» » Қазақ тілінде онлайн білім алудың оңайлығы

Қазақ тілінде онлайн білім алудың оңайлығы


Өткен жылы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры (бұрынғы WikiBilim) мен «Кселл» АҚ құрған «Қазақстанның ашық университеті» бірлескен бірегей жобасы еліміздің Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚБТУ, AlmaU, SDU, Математика және математикалық модельдеу институты сияқты жетекші жоғарғы оқу орындарымен серіктестік орната отырып, Қазақстанда мемлекеттік тілдегі ашық онлайн білім беруді дамытуды қолға алған болатын. «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханулы, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ жобалар жетекшісі Айнұр Сәтекова, «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова тілшілермен таңғы шай түрінде өткен арнайы басқосуда аталмыш жоба жұмысы басталған тоғыз ай ішіндегі атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.  
Бүгінгі күнге дейін OpenU.kz білім беру онлайн-платформасына тіркелген тыңдаушылардың саны 1013 адамға жеткенін жеткізген «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жоба қазақстандықтардың ғылыми-техникалық салалар мен нарыққа қажетті басқа да мамандықтар бойынша тегін білім алуына жағдай жасап отыр. «Біздің «кез келген адамға ашық сапалы білім» деген миссиямызды OpenU дәл айқындап береді. Ашық университет платформасын жасау қара бастың қамы емес, ол – білімнің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін, күн сайын жақсара түсетін, ашық бола түсетін құрал. Біздің осы бастамамызға түсіністік танытып, қолдау көрсеткен «Кселл» компаниясына алғысымызды айтамыз», деді Рауан Кенжеханұлы.  
«Қазақстанның ашық университеті» білім беру онлайн-платформасында математика, физика, информатика сияқты ірі ғылым салаларымен бірге, бизнесті жоспарлау мен басқару, web-бағдарламалау, автоматтандырылған құрылғылар жасау, бағдарлама тілімен күрделі технологияларды моделдеу және құрастыру сияқты ІТ саласының кәсіби мамандарына арналған дәрістерді табуға болады деген құрастырушылар 80 пайызға жуығы қазақ тіліндегі бірегей онлайн-контенттің тіркелген тыңдарманы көп дәрістері қатарында «Java тіліндегі компьютер ғылымдарына кіріспе», «Web-бағдарламалау негіздері», «Робот техникасы» курстарын атап өтті. Шалғай ауылдық жерлерде орналасқан жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмас білім көзі болып саналар бұл онлайн-оқу орны, яғни «Қазақстанның ашық университеті» жобасына Қ.И.Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университеті (ҚазҰЗТУ), Қазақстан-Британ Техникалық Университеті (ҚБТУ), Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU), С.Демирел атындағы Университет (SDU), Математика және математикалық модельдеу институты сияқты озық жоғары оқу орындары серіктес болған. Аталған оқу орындарында қызмет ететін Асқар Жұмаділдаев, Арман Сүлейменов, Әсел Арын, Ардақ Шалқарбайтегі сынды көптеген білікті оқытушылар мен  ІТ саласының жетекші мамандары дәрістер оқып, қажетті видеоматериалдарды жасауға атсалысып, қолдау көрсеткен.    
Ұйымдастырушыларының айтуынша, онлайн курстардың ашылуы интернет-технология қарқынды дамып жатқан қазіргі қоғам тарапынан аса жылы қабылданып, оқушылар саны жылдам арта түскен жоба Ұлттық білім беру платформасы ретінде қабылданған.
«Қазақстандықтардың OpenU.kz-ті көптеп қолдана бастағанына қуаныштымыз. Бұл көрсеткіш осы платформаға орналастырылған курстар шын мәнінде сұранысқа ие және пайдалы дегенді білдіреді. Көпшілікті мемлекеттік тілдегі тегін ІТ контентке қызықтырғанын атап өткім келеді. Демек, жоба үдеден шықты және қазақстандықтар ашық digital-платформалар арқылы білім алуға дайын. Әлеуметтік жауапкершілік стратегиясын іске асырудың басым бағыттарының бірі қоғамның барлық мүшесінің білім алуына мүмкіндік ұсыну болғандықтан «Кселл» бұл жобаны одан әрі қолдай бермек», деді «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова. 
