» » » Жыраулар шығармасы тұнып тұрған тәрбие

Жыраулар шығармасы тұнып тұрған тәрбие

qarmaqshy-tany.kz Жыраулық – текті өнер. Онда қазақтың бүкіл болмысы, салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесі жинақталған. Кешегі бабалардың қоңыр үні қазақтың қасиетті қара домбырасымен ұрпақтан- ұрпаққа жетіп, мирас болып келеді. Осындай киелі өнердің дәнін ұрпақ бойына егіп келе жатқан ұлағатты ұстаздың бірі – ауданымыздағы К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйіне қарасты Ақжар ауылындағы «Рүстембек жырау» үйірмесінің жетекшісі Балтабай Бедебаев бауырымыз.
Адамның тектілігі оның қарапайымдылығынан көрініп тұрады. Қаншалықты аты айға жетіп тұрса да, халық алдындағы беделі мен сый-құрметі тасып тұрса да сол қарапайым қалыптан шықпайды. Салмақ пен сабырды серік еткен өнер иесін өзі туып-өскен Ақжар ауылына іздеп бардық. Салиқалы сөз өрбітіп, кейбір оқырман біле бермейтін қыр-сырымен таныстық.
– Қарапайым отбасынан шыққанмын. Ата-анам еңбек адамдары. Әкем Хасен, анам Гүлжахан еңбекпен өсіп-өнген жандар болды. Ақжардың тумалары. Кезінде мал шаруашылығымен айналысқан. Жаста йымнан өнерге жақын болып өстім. Өйткені ағаларымның бәрі үйде домбыра тартатын. Үлкен ағамның есімі Ібіраш та, одан кейінгі ағамның аты Ше гебай. Екеуі де өнерден кенде емес. Ата-анадан тараған 3 қыз, 3 ұлмыз. Ібіраш ағам қазір зейнет демалысында. Кіші ағам домбыраны отбасында тартса, үлкен ағам 1958 жылы осы жер де салынған Әбдуәли Бөлегенов атындағы клуб болды, сол уақыттарда Бидас ағалардың жас кезі. Сол кісілер домбырадан оркестр құрып, халыққа қызмет істеді. Ібекең де осы оркестрдің құрамында болып, өнер көрсетті. Олар концерт қойып жатқанда мен клубтың есігінен сығалап жүретінмін. Қызығушылығым зор болған шығар деп ойлаймын. Онда мен 7-8 жастағы баламын. Ал нақты сахнаға шыға бастаған кезім сол 5 сынып, – дейді жыршы-термеші.
Бір қызығы, Балтабай Хасенұлы бала кезінде домбырадан жыр-терме үйрену үшін үнемі ағасының жұмыстан келгенін күтіп отырады екен. Ібіраш ағасы ауылда механизатор болып істеген. Қанша дегенмен қол жұмысы күшке тиеді. Бірде көңілді болса, бірде шаршаңқы келеді. Сондай сәттерде бала жүрек алып-ұшып ағасына жетіп барғанда көкесінің алдымен бет-жүзіне қарайды екен. Оның бұлай жасауы себепсіз де емес еді. Аға көңілі сергек болса інісінің қолын қайтармай, үйрете кетсе, шаршап келген күндері домбыраны іргеге сүйей салатын болған. Бірақ қандай жағдай болса да бала Балтабайдың ұлттық аспапқа деген қызығушылығы бір басылған емес-ті. Сөйтіп келе-келе Бидас, Алшынбек секілді жыр жүйріктерінен тәлім алып, соларға қарап бой түзейді.
«Негізі мен домбыраны өз еркіммен үйрендім. Тікелей ұстазым – өзімнің туған ағам Ібекең» дейді ол өнердегі һәм өмірдегі ағасына құрметін асырып.
Өмірде қарап отырсақ, адамның тағдырына әсер ететін сәттер болады. Мұндай сәттер сені көкке төбеңді бір елі ғана жеткізбей, алдағы Алла беретін ғұмырыңа оң әсерін тигізеді. Дәл осындай қуанышты жағдай біздің кейіпкеріміздің де басын да болған еді. Оны өз аузынан тыңдасақ.
