» » » Қармақшылық Сайдмұхаммад кім болған?

Қармақшылық Сайдмұхаммад кім болған?

СЫР ӨҢІРІНЕН АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛЫП, ДҮЙІМ ҚАЗАҚҚА ТАНЫМАЛ БОЛҒАН ТҰЛҒАЛАР КӨП ШЫҚҚАН. СОНЫҢ БІРІ САЙДМҰХАММАД (АЗАН ШАҚЫРЫП ҚОЙҒАН АТЫ, ЕЛ КЕЙІН СЕЙІТПЕНБЕТ АТАП КЕТКЕН - АВТОР) ҚОЖАНЫҢ АТА-БАБАСЫ БҮГІНГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАҢАҚОРҒАН ЖЕРІНДЕ ӨМІР СҮРГЕН. СЕЙІТПЕНБЕТ – АБДУЛ ЖАЛИЛБАБТЫҢ (ҚОРАСАН АТА) ОТЫЗ ТӨРТІНШІ ҰРПАҒЫ. ҚОРАСАН АТАНЫҢ ҰЛЫ ХУСАЙННАН (СҰЛТАН ХУСАЙН) ТАРАЙДЫ. СҮЙЕГІ ҚАРМАҚШЫДА ЖАТЫР.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан дерек бойынша, Сейітпенбет 14 жасынан бастап Шөмекей руының баласын оқыта бастайды. Сөйтіп өмірінің соңына дейін Қуаңдария мен Жаңадария бойында өмір сүріп, мешіт басқарады, діни ілім таратады. Осы өңірде Мырза, Сұлтан, Әбдіжаппар, Батыр, Алмас, Міржан, Шоң атты баласы дүниеге келеді. Арагідік білім іздеп және қажылық парызын өтеу үшін алыс шаһарларға (Бұхара, Хиуа, Херат, Мекке, Медине, Шам) сапар шеккені болмаса, ғұмыр бойы Шөмекейдің, анығы - Шөмекейден тарайтын бес Бозғұлдың ортасында ғұмыр кешеді.
Ер Сейітпенбет қожа шамамен XVIII ғасырда өмір сүріп, ХІХ ғасырдың басында өмірден өткен. Бұл болжамды өзімен замандас болған тарихи тұлғалардың өмір сүрген жылы мен көнекөз қариялардың әңгімесіне сүйеніп жазып отырмыз. Сондай-ақ төмен­дегі дерек те болжамымызды растай түседі: «1803 жылы Орынбордың әскери-губернаторы кі­нәз Г.С.Волконскийдің «тапсыруымен қазақ­тың үш жүзінің саны, мекені және баратын базары туралы Көбек Шүкірәліұлы мен Қазан татары Ғалым Шахмұратовтың берген мәлімдемесі бойынша: «Шөмекейдің Сөйін руының 4 бөлігінде 6 мың үй халқы бар, керуендерді тонайды, Бұхараны базарлап, сауда-саттық етеді» деген. Ел басылары: Кетебай би, Қорен батыр, Айтілес би, Жәрімбет билер болған. Жәрімбет бидің беделі мен ықпалы аралас-құралас көшіп жүрген Кете мен Шөмекей руында ерекше орын алған. Сол заманда бұл елдің Сейтпенбетқожа деген пірі болған» (Материалы по истории Каз.ССР (1785-1828г.г.) т.IV, М., Л., 1940, с.514).
"Қарақ тауының етегінде замандастары – Ер Сейітпенбет қожа, Марал ишан мен Жәрімбет әулие үшеуі кездесіп кеңесіпті. «Біздің мәңгілік мекеніміз қай жерде болар екен?» деген сауалды Марал ишан ортаға салған. «Оның жауабын Жәрімбет айтсын", - депті Сейітпенбет қожа (кей деректе:«...жауабын Ер Сейітпенбет айтсын» деген-автор).
«Ер Сейітпенбет, сен шөлде қаласың. Алыс қиянда жатқандықтан артыңнан іздеушілерің аз болар. Марал, сен көлде қаларсың, кейін көл тартылар, сенің басыңа тағзым етушілер көп болар. Мен осы Қарақ тауында атымның алдыңғы тұяғы тұрған жерде болармын. Менің ұрпағым, іздеушілерім баршылық болар, бірақ Қарақ тауының атын иеленбеймін»,-деп Жәрімбеттің айтқаны айнымай келгенін көріп, біліп отырмыз» (Сәпен Аңсатов, "Жәрімбет әулие", "Сыр бойы" газеті, 29.10.2011).