OpenU.kz платформасы әлемнің қос жетекші жоғарғы оқу орны – Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты жасаған ашық бастапқы коды бар бағдарлама – Open edX базасында құрылған. Жыл бойы оқылған дәрістер платформаның жаңартылған нұсқасына орнатылып, келешекте де қолданушылар кәдесіне жарай бермек. Қазіргі уақытта порталдан «Ақпаратты тарату жүйесі», «Бизнес-жоспарлау», «Java тіліндегі компьютер ғылымдарына кіріспе», «Матрицалар және анықтауыштар», «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік», «Робототехника», «Фурье талдауы», «Python тiлiнде бағдарламалау негiздерi», «Scratch бағдарламалау тілімен анимация және ойын құру», «Web-бағдарламалау негіздері» атты 10 курсты тыңдауға болады. 
«Қазақстан ашық университеті» алдағы уақытта қалай дамиды деген сұраққа келсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Гуманитарлық білім – қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынғаны, оларды өзге тілдерден аударып дайындау міндеті Ұлттық аударма қорына жүктелгені белгілі.  Былтырдан бері еліміздегі ең білікті мамандар жұмыла кірісіп, аударып шыққан 18 оқулық алдағы оқу жылы жоғары оқу орындарының қолына тиетін болады. Биыл тағы 30 оқулық аударуға кірісіп кеттік.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған сол оқулықтардың бәрі қосымша оқулықтар ретінде біртіндеп осы онлайн-курс платформасының қорына салынып отырмақ. Алдағы 3-4 жыл ішінде біздің қорымыз аударып жатқан 100 жаңа оқулықтың негізінде «Қазақстан ашық университетінде» ауқымды 100 жаңа онлайн-курс  ашылатын болады. Мысалы, Гарвард университетінің 850 беттен тұратын менеджемент оқулығының өзі бір курстың жүгі болмақ. Сол сияқты, қазақ тіліндегі философия, әлеуметтану, кәсіпкерлік, менеджемент сияқты ірі бағыттар да әлемдік озық оқулықтармен қамтылатын күн алыс емес», деп атап өтті Рауан Кенжеханұлы. 
 Кез келген азаматтың кез келген жерде отырып еліміздің алдыңғы қатарлы үздік профессорларының, тіпті шетелдік ғалымдардың дәрістерін тегін тыңдай алуы, әлбетте, жаңа заман талабына сай болуға ұмтылған азаматтар үшін қолжетімді мүмкіндік, ашық білім алу көзі екені анық. OpenU платформасы өз кезегінде облыстық, аймақтық деңгейдегі оқу орындары студенттерінің де білімін толықтыра түсуге септігін тигізбек. Ал «Қазақстан ашық университетіне» серіктес болған жоғарыда аталған оқу орындарының студенттері кейбір пәндерді платформада өтілетін сабақтар бойынша оқи алады дейді мамандар. Мұндай әдіс студенттің өткен тақырыпқа өз бетінше дайындалып, ізденуіне, түсінбеген тұстарын қайта қарау арқылы жете меңгеріп алуына жағдай тудырса, онлайн-дәріс оқитын оқытушылар тақта алдында ұзақ тұру қажеттілігінен арылып, сонымен қатар, студентке беретін ақпаратты аз ғана уақыт ішінде қысқа да нұсқа етіп жеткізуді дағдыға айналдыруына мүмкіндік бермек.
«Қазір күн сайып жаңарып, жетіліп жатқан соңғы үлгідегі смартфондар мен жылдам интернет мүмкіндігі қолда тұрған XXI ғасыр заманында мұндай курстардың жастарға аса қажет екені белгілі.  Өкінішке қарай, оқытушылардың басым бөлігі әлі де болса осындай онлайн-курстардан немесе жаңа  әдістерден қорқақтап, бойларын аулақ салуға тырысады. Бірақ онлайн-білім беру платформалары «мұғалім керек емес» дегенді білдірмейтінін, керісінше, білім алушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын жаңа мүмкіндік көзі екенін оқытушылар қауымына көптеп түсіндіру қажет» екенін айтты «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ жобалар жетекшісі А.Сәтекова. 
Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айрықша тоқталып өткен білім берудің жаңа сапасын, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бағытында қолға алынып жатқан алғашқы жобалардың бірі деуге тұратын мұндай онлайн-білім беру платформалары қолына алдымен қалам-дәптер емес, смартфон ұстап сауат ашып жатқан кейінгі ұрпақ өмірінде айрықша рөл атқаратын маңызды факторға айналары хақ. 

18 қаңтар 2018 ж. 1 081 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031