Топ-баннер
Топ-баннер2
» » АНА - ТІРШІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

АНА - ТІРШІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Тіршілік атты құбылысқа көз салып қарасаң, бәрі де жарасымды. Орын-орнымен күннің сәулесінен қуат алып, жерден тамыры арқылы нәр алып өсіп тұрғанын байқайсың. Өмірде өз шығатын биігіне қарай ұмтылады. Ағаш екеш ағаштың өзі тірлігін сақтап қалу үшін қасында тұрған басқа ағашпен күн көзіне таласып жарыса өседі. Бәрі де жойылып кеткісі келмейді.
Менің білетінім, табиғат біткеннің бәрінде жаны бар. Жан болмаса, олар гүлдер ме еді, жеміс берер ме еді, бой түзеп көтеріле алмас еді. Көргенде, соған ой жібергенде іштей жан дүниеңде тылсым сырдың құпиясына таңданыс пайда болады. Табиғатты жаратушы тылсым күш бар екені айқын. Біз оны Тәңірдің жаратушы күші деп бағалаймыз. Мүмкін басқа сыры да болуы. Егер, Алла жаратса, біз оны көре алмаймыз. Өйткені, Құдай ешкімге көрінбейтін, нақты бейнесі жоқ құдірет есебінде аталады. Бірақ адам баласы кейде осыны бағамдай алмай қалатын секілді. Бұл мәселеге тереңдеп бара бермейік. Тек кіріспе есебінде немесе адамдар білсе де көп мән бере бермейтін жайға көңіл аударту ғана болатын.
Иә, жаны бар дедік. Жан болмаса тіршілік тоқтайды. Осы өмір атты ыстық та мәні зор, тәтті дүниені адам атты ерекше жаратушы күш басқарады. Ал адам баласы қалай жаратылады, қалай өседі дегенге келсек, бұл сұрақтың жауабын адам біткен біледі. Иә, сол тұлға арқылы, күнделікті басымызды иіп, құрмет көрсетуге лайықты ең жақын жан.
Тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, өмірін қатерге тігіп, сені жарық дүниеге алып келеді. Сен тірі қалу үшін ақ сүтін беріп, жаныңа қорек қылады. Түнде ұйқыдан мың оянып, сенің жағдайыңды жасайды. Жоқ, ол да шаршайды, ұйқысы қанбай шығады. Бірақ, сол жан баласының болашағы үшін оған көнеді және ешкімге міндет етпейді. Ұрпағына деген қамқорлық өмірден өткенінше жалғасады. Бұл ерекше жаратылған тұлғаның аты – Ана деп аталады.
Бұл жол ұзақ жолдан, адам баласы жаратылғаннан бастау алады. Хауа ана мен Ұмай анамыз әкелген ұрпақты одан кейін де аналарымыз жалғады. Ел басқарған ақылдысы да, жер қорғаған батылы да, жұртқа үлгі болған данасы да, саналы ұрпақ өсірген анасы да болды. Өмір сүрген уақыты бөлек болғанмен тынысы мен тірлігі, қарекеті мен қамы, жылылығы мен аналық жүректері өзгерген жоқ. Ондай аналардың бәрін атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Тек сол аналардың ортақ бейнесін беру үшін тарих көшіндегі кейбір аналарымыздың атын атасақ дейміз. Олардың қатарында Томирис – Тұмар ханым, Домалақ ана, Бегім ана, Айша бибі, Бопай ханым, Қарашаш, Айғаным, Зере, Ұлжан аналарды атасақ та көп жайды аңғаруға болар еді.
Қазіргі таңда да шаңырақтың шырағын жағып, ұрпақ өсіріп, елге еңбегімен танылып жүрген аналар, Құдайға шүкір, көптеп кездеседі. «Ел данасыз болса да, анасыз болмайды» деген елдің сөзі еске қонады.
Аналарымыз барда өмірдің көші ұзақ, тірліктің мәні ғажап қалпында қала береді.
Елімізде көктем мезгілінің келуімен қатар аналар мерекесі де тойланады. Барлық тіршілікке жан бітетін, көктейтін, құлпыратын уақытқа өмірге ұрпақ әкелуші, өмір жасаушы, соны жаңартушы аналар мерекесінің келуі де бірін-бірі толықтырып, сәнімен де, мәнімен де жарасым тауып тұрады. Сол күткен көктем де келді, орайы келген аналар мерекесін тойлау да басталып кетті. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық аналарды ортақ мерекелерімен құттықтаймыз. Әрбір өмірге келген ұрпақ сіздерге мәңгілік қарыздар. Өйткені, саған өмір сыйлаған, бағып азамат қылған ананың еңбегін ақтау қысқа тірлікте мүмкін емес. Тек асылдың бағасын біліп, көңіліне кірбің түсірмей сыйлай білу арың мен азаматтығыңа басты сын болмақ.
Мереке құтты болсын, Аналар! Жүздеріңізден күлкі, жандарыңыздан шуақ кетпесін. Елімізде тыныштық пен береке болып, ана мен ұрпақ жарасымы салтанат құрсын. Қазақ халқының ағы да, бағы да мол болсын. Аналарымыз аман болсын!
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ
08 наурыз 2026 ж. 74 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 573
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 366

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031