«...Нұралы хан сол кеткен кегін қайтару мақсатында Көккөзді 300 қолмен аттандырады. Көккөз жолға шығарда досы Ер Сейітпенбет қожадан бата алып аттанады. Ер Сейітпенбет бұл жорықтан Көккөз қайтып оралғанша дүниеден озады. Көз жұмар алдында Ер Сейітпенбет балаларына Көккөздің бұл жорықтан аман-есен оралатынын айтқан екен. Сондай-ақ, өзінің мүрдесін ақ түйеге артып, түйе қай жерге шөксе сол жерге жерлеуін өсиет етіп айтыпты. "Неге бұндай шешімге келдіңіз, жалғыз мола болып қалып кетпейсіз бе?», – деген балаларының сұрағына: «Мен жалғыз қалмаймын, менен кейін 40 күннен соң қасыма Көккөзім келеді», – деп жауап қатады.» (Әлмұрат Өнербаев, "Төре-Төлеңгіттер", Алматы, 2014 жыл, 7-бет).
Сейітпенбеттің «Ер Сейітпенбет» деп есім алуы туралы ел аузындағы әңгімелерге, жырларға және С.Толыбеков, М.Мұқанұлы, Х.Маданов, Ш.Серікбайұлы, Ж.Әлқожаұлы, Ә.Қаба, Қ.Өтебайұлы, т.б. ғалымдар мен қаламгерлердің кітаптары мен мерзімдік баспасөздегі мақалаларына сүйеніп айтуымызға болады. Сонымен қатар Сыр сүлейлерінің(Қарасақал Ерімбет, Қаратамыр Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Базар жырау,Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары,т.б.)барлығы түгелдей дерлік Ер Сейітпенбет қожаның есімін жырларына қосқанын да назарға алғанымыз абзал. Соның бірі әйгілі Базар жырау былай деп жырлайды:
Мына бір шолақ дүниеден,
«Әулие өлмес» дер едім,
Отқа салса, күймеген,
Залымдардың өмірі
Бір шарпуы тимеген,
Арамды көңілі сүймеген,
Дін мұсылман баласын
Кереметпен билеген.
Саһар тұрып жылаған,
Хақтан медет сұраған,
Ол ерлердің тағаты
Құдайына ұнаған –
Бабай түкті Шашты Әзиз,
Ер Сейітпенбет, Мағзаман,
Марал ишан, софы Әзиз –
Солардан да өткен сұм дүние.
(Базар жырау « Жеті ғасыр жырлайды», 2-том, « Жазушы» баспасы, 91-бет).
Қиын бір жылдарда арасында қожасы бар, басқасы бар: «Мен – қожамын» деп, елден нәріз жинайтын күмәнді сәлделілер ауыл-елде қаптап кетіпті. Қожа сыйлаған халық бар нанының жартысын «қожамыз» дегеннің қолына ұстатады екен. Сөйтіп жүргенде ел ақсақалдары: «Нағыз қожа, шын әулие адам болса – бізге кереметін көрсетсін. Тоқсан түйеге жүк болатын сексеуіл томарын (отын) үйіп, өртейміз. Сол отқа қорықпай түскен адамды біз әулие деп білеміз» деп шарт қояды. Сонда өздерін «мен қожамын, әулиемін» деп жүргеннің біразы елден ғайып болады. Ал Сейітпенбет қожа әлгі шартты қабыл алыпты. Оқиғаны әрі қарай академик-ғалым Серғали Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітабынан өрбітейік:
«...От бірден-ақ лаулап жанып, тез құлашталған жалын аспанға шығып жанып, бірте-бірте бәсеңдейді. Қоршап тұрған халықтың екі көзі әулиеде. Біртіндеп қызыл жалын саябырлап, сағымданып, жанып жатқан оттың ішінен Сейітпенбет қажы көрінеді. Қызыл шоқ сөніп, қарауыта берген кезде ол аса таяғы қолында: «Иә, бабам!», –деп аман-есен шығады. Жұрт: «Иә, Құдайлап» шулап, қол қусырып, қожаның аяғына жығылып, әулиешілігіне, кереметіне тәнті болып, құрбандық шалып, Сейітпенбетті пір көтереді». (С.Толыбеков, «Қазақ шежіресі», Алматы. «Қазақстан» баспасы, 1992 ж. Пікір жазғандар: М.Қозыбаев, С.Қирабаев, Х.Арғынбеков, Х.Маданов). Сондай-ақ, «Сыр бойы» газетінде жарияланған мақалада да оқиға дәл осылай өрбиді. (Ш.Серікбайұлы, «Ғалымның ғажайып әңгімелері», «Сыр бойы», 23.05.2000 ж.)
