Өнер – ұрпаққа үлгі, елге мұра
qarmaqshy-tany.kz Жыл басында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл дегеніміз – биылғы жылы жас буынның білімі мен тәрбиесіне баса мән беріледі деген сөз. Жыл басынан бері Жыраулар үйінде «Балалар жылына» байланысты түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. Әдеттегідей Жыраулар үйі шәкірттерінің жетістіктері де баршылық. Атап айтсақ, үйірме мүшелері түрлі деңгейдегі республикалық, облыстық, аудандық 9 байқауға қатысып, өнерпаздарымыз 5 бас жүлдені қанжығасына байласа, 7 бірінші орын, 15 екінші орын және 9 үшінші орынды иеленді. Жақсы көрсеткіш көрсетіп, жетістіктерге жетуі әрбір үйірме жетекшілерінің өз еңбегінің нәтижесі мен біліктілігінің арқасы деп білеміз.
Жақында аудандық Жыраулар үйінде аудан әкімінің қолдауымен, «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «2022 – Балалар жылына» орай «Өнер – ұрпаққа үлгі, елге мұра» тақырыбында үйірмелер арасындағы жылдық есептік концерт өткізілді.
Іс-шара «Үйірменің үйретері көп» тақырыбындағы сурет көрмесін тамашалаумен басталып, өнер концертіне жалғасты. Жыраулар үйіне қарасты үйірмелердің жыл көлеміндегі үйренген жыр қоры мен жаңа жаңалықтарын көпшілікке көрсету, таныту мақсатындағы бұл жиынды «Тұрмағамбет» ақындар үйірмесінің шәкірттері айтыспен ашып, әрі қарай жас термешілер бар өнерлерін ортаға салды. Тағылымы мол концертті халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері Арай Оңғарқызы мен жас шәкірт Нұртілек Айтбай өз деңгейінде жүргізді.
Қатысушыларды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов марапаттап, сыйлықтар табыстады.
Қамар СӘРСЕНБАЕВА,
К.Рүстембеков атындағы жыраулар
үйінің мәдени ұйымдастырушысы