– 1986 жылы Қызылорда қаласында үш күн бойы Н.Бекежанов атындағы драма театрда республикалық ақындар айтысы болды. Театрдың ашылу құрметіне дүркіреген той өтті. Сол іс-шараға жырау Шамшат Төлепова апамыздың Амантай Шадиев атты шәкірті екеумізді осы айтысқа апарды. Тойдан соң мен «Бала жырау Балтабай» атанып кеттім. Өнерімізге ризалық пейілмен елімізге белгілі айтыскер ақын Манап Көкенов көкеміз бізге сыйға домбыра тарту етті. Ұйымдастырушылар тарапынан сол уақыттың ең жоғары марапаты – Бүкілодақтық дәрежедегі дипломға ие болдық. Айтыс үш күнге созылды. Екі ақын айтысқаннан кейін ор тасында екеумізді кезекпе-кезек жыр жырлатып қойды. Танымал жырау Алмас Алматов ағамыздың да көзіне түскенім осы іс-шара болған. Жырау ағамыз мені консерваторияға оқуға шақырды. 10 сыныпты бітірдім. Үйде анам екеуміз ғана. Мектепті аяқтаған соң ауылда бір жылдай жүрдім. Арнұр Көшеней де мектеп бітірді сол шақта. Бәріміз бір ауылданбыз. Алмас ағам Арнұрды алып кетуге келді. Ол қанша дегенмен алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы ғой. Сол келгенінде ағамыз маған да Алматыға жүр деп ұсыныс білдірді. Шынын айтқанда онда менде қаражат болмады. Әкемнен 7 жасымнан қалғанмын. Анамыз алты баланы бағып-қағып өсірді. Қыздар тұрмысқа шығып жатты. Студенттері бар арасында. Сол жылы әскерге кетіп қалдым. Әскерден келген де Алмас аға 1991 жылы Қорқыт ата атындағы университеттен «Жыраулар» факультетін ашып жатыр екен. Оған да мүмкіндік болып еді. Бірақ анам мені әскерден келгенімді екі жыл бойы күтті ғой. Анамнан тағы да алыстап кете алмадым. Оған қоса бауырларым үйленуің керек деп ақылдарын айтты. Жиырма жыл бойы ауылда жұмысшы болып істедім. Күріш ектім, бақша салдым. Трактор тізгіндедім. Қосымша көмек болсын деп той жүргізіп те жүрдім. Сондай бір күнде 2007 жылы бол са керек, Арнұр хабарласып, «Балтабай, ағайын-туыспыз. Бір ауылда өстік. Енді ауылдан үйірме ашу керек. Штаты бар жұмыс. Ата-анам, ата-бабамның бәрі осында жатыр. Үйірме ашылғасын үлкен іс-шаралар болады. Басқа жұрт елге барады. Ойпырмай, елде осындай бір үйірме жоқ деген қалай болады?» деп өз ойын айтты. Ауданды Ырзақұл Нұртаев ағамыз басқарып тұрған түс. Келісейін десем, менде біріншіден диплом жоқ, екіншіден ертең баламен жұмыс істеймін. Оған үйретуім керек. Педагогикалық әдістемеден және алыспын. Жиырма жыл қара жұмыста жүріп қол шығып кеткені бар деп жауап бердім. Сонда Арнұр «Бәке, мен саған сенемін. Халықтың алдына менен бұрын шыққан адамсың. Мен алты айға дейін сізді қозғамаймын. Балаларды шығарып алыңыз» деп алты үнтаспа берді. Бұл қалай болар екен деген ойда «көрейін» деп келісімімді бердім. Содан намысқа тырысып, үш-төрт айда бала шығардым. Ауылда Сапарбек Асқаров ағамыз әкім болатын. Осы кісінің қолдауы маған қанат бітірді. Ауыл әкімшілігі ғимаратынан бөлме бөлді. Сөйтіп жүргенде Қорқыт ата атындағы университеттің «Жыраулық» факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны бітіріп те алдым, – дейді үйірме жетекшісі өзінің тағдырына әсер еткен күндерін есіне алып.
