мұң-наласы бар, шешуі күрмелген өзекті мәселелері көп қаймана халықты қалқан етіп, арам ниетті бір күштер елді бүлдіруге бағытталған ойларын іске асыруға тырысты. Қалаларды қиратты, қарсы болғандарды жайратты, қан төкті, елдің ішіне бүлік салды. Мен сол сын сағатта Қармақшы ауданының әкімі қызметін атқарып жүрдім. Халық арасынан табылып, аудан тұрғындарымен бірге болдым. Осы тұста аудан тұрғындары бірліктің бекемдігін, ауызбіршіліктің тамаша үлгісін көрсете білді. Тәртіпсіздіктерге жол бермеу үшін аудан жастары бірігіп, елді мекендерде бекеттер ұйымдастырылып, сақтық шаралары күшейтілді.
Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері жиналған тұрғындарға артық бей-берекетсіздікке бармауға, тәртіп бұзбауға шақырды. Бұл тұста аудан халқына үлкен алғыс білдіремін. Осы қиын сағаттардағы ауызбіршілігіміз менің қызметте жоғарылауыма да, одан әрі рухани өсуіме де себеп болды деп есептеймін.

– Ауданның 95 жылдық мерейтойына өзіңіздің мерекелік тілегіңіз болса, ғанибет?
– Қармақшы ауданы облысымыздың орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Барша түркі жұрты ұлықтайтын Қорқыт ата мекені, Сыр өӊіріндегі ежелгі астаналардыӊ бірі – сақтардыӊ ордасы Шірік-Рабат шаһары орналасқан қасиетті жер. «Жүз шайыр елі» ата-луына себеп Балқы Базар, Дүр Оӊғар, Жиенбай жырау, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтыӊ Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов жырдан жақұт төккен данагөй жыраулары, күміс көмей жыршы-жыраулары мен дулығалы батырлары, дуалы ауыз билері мен еңбек ерлері, айтулы азаматтары бар өлке.
Биыл киелі Қармақшы ауданының негізі қаланғанына – 95 жыл. Осыған орай, жыл көлемінде «95 жылға – 95 шара» атауымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Мерейтой аясында ауданда ақындар айтысы мен жыраулар фестивалі, ұлттық спортты насихаттауда түрлі сайыстар, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуы жоспарланып, жыл көлемінде тағылымы мен тәрбиелік маңызы зор рухани, мәдени, спорттық бағыттағы әртүрлі жиындар, жарыстар, басқа да іс-шаралар өткізілетін болады. Тәуелсіздік жылдарында ауданның қол жеткен жетістіктері жетерлік. Алдағы уақытта да 95 жылдық тарихы бар ауданымыз жаңа Қазақстанның дамуының басым бағыттарына үлес қоса береді деген сенімдемін. Ауданның айтулы мерекесі құтты болсын. Киелі Қармақшы ауданы қарыштап, дами берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын!
– Салиқалы әңгімеңізге көп рақмет.
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ
05 қыркүйек 2023 ж. 714 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 510

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 582

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031