ҚАЗАҚСТАН – ТАБИҒАТТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДЕ ҮЗДІК ҮШТІКТЕ
Табиғи байлықты сақтау мен қоршаған ортаны қалпына келтіру – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақ алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта Қазақстан халықаралық деңгейде танылып, Біріккен Ұлттар ұйымының баяндамасында табиғатты қалпына келтіру бойынша әлемдегі үздік үш елдің қатарына енді. Елімізде тозған жерлерді қайта түлету, су айдындарын қалпына келтіру және сирек кездесетін жануарлардың табиғи мекенін сақтау бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Елімізде қалпына келтіріліп жатқан жер көлемі 8,13 миллион гектарға жеткен. Бұл – ел аумағының шамамен 3 пайызы. Аталған көрсеткіш бойынша Қазақстаннан Қытай мен Моңғолия ғана алда тұр. Осылайша, еліміз жер ресурстарын қалпына келтіру ісінде әлемдік деңгейдегі маңызды нәтижеге қол жеткізді.
Су ресурстарын қорғау бағытында да Қазақстанның көрсеткіші жоғары. Еліміз су айдындарын қалпына келтіру көлемі бойынша әлемде алтыншы орынға тұрақтап, үздік ондыққа енді. Қазіргі таңда республика аумағында 330 мың гектар су айдынын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан АҚШ, Нидерланды, Кения және Моңғолиядан алда. Аталған жұмыстар өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптарды сауықтыруды, жағалаудағы өсімдіктерді қалпына келтіруді, су сапасы мен табиғи су айналымын жақсартуды қамтиды.
Су ресурстарын сақтаудың маңызы әсіресе Арал өңірі үшін айрықша. Солтүстік Аралдың су көлемі мен айдынын ұлғайту бағытындағы жұмыстар, Көкарал бөгетін жаңғырту жобасы, Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалану және суару жүйелерін жетілдіру өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу де табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызды тетігі саналады.
Қазақстанның табиғатты қорғау саласындағы тағы бір маңызды бастамасы – «Алтын Дала» бағдарламасы. Бұл жоба БҰҰ баяндамасында әлемдегі үздік деп танылған 35 экологиялық бастаманың қатарына енгізілген. Оның негізгі мақсаты – дала экожүйесін сақтау және сирек кездесетін жануарлардың табиғи мекенін қалпына келтіру. Соның ішінде ақбөкендер мен жабайы жылқыларды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру тәжірибесі ерекше аталған. Бұл бастама табиғи тепе-теңдікті сақтауда ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыстардың маңызын көрсетеді.
Жалпы, БҰҰ-ның «Табиғаттың қайта оралуы» атты баяндамасы осы жылғы 29 қазанда жарияланды. Құжатты Біріккен Ұлттар ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы және биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығы бірлесіп әзірлеген. Баяндамада әлемнің 149 елінде жалпы көлемі 252 миллион гектарға жуық жер мен су аумағын қалпына келтіру жұмысының жүргізіліп жатқаны көрсетілген. Оның 76 пайызы Азия құрлығына тиесілі. Сонымен бірге құжатта табиғатты қалпына келтірудің қарқынын арттыру қажеттігі де атап өтілген.
БҰҰ баяндамасындағы көрсеткіштер елдердің табиғатты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақ көлемі туралы ресми мәліметтеріне негізделген. Сондықтан оларды экологиялық жұмыстың тиімділігіне берілген түпкілікті баға ретінде емес, атқарылып жатқан бастамалардың ауқымын көрсететін дерек ретінде қарастырған жөн. Дегенмен Қазақстанның халықаралық есепте үздік үштікке енуі – жерді құнарландыру, су айдындарын қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы істерінің әлемдік деңгейде назарға алынғанын аңғартады.
Бауыржан ЖҮНІС