«Балапанды күзде сана» дегендей, Балтабай Хасенұлының шәкірттері бүгінде тарыдай шашылып, еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүрлі өнердің көрігін қыздырып жүр. Оның алғашқы шығарған шәкірті Меруерт Тұрлығұлова ұстаз еңбегін ақтап, өнер жолына түскен кәсіби маман атанған. Қазір Қызылордада тұрады. Тұрмыс құрған. Өнер саласында ұстаздық етуде. Одан кейінгі шәкірті жыршының бел баласы Марат Хасенов. Ол да қаладағы Қазанғап атындағы колледждің түлегі. Консерваторияны бітіріп, мектепте шертер аспабынан ұстаздық етуде. Келесі шәкірті Меруерттің сіңлісі Жұлдызай Тұрлығұлова. Жас өнерпаздар ағайынды жігіттердің балалары. Ол да Қорқыт университетін бітіріп, Арал ауда нына тұрмысқа шыққан. Өнерлі отбасына келін болып түскен ол жыршылық-жыраулық өнерді жалғастыруда. Енді бір шәкірті Фариза Хасенова, ол да ұстаздың төл перзенті. Келесі шәкірті Динара Шоңбаева. Екеуі орта мектепте бір сыныпта оқып, 4 сыныпта оқып жүргенінде бір-бірінің қолынан жетектеп келіп, үйірмеден сабақ алған. Бұлар да колледжді бітіріп, Фа риза – консерваторияда Ұлжан Байбосынованың шәкірті, Динара – жыраулық өнер бойынша жоғары білім алуда. Осылардан кейінгі буын өкілі Гаухар Ахметова да арнайы оқу орнына түсті. Танымал жырау Айдос Рахметовтың талантты шәкіртінің бірі. Қазір үйірмеде 18 бала қамтылған. Олардың қайсысы да облыстық, аудандық байқауларға қатысып жүрген талабы таудай өнерпаздар. Терме үйрету оңай емес. Сырттан қарағанға жылы жерде отыр, үйретеді, не қиындығы бар болып көрінуі мүмкін. Ал шын туайтында оның бәрі талдауды қажет етеді. Термені айтасыз-ау, бірақ сөзінің мағынасын оқушы түсінбей жатса, одан нәтиже шығару екіталай іс. Себебі кейбір ескі сөздер мен афоризмдерді бала түгілі ересек адамның өзі түсінбей жатады. Бұл сөзімізді үйірме жетекшісі де қолдай кетті.
– Мысалы, баһадүр деген кім? Шораяқтың Омарында «Баһадүр деп білмеңіз, Жиын ды бұзған тентекті» деп жазады. Сөздің мағынасына түспеген соң бала термені үйрене ал майды. Жыраулық өнер де ине мен құдық қазғандай. Қазіргі шәкірттерім Нұрсезім Сағатова, Жанел Тоқтарова, Іңкәр Шалқаровалардың болашағынан зор үміт күтемін. Мектептің бір сыныбынан үйірмеге қатысатын алты қыз бар. Жарысып келеді. Аружан Тұрабай, Қарақат Әбуова, Ұлбосын Бекжалғасова, Ақерке Шоңбаева, Ақерке Шарападин, Ақгүлім Шегебаевалардың да жыраулыққа деген ықыластары мені қатты қуантады. Оңталап Төлен, өзімнің кенжем Талант Балтабай, Еркін Бейбіт деген шәкірттерімнің есімдерін ерек ше атап өтер едім. Биыл осы шәкірттерімнің қатарын тағы да үш оқушы толтырып отыр. Терме күрделі өнер. Онда нота жоқ. Нотаға келтіре алмайсыз. Сыр бойындағы, Қармақшы өңіріндегі жыраулар мен сүлейлердің мақам-саздарын үйретемін. Дауыс тыңдаймын. Есте сақтау, тыңдау қабілетіне қараймын. Басқа балаларым да өнерде жүр, кенжемнің