ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ НАСИХАТТАҒАН ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫС
№85 орта мектеп кітапханасында «Зияткер отбасы» тақырыбында отбасылық сайыс өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық мұраны насихаттау, адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу.
Сайысқа Орақбаев, Жұбанышов, Сәрсенбеков, Сахитжанов, Айжарықов, Орынбасаровтар отбасы қатысып, олар «Бәйге», «Құндылықтар қоржыны», «Тарихи сырлы, ертеңі нұрлы Қазақстан», «Ұлы адамдар» «Логикалық сұрақтар» кезеңдері бойынша бақ сынасты.
Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүиеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Сайыс психологиялық тренингпен басталды. Отбасы қатысушыларға әр кезең бойынша он сұрақтан қойылды. Бәйге кезеңінде ата-анаға балдарының нені жақсы көретіндіктері жайлы сұрақ қойылса, Құндылықтар қоржыны,Тарихи сырлы, ертеңі нұрлы Қазақстан, Ұлы адамдар бөлімдерінде интерактивті тақтадан ұяшықтар таңдау арқылы сұраққа жауап беру, Логикалық сұрақтар бөлімінде сандықшадағы сауалдар арқылы жауап берілді.
Әрбір отбасы қойылған сұрақтарға толық жауап беріп отырды. Сайысты әділ-қазылар қорытындылай келе қатысқан алты отбасының ішінен Орынбасаровтар отбасы бірінші орынды иеленіп, аймақтық жарысқа қатысуға жолдама алды.
Заман өзгерсе де ұлттық салтдәстүрлеріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту баршаға міндет. Бабалардан қалған ұлағаттан ғибрат алу. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар», салтын сүйген әрбір жас ұрпақ – болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдіміз.
Ж.НӘРІКБАЕВА,
№85 мектеп кітапханашысы