Қазақстанда алғаш рет Алтын Ордаға қатысты халықаралық архив құжаттары ұсынылды
Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі ретінде: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық ғылыми симпозиум аясында көрме ұйымдастырылды. Көрме XIII-XV ғасырларда Еуразия кеңістігінде қалыптасқан Алтын Орда мемлекетінің тарихи-мәдени болмысын Қазақстан аумағынан табылған археологиялық жәдігерлер, қолжазба кітаптар және архив материалдары негізінде таныстыруға арналған.
Көрменің негізгі идеясы – көшпелі өмір салтына негізделген, бірақ жоғары деңгейдегі мемлекеттік, экономикалық және қалалық мәдениетке ие өркениетті археологиялық, қолжазбалық және архивтік деректер арқылы көрсету.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрліктер мен шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері, жетекші ғалым-археологтар, тарихшылар мен шығыстанушылар, сондай-ақ музейлер, музей-қорықтар және ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты.
Бірегей экспонаттар мен ғылыми жаңалықтар:
Мемлекет және билік. Тұңғыш рет халықаралық архивтерден алынған дипломатиялық құжаттар ұсынылды. «Хандар шежіресі» қолжазба шиыршығы (XVIII ғ., «Ғылым ордасы» ОҒК) – ұзындығы 267 см болатын каллиграфиялық ескерткіш, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне енгізілген, онда Жошы әулетінен шыққан 104 ханның генеалогиясы бейнеленген. Гүйік ханның Папа IV Иннокентийге жолдаған хаты (1246 ж., Ватикан апостолдық архиві) – қыпшақ және парсы тілдерінде жазылған Алтын Орданың ең көне дипломатиялық құжаты. Тоқтамыс ханның (1381 ж., РҒА Шығыс қолжазбалары институты, Санкт-Петербург) және Темір-Құтлықтың (1398 ж., Король сарайы кітапханасы, Вена) тархандық жарлықтары ордалық іс жүргізудің құқықтық әрі каллиграфиялық мәдениетін көрсетеді. Экспозицияны Ұлық Мұхаммед пен Ахмед хандардың Осман империясы сұлтандарына жолдаған дипломатиялық хаттары (Топқапы музейі архиві, Стамбұл) толықтырды.
Дала сәні мен киім үлгілері. Бұл бөлім Алтын Орда ақсүйектерінің заттық әлемін таныстырады. Шеңгелді ескерткішінен (Алматы облысы, XIII – XIV ғ. басы) табылған айдаһар мен феникс бейнеленген жібек маталар Қытай және Иранмен тікелей сауда байланыстары болғанын дәлелдейді. Бозоқ қорымынан табылған арыстан бейнелі күміс білезіктер мен Сығанақ кесенесінен шыққан алтын бас киім әшекейлері зергерлік өнердің жоғары деңгейін көрсетеді. Болған Ана кесенесінен табылған асыл текті әйелдің келбеті антропологиялық деректер мен заттай бұйымдар негізінде ғылыми тұрғыда қайта қалпына келтірілді. Жасанды интеллект көмегімен Орда дәуіріндегі ер адам мен әйелдің салтанатты киімдері қайта жасалды.
Әскери іс. Қазақстан мен Ресей аумағындағы Гашун-Уста, Мульта, Золотарёв қалашығы ескерткіштерінен табылған Алтын Орданың ауыр қаруланған атты жауынгерінің сауыт-сайманы мен қару-жарағы көрсетіледі. Нью-Йорктегі Метрополитен музейі коллекциясындағы Жәнібек хан дулығасының 3D-визуализациясы ұсынылады – бұл артефакт Қазақстанда бұрын-соңды көрсетілмеген. Жасанды интеллект көмегімен ондық әскери жүйеге негізделген ордалық әскердің тактикалық тәсілдері қайта жаңғыртылды.
Өркениеттер тоғысындағы дала мен қала. Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент, Жент қалаларынан табылған керамика, шыны және металл бұйымдар Орда қалаларының күнделікті өмірін бейнелейді. Асанас қалашығынан табылған медициналық құралдар (қола ара мен қасық) дамыған қалалық өмірдің дәлелі болып табылады. Баршынкенттен табылған IHS христограммасы бар батысеуропалық сандықша Ордадағы діни төзімділік пен кең сауда байланыстарының заттай айғағы. Хорезмшахтар мемлекетінің, Шағатай және Үгедей ұлыстарының динарлары бар көмбелер қазақстандық қалалардың Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық саудаға қатысқанын дәлелдейді. Сығанақ қаласы мен Жошы хан кесенесінің 3D-реконструкциялары археологиялық қазба және геофизикалық зерттеу деректері негізінде жасалған.
Мәдениет, ғылым және өнер. Экспозицияға Алтын Орда дәуіріне жататын 23 қолжазба (7 түпнұсқа, 3 факсимильді басылым, 11 электрондық көшірме) қойылған. Олар Құран, дін, тарих, әдебиет, математика, астрономия және медицина тақырыптарын қамтиды. Олардың қатарында Өзбек ханның Құраны (1318 ж., ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты, Алматы), Камаладдин ат-Түркманидің астрономиялық трактаты (1354 ж., Принстон университеті, АҚШ), Ахмад Килани жазған Гиппократқа медициналық түсіндірме (1345 ж., Британ кітапханасы, Лондон), Құтбтың «Хұсрау уа Шырын» поэмасы (1341 ж., Франция ұлттық кітапханасы) бар. Арнайы транскрипция платформасы келушілерге алты ғасыр бұрын шағатай тілінде жазылған мәтіндерді оқуға мүмкіндік береді.
Мультимедиялық бөлім:
Көрме аясында келушілерге тақырыптық бейнематериалдар мен интерактивті контент ұсынылды. Алтын Орда дәуіріне қатысты Қазақстан аумағындағы 70 археологиялық ескерткішті қамтитын интерактивті карта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. LED-экранда Жошы әулетінен шыққан 104 ханның генеалогиялық кестесі көрсетілді. Машиналық көру технологиясы арқылы көне тиындарды оқу, жасанды интеллект негізінде салтанатты киімдер мен Орда әскері тактикасын реконструкциялау, сондай-ақ шағатай қолжазбаларын транскрипциялау платформасы экспозицияны заманауи ғылыми-танымдық кеңістікке айналдырады.
Материал ұсынған мекемелер тізімі:
Қазақстанның мұражайлары мен мұражай-қорықтары:
1. ҚР Ұлттық музейі;
2. ҚР Ұлттық орталық музейі;
3. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы;
4. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы;
5. «Бозок» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы;
6. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы»;
7. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі;
8. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі;
9. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі;
10. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі;
11. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі;
12. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі;
13. Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі;
14. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі.
Ғылыми институттар:
1. Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты;
2. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты;
3. Ислам ғылыми-зерттеу институты;
4. Ғылым ордасы.
Университеттер:1. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті;
2. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi;
3. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті.

















