ҚЫЗЫЛОРДАДА «ROCA GROUP» ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен арнайы келген «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандеспен кездесті.
Кездесуде аймақ басшысы өңірдің инвестициялық әлеуеті, өндіріс орындарын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар, алда жүзеге асатын жобалар туралы айтты.
«Ең алдымен, өңірге арнайы іссапармен келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін.
Сантехникалық бұйымдар өндірісіндегі әлемдік көшбасшылардың бірі, ғасырдан астам тарихы бар «Roca Group» компаниясымен серіктестік орнату - біз үшін үлкен мәртебе.
Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы төрт жылда аймағымызға 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі - жеке инвестициялар.
Алдағы уақытта жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында 1 трлн теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталады. Ертең Өздеріңізбен бірге көптен күткен «Roca» зауытының іргетасын қалаймыз.
Санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру жобасы 2024 жылдан қолға алынды. Сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы бастаған Қызылорда облысының делегациясы Испания Корольдігіне арнайы іссапармен барып, компанияның өндіріс орындарымен танысты.
Өткен жылдың маусым айында «Roca Group», ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және Қызылорда облысының әкімдігі арасында үшжақты келісімге қол қойылып, желтоқсан айында инвестициялық келісім жасалды.
Мемлекеттік қолдау ретінде Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан 24 гектар жер телімі берілді.
Сонымен қатар Үкіметпен бірлесіп, елімізде өндірілмейтін, инновациялық және экспортқа бағытталған жоғары сапалы өнім шығаратын жобалар үшін шикізат тасымалы шығындарының бір бөлігін өтеу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Елімізде баламасы жоқ жобаның біздің облыста жүзеге асқанына қуаныштымыз!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында 44,1 млрд теңгеге «Roca Group» санитарлық-техникалық бұйымдар шығару зауытының құрылысы басталмақ. Кәсіпорында 300 адам жұмыспен қамтылып, жылына 500 мың өнім өндіріледі. Жоба ҚР Үкіметі, Қызылорда облысының әкімдігі және аталған компания арасындағы үшжақты келісім негізінде жүзеге асырылады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

















