СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін басшыларды жауапкершілікке тарту, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау бағытында атқарылған шаралар, мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірлесіп, әрбір деректі қосымша талдау керек.
Тәртіптік жауапкершілікті қараудың бірыңғай алгоритмін әзірлеп, мерзімінің сақталуын тұрақты бақылауға алыңыздар.
Біздің мақсатымыз – жазалау емес, жүйені түзету. Бірақ заң талаптарын елемеу немесе тәуекелге көз жұму деректері қайталанса, шешім де қатаң болады.
Аймағымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат нақты нәтижеге бағытталған жұмысқа айналуы тиіс. Аталған міндетті жүзеге асыруда әрқайсыңыздың жеке жауапкершілігіңіз бар.
Бір ай мерзім ішінде сатып алулардың басым бөлігі өтетін тәсілдерді талдап, орталықтандыруды кезең-кезеңімен ұлғайту жөнінде нақты ұсыныстар енгізіңіздер.
Барлық басқарма, қала, аудан әкімдері, мемлекеттік сатып алуды өткізгенде жеке жауапкершілікті күшейтіп, тәуекелді келісімшарттарға ішкі бақылауды қамтамасыз етіңіздер. Бұл жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Комиссия отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов баяндама жасады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі















