Білім беру ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Білім беру ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалармен реттеледі.
Аталған санитариялық қағидалар меншік нысанына қарамастан білім беру объектілеріне қолданылады және жер учаскесін таңдаудан бастап, объектіні жобалау, реконструкциялау, пайдалану, сумен жабдықтау, су бұру, жылумен қамтамасыз ету, жарықтандыру, желдету, ауаны баптау, күтіп-ұстау, сондай-ақ білім алушыларды оқыту, тәрбиелеу, тамақтандыру және медициналық қамтамасыз ету жағдайларына қойылатын талаптарды белгілейді.
Санитариялық қағидалар мектепке дейінгі ұйымдарды қоспағанда, барлық білім беру ұйымдарына, оның ішінде интернат ұйымдарына, білім алушылардың тұру, оқыту және тамақтану орындарын ұйымдастыру объектілеріне қолданылады.
Білім беру ұйымдарының аумағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс нормаларына сәйкес барлық периметрі бойынша қоршалуы тиіс. Қоршау бүтін, зақымдалмаған болуы қажет. Объект аумағында білім беру процесіне қатысы жоқ ғимараттарды орналастыруға жол берілмейді.
Объектінің аумағына кіретін жолдар, көлік өтетін жолдар, шаруашылық аймақтар мен қоқыс жинау орындарына апаратын жолдар қатты жабынмен (асфальт, бетон және т.б.) жабылуы тиіс.
Жалпы білім беру ұйымдарындағы оқу кабинеттерінің ауданы бір білім алушыға шаққанда кемінде 2,5 шаршы метрді құрауы қажет. Білім алушылар саны объектінің жобалық сыйымдылығынан аспауы тиіс. Қажетті талаптар сақталған жағдайда оқытуды екі ауысымда ұйымдастыруға рұқсат етіледі.
Авариялық жағдайдағы ғимараттар мен үй-жайларды пайдалануға жол берілмейді.
Жазғы кезеңде білім беру ұйымдары жанынан мектеп жанындағы лагерьлерді ұйымдастыруға болады. Бұл ретте балалардың тамақтануы мен күндізгі демалысын (ұйқы) қамтамасыз етуге рұқсат етіледі.
Білім беру ұйымдарындағы жиһаз бен жабдықтар, оның ішінде ойын және спорт алаңдарының құралдары білім алушылардың жасына және бой ерекшеліктеріне сәйкес болуы тиіс. Барлық жабдықтар жарамды және қауіпсіз жағдайда ұсталуы қажет.
Санитариялық талаптарды сақтау – білім алушылардың денсаулығын қорғаудың және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудың негізгі кепілі.
А. ИДРИСОВА,Қармақшы аудандық
санитариялық- эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
басшысы














