» » ЖОСАЛЫДА ШІРКЕУ БОЛҒАН БА?

ЖОСАЛЫДА ШІРКЕУ БОЛҒАН БА?

Соңғы кездері Жосалы жерінде үлкен шіркеудің болғандығы жиі айтылып жүр. Оған көзқарас та әртүрлі. Біреулер «қасиетті топырақта шіркеу салынуы екіталай» десе, кейбіреулер оны ата-әжелерінің көргенін сөз етеді.
Жосалыда шіркеудің болғанын дәлелдейтін алғашқы деректі біз Түркістан генерал-губернаторы К.П. фон Кауфманның атақты «Түркістан альбомының» «Тарихи бөлім» деп аталатын бірінші томынан таптық. Альбомдағы суреттер 1871-1872 жылы түсірілген. Суретке «Православная церковь въ фортѣ №2 (Джусалы)» деген түсініктеме берілген. Ал шіркеудің мұнарасы алыстан көрінетін екінші суретке «Укр. Фортъ №2 (Карамакчи)» (альбомдағы стиль сақталды – Н.М.) деп жазылыпты.
Екі суреттен де шіркеудің ғимараты үлкен әрі еңселі екенін көруге болады. Төбесі қаңылтырмен жабылып, мұнарасы кірпіштен өріліп, үшкірленіп келген. Терезелері де ауқымды. Екінші фотодан әскери киім киген солдаттарды көбірек байқайсыз.
Аталған нысан туралы екінші дерек «Соборы России» деп аталатын православ сәулет өнерінің халықтық каталогында анығырақ қамтылыпты. Ресей мен әлемдегі барлық православ шіркеулерінің толық тарихи сипаттамалары мен фотожылнамасын жинауды мақсат еткен каталогта Жосалыдағы ғибадатхананың 1860 жылы салынғаны, оның «Николай Чудотворец шіркеуі»(«Церковь Николая Чудотворца») деп аталғаны көрсетілген. 2002 жылы жарық көрген, әлемдегі 64 813 ғибадатхана қамтылған жинақта: «Шіркеудегі тақ пен альтар әулие Николай Чудотворецге арналып қойылған. Ол IV ғасырда өмір сүрген мемлекеттік және діни қайраткер, христиан әлеміндегі ең сыйлы әулие, Мира қаласының (қазіргі Түркияның Демре қаласы) архиепископы болған. Православ және Католик шіркеулерінде ерекше құрметтеледі. Православиеде ол саяхатшылар мен теңізшілердің, саудагерлердің, балалардың және әділдік іздеген жандардың желеп-жебеушісі саналады. Батыс елдерінде оның есімі «Saint Nicholas», «Sinterklaas», «Santa Claus» болып өзгерді. Қазіргі жаңа жылда сыйлық беретін Санта-Клаус пен Аяз ата бейнесінің түпкі тарихи прототипі – осы Әулие Николай» деген анықтама берілген. Каталогта «ғимараттың қай жылы бұзылғаны анықталмаған» делініпті.
Жосалыдағы шіркеу туралы мәліметтер орыс саяхатшылары мен этнографтарының жазбаларында да кездеседі. Мәселен, орыс ғалымы, аудармашы-дипломат, этнограф-педагог Пётр Пашино «Туркестанский край в 1866 году» атты жолжазбасында: «Біз фортқа таңертең ерте, күзетшілерден басқасының бәрі терең ұйқыда жатқанда кірдік. №2 форттың көрінісі №1 фортқа қарағанда әлдеқайда биік те көркем көрінеді. Оған басты себеп – бекіністің солтүстік-батыс бұрышында күйдірілген кірпіштен соғылған, оймышты (тісті) мұнарасы барлық ғимараттардан озып, оқшау бой көтерген шіркеу еді. Шіркеу фортқа ерекше сән бергенімен, бір нәрсені мойындауымыз керек: ол бізде жиі болатындай, әлгі мұнара көзделген мақсатқа сәйкес келмей, өз міндетін атқара алмай, кәдеге жарамай қалыпты», деп сипаттайды.
Бұл жерде саяхатшының №1 форт деп отырғаны – Қазалы бекінісі. Пётр Иванович мұнараның неге кәдеге жарамай қалғанын жолжазбасының келесі бөлігінде кеңірек түсіндіріп, Жосалы бекінісінің құрылу тарихына да тоқталады: «Расында да, бұдан бірнеше жыл бұрын бізді тығырыққа тіреген зәрулік осы бір елсіз әрі тасты өңірде бекініс салуға мәжбүр еткен-ді. Бірақ, ілгері басқан бастапқы қадамда, орайы келген алғашқы мүмкіндікте-ақ бұл бекіністі тәрк ету керек еді. №2 форт Сырдария өзенінің оң жақ жағалауында, оның екі тармағы – Қараөзек пен Жамандарияның тоғысқан тұсындағы Қармақшы деген жерге таяу ірге тепкен. Бұл өңірге мұндай атаудың берілу себебі – осы маңда ел арасында аталған есіммен танымал болған қырғыз (қазақ) әулиесінің бейіті орналасқан. Өзеннің