Емханаларда жаңа тәртіп: кейбір дәрігерлерге жолдамасыз қаралуға болады
Қазақстанда 3 тамыздан бастап емханалардағы медициналық көмек көрсету тәртібі өзгереді. Енді кейбір бейінді дәрігерлердің қабылдауына жолдамасыз жазылу мүмкін болуы ықтимал, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа тәртіп бойынша мамандандырылған медициналық көмек бұрынғыдай емханаларда, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда көрсетіледі. Сонымен қатар қажет болған жағдайда медициналық қызмет науқастың үйінде, мобильді медициналық бригадалар арқылы, жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздарда, травматологиялық пунктерде, білім беру ұйымдарында, сондай-ақ тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде де көрсетіледі.
Енді диагностикалық және аспаптық зерттеулер кезінде цифрлық технологиялар кеңінен пайдаланылады. Бұл дәрігерлерге диагнозды дәлірек қойып, емдеу тәсілін таңдауға көмектеседі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін қызметтердің тізімі де толықтырылды. Енді оған балалардағы тұқым қуалайтын туа біткен ақаулар мен даму ерекшеліктерін ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулер енгізілді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтарға, диспансерлік есепте тұрған науқастарға және созылмалы аурудан кейін оңалтудан өтіп жүрген адамдарға көрсетілетін мамандандырылған медициналық қызметтердің нақты тізімі айқындалды.
Жаңа қағидаға сәйкес, көрсетілген медициналық көмектің нәтижесі міндетті түрде медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі. Онда пациенттің жағдайы «сау», «айығып шықты», «жағдайы жақсарды», «өзгеріссіз», «жағдайы нашарлады», «қайтыс болды» немесе емі аяқталмаған жағдайда «емін жалғастырып жатыр» деген мәртебелердің бірімен белгіленеді.
Өзгерістің тағы бірі – бейінді дәрігерлердің қабылдауына жазылу мүмкіндігінің кеңеюі. Енді пациенттер кейбір мамандардың қабылдауына тіркеу бөлімі, медициналық ұйымның call-орталығы, медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасы немесе eGov порталы арқылы жазыла алады. Сонымен бірге бейінді дәрігер қажет болған жағдайда бір емдеу кезеңінде пациентті қосымша тексерулерге жіберіп, үш түрлі маманның консультациясына жолдама бере алады.
Жаңа талап бойынша медициналық ұйымдар бейінді дәрігерлердің қабылдау кестесін кемінде 60 күн бұрын медициналық ақпараттық жүйеде жариялап, өзгеріс болса, оны дер кезінде жаңартып отыруы тиіс. Ал дәрігерлер тексеру қорытындысын, нақты диагнозды және емдеу жоспарын электронды жүйеге енгізуге міндетті. Егер техникалық ақау болса, құжаттарды уақытша қағазға рәсімдеуге болады. Алайда кейін олар бір айдан кешіктірілмей электронды базаға енгізілуі қажет.














