Синоптиктер: Елімізде қолайлы метеожағдай күтіледі
25 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайлы метеорологиялық жағдайлар күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мамандардың болжамына сәйкес, метеорологиялық жағдайлар ауаның табиғи жолмен тазаруына ықпал етіп, атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды қоспалардың жиналуына жол бермейді.
Қолайлы метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – зиянды қоспалардың таралуына ықпал етіп, олардың атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында шоғырлануына кедергі келтіретін ауа райы факторларының жиынтығы.
Ауаның ластану деңгейіне әсер ететін маңызды факторлардың қатарына желдің жылдамдығы, жауын-шашынның болуы, ауа ылғалдылығы мен температурасы жатады.
Қолайлы метеорологиялық жағдайларда ауа массалары өнеркәсіптік кәсіпорындардан, автокөліктерден және жылыту жүйелерінен бөлінетін зиянды шығарындылардың таралуына ықпал етеді. Соның нәтижесінде атмосферадағы ластаушы заттар концентрациясының арту қаупі төмендейді.
Дегенмен, синоптикалық жағдайдың қолайлы болуы шығарындылар көздеріне жақын аумақтарда ауаның жергілікті деңгейде ластануын толығымен теріске шығармайды.














