Қызылорда облысында есірткіге қарсы дөңгелек үстелдер байқауы өткізілді
Қызылорда облысында «Есірткі – ғасыр дерті» тақырыбында есірткіге қарсы дөңгелек үстелдер байқауы өткізілді. Іс-шараны Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастар арасында есірткі қолданудың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырды.
Байқау барысында қатысушылар өз баяндамаларын ұсынып, есірткі қолданудың салдары, нашақорлықтың алдын алу мәселелерін талқылап, жастардың есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартылуының алдын алу бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Командалардың пікір-таласқа белсенді қатысуына, есірткіге қарсы баннерлерді, плакаттар мен басқа да көрнекі материалдарды пайдалануына ерекше назар аударылды.
Байқау қорытындысы бойынша І орынға Қазалы ауданының №16 мектеп-лицейі, Қызылорда қаласының №217 мектеп-лицейі және Қармақшы ауданының №199 орта мектебі; ІІ орынға Қазалы ауданының №276, №17 орта мектептері, Шиелі ауданының №49 орта мектебі және №48 мектеп-лицейі; ІІІ орынға Арал ауданының №13 орта мектебі, Қызылорда қаласының №212 мектеп-лицейі және Арал ауданының №14 мектеп-лицейі ие болды.
Мұндай іс-шараларды өткізу жастардың есірткі қолданудың салдары туралы хабардарлығын арттыруға, құқықтық мәдениетін нығайтуға және салауатты әрі қауіпсіз болашаққа бағытталған берік өмірлік ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.

















