Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевке қонақжайлықпен қарсы алып, бүгінгі бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайды ескерсек, бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас. Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біз осы сапар барысында өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасамыз. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік я болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент 2,5 мың жылдан аса тарихы бар киелі Бұхара шаһары әлемдік тарихи-мәдени мұраның ажырамас бөлігі саналатынын атап өтті.
– Бұхара – Шығыстың орта ғасырлардағы рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі. Бұл көне шаһар мен қазақ халқының арасында белгілі-белгісіз байланыстар көп. Қазақтың әйгілі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Бұхарада ілім жиған. Ғасырлар бойы қазақтың көптеген зиялылары Бұхарада білім алып, жергілікті медреселерде оқыған. Мұнда адамзаттың өркендеуіне айрықша әсер еткен кезеңдер мен ұлы өркениеттің тынысын сезінесіз. Бүгінде Бұхара өзінің мыңжылдық дәстүрі мен Жаңа Өзбекстанның қарқынды дамуын үйлестіріп отыр. Қазіргі Бұхараны тамашалап, барлық ғимаратқа жаппай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілгеніне куә болдық. Бұл – өте үлкен істің нәтижесі, ең бастысы, ұлы тарихи мұраға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
















