БАЙҚОҢЫРДА МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ
Соңғы жылдары Байқоңыр қаласында қазақ азаматтарының көптеп орналасуына байланысты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына деген сұраныс та ұлғайып келеді. Осы ретте қалада кезекті балабақша ел игілігіне берілуде.
Осыған орай бүгін «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің №26 бөбекжай-бақшасының» ашылу рәсімі өтті. Ресей Федерациясынан пайдалануға берілген нысан 2024 жылы Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің теңгеріміне алынды.
Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 78 млн теңге қаржы қарастырылды. Қазір екі қабатты, 180 орынға арналған балабақшада балалардың сапалы білім алып, тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай сөз сөйлеп, тұрғындарды жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, аудандық мәслихат депутаттары мен білім саласының ардагерлері қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Мерекелік шара барысында балабақша тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек, бүгінде ғарыш айлағы орналасқан бұл қалада мектепке дейінгі білім беру жұмысы өз кезеңімен дамып келеді. Соның нәтижесінде Байқоңыр қаласында қазіргі таңда 3 мемлекеттік бөбекжай-бақша халық игілігіне қызмет етуде.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















