Баба рухына тағзым
Жуырда Қармақшы ауданының 90 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде өңірге белгілі тұлғалар Қорғанбек Мықаев, Бодан Қорғанбекұлы мен Рабиға Сүлейменқызын еске алуға арналған танымдық шаралар өтті. Ең алдымен ардақты азаматтарды еске алуға арнайы түсірілген «Бодан аманаты» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Мұнан кейін еске алуға жиналған қалың көрермен өзара пікір алмасып, естелік әңгімелерімен бөлісті.
Артынша өлең-жырдың бесігі атанған қасиетті өңірде ел ардақтыларын еске алуға арналған «Еңбекпен өрілген өмір» атты облыстық жыраулар фестивалі өтті. Фестивальға облыстық деңгейдегі жыр жампоздары Б.Саймағанбетов, Ш.Бимбетова, А.Көшеней, Б.Бедебаев, М.Сәрсенбаева, А.Рахметов, Р.Ахтметов, Ә.Қуанбаев, Б.Төлеубай, М.Сүгірбай, Б.Баймұратовтар қатысты. Сонымен қатар, өнерпаздар қазақ халқының көне аспабы, ұлттық мәдениеттің алтын діңгегі қобызбен де өнер көрсетіп, халыққа рухани дем берді.
Шара соңы ескі аэропорт маңындағы ипподромда ұлттық спорт – бәйге (аламан бәйге, құнан бәйге, тай бәйге), қазақша күрес (түйе палуан), қой көтеру жарысына ұласты.
Нәтижесінде тай бәйгесінен қармақшылық Р.Аршабеков ІІІ орыннан көрінсе, А.Таңсыбай ІІ орынды иеленіп, айдынды Арал ауданынан келген Т.Бекзахұлы І орынды қанжығасына байлады. Құнан бәйгеде 12 шақырымдық жерге 4 айналым жасаған шабандоз Б.Есенбек ІІІ орынды иеленсе, шиелілік Н.Сайлау ІІ орынды иемденіп, қармақшылық Е.Амангелдиевтің «Таңшолпаны» тұғырлы І орынды меншіктеді. Ал, аламанда 21 шақырымға 7 айналым жасаған Б.Айтуаров V орынды қанжығасына байласа, Н.Байтабынов IV орынды місе тұтты. Сырдариядан келген А.Таңсыбай ІІІ орыннан көрінсе, созақтық Н.Мелдібек ІІ орынды иеленді. Қарсыластарының қайсарлығына мойымаған Шиелі ауданынан келген Н.Сайлаудың «Күншуақ» тортөбелі оқ бойы озық шауып жүлделі І орынды иеленді.
Сондай-ақ, қазақша күресте ауданның түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бақ сынады. Төселген күрес кілемінде додаға түскен 66 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Н.Тілеубергенов ІІІ орынға лайық деп танылса, Ж.Бердібеков ІІ орынмен оза шығып, А.Жалғасбекұлы тұғырлы І орыннан көрінді. Ал, 100 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Е.Сақтағанов ІІІ орын, А.Жыланбасов ІІ орын, Ә.Әбдреев І орынның жеңімпаздары атанды. Ал, қой көтеру сайысы бойынша М.Орынғалиев марқаны 140 рет көтеріп ІІІ орынды, С.Алмаханов 210 рет көтеріп ІІ орынды иеленсе, 217 рет қой көтерген Ә.Әбдреев жүлделі І орынды жеңіп алды. Барлық жеңімпазға алғыс хат пен қаржылай сыйлық табысталды.
А.ӘЛИ