Міне, осы оқиғадан соң ел Сейітпенбеттің есіміне «Ер» деген атауды қосып, «Ер Сейітпенбет қожа» деп атап кетеді, әулетін де пір тұтып, ұрпағын ұлықтап, үрім-бұтағын сыйлап келеді. Айта кетейік, оттан аман шыққан әулие-Ер Сейітпенбеттің шапанының шалғайының бір ұшы ғана күйіп, сарғайып қалған екен. Мұның мәнісін сұрағандарға әулие: «Қыз бала нәрестені алдыма алып отырғанымда шалғайыма дәреті тиіп еді», – деп жауап беріпті. Бұл Ер Сейітпенбет қожаның жаны да, киімі де пәк, мұнтаздай таза болғандығынан дерек бергендей.
Шығыстың жеті жұлдызының бірі атанған ұлы ақын Әлішер Науаи осындай кереметті діни философия-иллаһият арқылы түсіндірген екен. Ол өзінің «Хайраттул Акбар» (Ташкент, 1974ж.) және «Насоимул мухаббат» (1968ж.) шығармаларында әулиелердің жазда қара суды қатыра алатыны, теріс ағызатыны, бұрын көрмеген кісінің келуін біле алатындығы, Мағрибтан Машриққа дейін көзді ашып-жұмғанша жете алатыны, дарияның бетінде, судың үстінде жүре алатыны, құстар мен жануарлардың тілін түсіне алатыны, от ішінде емін-еркін тұра алатыны, отқа түссе жанбайтыны, аспанды кезе алатыны, қорғандарды бір саусақпен түртіп құлата алатыны, т.б. кереметтерді көрсете алатынын жазған.
«...Пірлер өте зәру кезде, басқа күн туған уақытта, қатты сыналуға тура келгенде ғана болмаса басқа уақытта керемет көрсетпеген. ...90 түйе отын екі күн жанғанда одан аман-есен шығу – Аллаһ Тағаланың ізімен оған жеткен, оған жіберілген ілімнің, шеккен риязаттың жемісі. Ер Сейітпенбет пірдің басындағы жағдай – бұған дәлел». (Ә.Қаба, «90 түйе отын екі күн жанғанда от ішінен күймей шыққан әулие», «Жас алаш», №157, 20.08.2005 ж.).
Ер Сейітпенбет көз жұмарда балаларына, мүридтеріне, жоғарыда айтқандай, аманатын айтып кетеді. Көп ұзамай әулие дүниеден өтеді. Ел-жұрт аманатын орындап, Ер Сейітпенбеттің денесін ақ нарға жүктейді. Нар түйе ен даланы кесіп өтіп, дарияға таяйды. Сонда ел тағы бір кереметке куә болады. Дария қақ айырылып, түйе өзеннің түбінен өтіп, Қызылқұмды бетке алады. Ұшан-теңіз тақырды басып өтіп, «Бас Сарбұлақ» (Арғы жағын «Аяқ Сарбұлақ» деп атайды) деген жерге жетіп шөгеді. Әулие сонда жерленеді. Өзі айтқандай, жерлеу рәсімі болған мерзімнен 40 күн өткенде құт мекен Қызылқұмды мекен еткен батыр әрі ғұлама діндар, төлеңгіт руының көсемі Көккөз батыр көз жұмады. Батыр өлерінде өзін Ер Сейітпенбет қожаның қасына жерлеуін өсиет етеді. Туысқандары батырдың өсиетін орындапты. Жыл өте келе Бас Сарбұлақтағы қос мола үлкен қорымға айналады. Кіші жүздің белгілі тұлғалары сол қорымға жерленеді. Біздің білетініміз: бірнеше қожа, төрелер, дінбасылар, Байсарының (Кете), Әлімнің Шектісінің, Шөменнің Шөмекейінің белгілі тұлғасы осы қорымда жерленген. Жомарттығымен мәшһүр болған Қошқаралы Сансызбай сахи, Шыбынтай, Жолай руынан шыққан атақты билер – Өтетілеу, Пірәлі, Алмастар, жалпы Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл руларынан шыққан басқа да би-болыстар сол мазарда мәңгілікке тыным тапқан.