қарсы беті көз тартарлық көкорай шалғынды ойпат болса, бұл жағалау тек құм, қиыршық тас пен шағылдан тұрады, өсімдік атаулыдан жұрдай. Форттағылар қанша тырысып-баққанымен, осы күнге дейін жалғыз түп ағаш та өсіре алмаған: жаз ортасына қарай жер аптаптан аңызаққа айналып, қанша суарса да, кез келген көгал толықтай күйіп кетеді. Сондықтан, бекініс төңірегіне бірде-бір қоныстанушы тұрақтамағаны түсінікті. Бүкіл тұрғыны – комендант, дәрігер, бір кіші офицер (субалтерн-офицер) және 70 адамнан тұратын гарнизон тобы. Мұнда шіркеу ғимараты болғанымен, оның ішінде иконостас та, алтарь де жоқ, сол себепті діни қызметкер ұсталмайды. Тіпті, бірде-бір саудагер де, жалғыз дүкен де жоқ. Қажеттінің бәрін не №1 форттан алдыруға, не бекініс үстінен өтіп бара жатқан керуендерден сатып алуға тура келеді. Мұндай жағдайда өмір сүру – нағыз азап. Ал қазіргідей өлкеде тыныштық орнаған, үкімет мұндағы гарнизонның күші сыртқы шабуылдар мен даладағы толқулар кезінде дәрменсіз және нөлге тең деп санаған шақта, форт тұрғындарының күн сайын көрген бейнеті мен тартқан тауқыметі – мүлдем бос әурешілік, еш ақталмайтын құрбандық. Оның үстіне, алатын еңбекақылары да өте мардымсыз, сондықтан, үнемдеудің өзі бұл бейнетті өтей алмайды».
Осы жазбадан шіркеудің жағдайын ғана емес, сол жылдардағы Жосалы бекінісінің тыныс-тіршілігін де бағамдауға болады.
Ресей саяхатшыларының 1870-1880 жылдардағы жазбаларында №2 форттағы шіркеудің сонда қызмет еткен орыс солдаттарының балаларына сауат ашатын мектеп ретінде қосымша жұмыс жасағаны көрсетіліпті. «Елді мекеннің іргетасы 1853 жылы №2 форт болып қаланған. Ол осы өлке Ресейге іс жүзінде қосылғаннан кейін құрылған «Сырдария шабуылдау және қорғаныс шебінің» құрамына кірді. Жосалы атауы «жоса» сөзінен шыққан. Ол жүннен тоқылған бұйымдарды бояуға пайдаланылатын өсімдік екен. Бұдан бөлек, кент маңында «Жоса» деп аталатын төбе болған. Мұндағы шіркеу өңірдегі әскери-казак шіркеулерінің ішіндегі ең үлкені. Екінші орынды Перовскідегі ғибадатхана алады. Қазалыдағы шіркеу де оған теңесе алмайды. Бекіністегі шіркеу діни рәсімдерден бөлек, солдат балаларына сауат ашқызады», деп жазады генерал Виктор Дандевиль күнделігінде.
«Николай Чудотворец шіркеуі» 1910-1920 жылдарға дейін жұмыс жасаған сыңайлы. Өйткені, орыс тарихшыларының осы жылдардан кейінгі жазбаларында бекіністегі шіркеу туралы мүлдем айтылмайды.
Айтпақшы, «Соборы России» деп аталатын каталогта Жосалыдағы шіркеудің орналасқан жері, яғни, координаты да (45.479351, 64.089543) қоса беріліпті. Сол арқылы ғибадатхананың Жосалының қай жерінде болғанын анық көре аласыз. Координатқа сәйкес, шіркеу қазіргі Қорқыт ата мен Қармақшы көшелерінің қиылысында, екі қабатты тұрғын үйдің аумағында орын тепкен. Қарсысында №121 орта мектеп, жанында Дәмегүл Мырзағалиева атындағы саябақ бар.
«№1 форттан шығып, оңтүстік-шығысқа қарай күндік жол жүргеннен кейін алыстан менмұндалап мұнаралы шіркеу қарсы алады. Осы мұнараны көрсеңіз, №2 фортқа жеттім дей беріңіз», деп жазады этнограф-жазушы Пётр Пашино өз естелігінде.
Аллаға шүкір, бүгінде Қазалы жақтан ағылған жолаушыларды шіркеу емес, Қорқыт ата кесенесі, ал Қызылордадан бетке алған келушілерді хандар мен батырлар аллеясы қарсы алады.
Бұл да бүгінгі жастардың бірі қадірін біліп, кейбірі бағалай бермейтін тәуелсіздіктің арқасы екені даусыз.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
13 қазан 2026 ж. 94 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (10546)

13 қазан 2026 ж.

№77 (10545)

10 қазан 2026 ж.

№76 (10544)

06 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 031
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 258

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031