де өнерде жүруі шарт емес шығар деп Талантымды жақындатпағанмын. Бірақ отбасында әр бөлмеге кіріп кетіп, домбыраны дыңғырлатып жүретінін байқайтынмын. Бір күні өзі келді үйретіңізші деп. Адам бойындағы генетикалық қасиет бәрібір ұрпақтан шығады екен. Соған көзім анық жетті. Көрсетіп едім бірден алып кетті. Бір жылдың ішінде жыр-термелерді жап-жақсы меңгеріп қалды. Үлкеніміз әжесінің баласы. Одан кейінгі Марат, Фариза, Талант үшеуі өнер жолында. Гүлім деген қызым 10 сыныптың оқушысы. Оның да ән айтатыны бар. Анамыздың анасы қолымызда болды. Ұлдарының бәрі шешек ауруынан қайтыс болып кеткен. Анам бір өзі ғана қалған. Сол нағашы әжеміз өте тазайым, ұқыпты кісі еді. Кетенің Дуаны. Рүстембек жырау да Құлыстың Дуаны. Рүстембек әкемізбен түйдей құрдас болған. Үйде ыңылдап жыр-термелердің мақам-сазын айтып жүретін. Анамыз «Біздің үйге Рүстембек жырау келіп тұрушы еді. Ол келгенде жоқ нәрсенің барлығы табыла кететін» деп отыратын. Таңды таңға ұрып жырлайтын өнер иесін тыңдауға келгендердің бірі нанын, бірі ай ранын әкелетін болған. Естігенім жыр Құлыстың ішінен Дуанға қонған деп айтатын. Осы қабілет сол кісіден дарыған ба дейміз. Үлкен нағашыдан келген болуы керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Сөйлеген сөзінен, сөз сап тауынан, жүріс-тұрысынан зиялылықтың жібі ескен ұлағатты ұстаздың өз айтары бар. «Мен балаға бірден домбыра ұстата салмаймын. Алдымен Тұрмағамбет не туралы айтып тұр? Оны бала ұға ма, ұқпай ма? Егер бала шығарманың мазмұнын түсінсе, ол баланың бойында таланттың ұшқыны бар деген сөз. Қанша түсіндіріп айтқаныңмен ертеңгі күні сол нәрсені айтып бере алмаса, еңбегіңнің еш кеткені. Кейбір баланың алты айдан соң ашылғаны бар. Бұрыннан келе жатқандарды басып озғандарын да айта кетейін. Таңғалмаңыз дейтінім сол. Мектептен бастап, бірінші сыныптан-ақ оқу бағдарламасына Сыр сүлейлерінің шығармаларын кіргізу керек. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні одан байымаса, кедей болып қалмайды. Жыршы-жыраулардың шығармасын жаттаған балаға тәрбие жайында миын ашытып айта берудің қажеті шамалы. Өйткені бүкіл ұлттық дәстүр мен тәрбие, құндылық осы жыршылық өнердің тұла бойында тұнып тұр. Жақсы мен жаман, оң мен сол, бәрі осында тайға таңба басқандай етіп ап-анық көрсетілген. Кейде тіпті жылағың келеді. Адам бола алмай жүргенімізге. Бір-бірімізге жанымыз ашымайды» дейді көкейіндегісін іркіп қалмаған жыр жампозы.
Балтабай Хасенұлы отбасы да жары Жанар Рысбековамен бірге 5 бала, 3 немере өсіріп отырған бақытты жандар. Есімі республикаға танымал жыршы-термешінің жыр қоржынында «Шаһнама» дастанынан 80 шумақ үзінді және одан бөлек, Сыр сүлейлері мен жергілікті ақын-жыраулардың ондаған жыр-термесі бар.
Сәрсенкүл Жаудатбекқызы
26 қараша 2022 ж. 540 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031