Осы тұста айта кететін жайт, Ер Сейітпенбет ұрпағының басым көпшілігі туған өлкеден жырақта ғұмыр кешті. Анығы – кезінде Қазақ АССР-нің құрамында 1928 жылы 12 сәуірде құрылып, кейін солақай саясат кесіріненӨзбекстанға еріксіз берілген Тамды ауданында, сондай-ақ Кенимех, Үшқұдық аудандарында өмір сүрді. Шежі­­ре­ші қариялар да сонда болды. Сондықтан болар, Сыр еліндегі Ер Сейітпенбет ұрпағының қолында дәйекті шежіре болған жоқ. Соның нәтижесінде Қорасан атадан тарайтын Ер Сейітпенбет қожаны бәзбіреулер бірде Сейіт қожаларға, бірде Дуана қожаларға, кейде тағы басқа аталықтарға қосып жаңылысып жүр. Дуана қожалардың сүйенетін дәлелі – Ер Сейітпенбеттің әкесінің атына ұқсас болғандықтан, «Сейітпенбет – Қожжан атамыздың перзенті» дейді. Әсілі, ол Қожжан қожа мен Ер Сейітпенбеттің әкесі Қожажан қожа мүлде басқа-басқа тұлғалар. Қажы Мәді (Диуана) қожа ұлы Қожа Жаһан (Қожжан) - өмір сүрген уақыты XVІ ғасырдың соңы мен XVІІ ғасырдың басы деген де болжамды дерек бар. Ал Ер Сейітпенбетқожа ХVIII ғасырдың соңы мен ХIХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен. Сондай-ақ, Ер Сейітпенбет қожаның ұрпақтарының құлпытастарына ежелден «руы – Қорасан қожа» деп жазылып келе жатқаны дәлел.
Сонымен қатар, шежіреші Х.Мадановтың «Кіші жүздің шежіресі» («Атамұра» баспасы, Алматы, 1994 ж.) кітабындағы Сейітпенбет қожаның әкесі, інісі және балалары туралы деректер де мүлдем шындыққа жанаспайды. Онда көрсетілгендей, Сейітпенбеттің әкесінің аты Әзім емес және Әлимұхаммед деген інісі, Назар, Кердері деген балалары болған емес. Ұрпақтарында сақталып келе жатқан өз мөрінде «Сайд Мухаммад бини Қожажан қожа» яғни «Қожажан қожаұлы Сайдмұхаммад» деп анық жазылып тұр. Осы ретте айта кетсек – Ер Сейітпенбет қожаның өз мөрі (суретте) бүгінде Түлкібаста тұратын Якуб (Жақып) қожа Нәжмаддинұлының отбасында сақтаулы тұр.
Ер Сейітпенбет қожа ұрпақтарын ел «Ер Сейітпенбет қожалар» деп атаса, сұрасқан елге өздерін: «Қорасан қожа тайпасынан тарайтын Ер Сейітпенбет қожа руынанбыз» деп таныстырады. Ер Сейітпенбет қожа ұрпақтары арасында діни көсем, шежіреші шешен, елге танылған, ауыл-елді басқарған, жоғары қызметтер атқарған азаматтар аз емес. Олар: Шаханай қожа, Пірман ишан, Әшрафаддин Абдуллаұлы, Маханбетияр Жолдасұлы, Ләтіп Мірәшімұлы, Бәйіш Шүкірәліұлы, Рәмет Әмірұлы, Әбибулла Мүсірәліұлы, Тәкей Есетов, Тұрар Біләлов, Жүсіп Әлқожаұлы, Сәли Маханбетиярұлы, Раушанбек Ләтіпұлы, Сайфуддин Әби­бул­лаұлы, Байназар Назарұлы, т.б. азамат­тардың есімін атап өтеміз.
Реті келгенде Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр елінің ардақты ұлы Тәкей Есетұлы Есетовтің тегі туралы да айта кетсек артық болмас. Тәкей марқұм Ер Сейітпенбеттің жеті ұлының бірі Әбдіжаппардан тарайды. Әбдіжаппардың бір ұлы Қарақожа, одан Қалдар, одан Асыл. Ал Асылдан Есет, Әбу, Әли, Жәнібек. Есеттен Тәкей. Асылын ардақтай білетін Сыр елі бір мектеп-лицейге және бірнеше көшеге Т.Есетовтің есімін берген.


Қали ЖОЛДАСОВ
18 желтоқсан 2019 ж. 1 570 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031