Қызылордалық 10 жастағы қыз оннан аса жырды жатқа біледі
Қаршадай қызды үйірмеге әжесі алып келген.
Аядай ауылда 2 жыр-терме үйірмесі жұмыс істеп тұр. 100 жырау шыққан топырақтың жасы да, жасамысы да домбыра тарта алады, деп хабарлайды Inbusiness.kzтілшісі.
Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі 2006 жылы ашылған. Қазіргі уақытта жеті жыр-терме, бір ақындық, бір қыл қобыз үйірмелері жұмыс істейді, әр үйірмеде он сегіз оқушыдан бар.
- Шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық байқау-фестивальдарға қатысып жүр. Мен "Жиенбай жырау" үйірмесінде жұмыс істеймін. Оқушыларды алғаш домбыра құрылысымен таныстырып, оң қол, сол қол жаттығуын жасатамыз.Тұмағамбет, Шораяқтың Омары, Оңғар жырау, т.б. ақын-жыраулардың терме-толғауларын, мысал өлеңдерін мақам-сазға салып үйретеміз. Осы үйірмедегі он жастағы Фатима Мархабатова шәкіртім оннан аса мысал-термелер біледі, - дейді Дінислам Тоқсанбаев.
Үйірмеге алғаш рет Фатиманы әжесі ертіп келген. Ұстазы сол уақыттағы диалогты әлі күнге дейін жадында сақтапты.
- "Домбыраға апаршы" деп қоймаған соң әкелдім" деді әжесі. Ертең-ақ домбыраны шебер тартып, біз бен сізге жүлде алып, атымызды осы қыз шығарады, апа" деп айтқаным есімде. Міне, соның нәтижесі ғой. Ауыл халқы, аудан халқы әрдайым Фатиманың өнер жолына бата беріп, тілектестігін білдіріп отырады, - дейді ол.
Кішкентай жыраудың арманы асқақ. Ол атадан балаға жеткен бекзат өнерді әлемге танытуды көздейді.
- Мен үйірмеге 7 жасымда келдім. Қазір 10-нан аса жыр-дастандарды жатқа айтамын. Болашақта елімді әлемге танытар жыршы болғым келеді, - дейді 10 жастағы өнерлі қыз.
Аты алашқа белгілі Шораяқтың Омарының шөбересі, ұстаз Дінислам Тоқсанбаев шәкірттері шыңға шықса ерекше қуанатынын айтты.
- Менің алғашқы шәкірттерімнің бірі – Әлішер Мырзағалиев қазіргі уақытта өзіммен қызметтес болып жүр. Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде Шұғыла Мархабатова және Арай Оңғарқызы есімді екі шәкіртім білім алуда. Одан өзге де көптеген оқушым өз өнерін ел ішінде көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленуде. Шәкірттерім жетістікке жетсе, төбем көкке жеткендей қуанамын, - дейді ол.
Кішкентай ғана Тұрмағанбет ауылында "Жиенбай жырау" және "Тасберген жырау" атындағы қос жыр-терме үйірмесі жұмыс істейді. Мұның өзі осындағы ел-жұрттың саф өнерге деген құрметі екенін аңғартса керек.