МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢ
Өткен аптада Елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бұл жиын қазан айында құрылған және жарты жыл бойы парламенттік реформаны әзірлеген жұмыс тобының еңбегінің заңды жалғасына айналды. Мемлекетті басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту мәселесі жабық форматта емес, ашық әрі жария түрде талқылануы тиіс деген ұстаныммен комиссияның алғашқы отырысы тікелей эфирде көрсетілді.
Конституцияға өзгеріс енгізу – елдің болашағына тікелей әсер ететін тарихи шешім. Алғашқы отырыстың өзінде-ақ жұмыс тобы мүшелерінен бөлек, ел азаматтарынан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Бұл қоғамның реформаларға бейжай қарамайтынын және белсенді азаматтық ұстаным қалыптасып келе жатқанын көрсетуде. Комиссия мүшелері барлық ұсынысты жан-жақты талқылап, реформаның тұжырымдамалық үлгісін ұсынбақ. Алайда түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады.
Жұмыс тобы ұсынған негізгі бағыттардың бірі – бір палаталы Парламент құру және пропорционалды сайлау жүйесін енгізу. Мұндай модель қоғам алдындағы жауапкершілікті арттырып, заң шығару сапасын күшейтеді деп есептеледі. Сонымен қатар заң жобаларын үш оқылымда қарастыру тетігі ұсынылды. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалса, үшінші оқылым оның заңнамалық тұрғыдан мінсіз болуын қамтамасыз етеді. Парламент болмаған кезеңде заң шығару функциясын Президенттің жүзеге асыруы жөнінде де ұсыныс айтылды.
Президент Ұлттық құрылтайда депутаттар арасында арнайы тағайындалатын «таңдаулы тұлғалар» болмауы керектігін атап өткен еді. Осыған сәйкес депутаттар ортақ тәртіппен сайланады, ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады.
Комиссия отырысында Қазақстанның Халық Кеңесіне қатысты да маңызды ұсыныстар көтерілді. Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырып, Конституцияда мәртебесі бекітілген жоғары консультативтік органға айналуы тиіс. Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевтың айтуынша, Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажет.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституция преамбуласын жаңғыртып, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын бекітуді ұсынды. Табиғатты қорғау, экология, мәдениет пен рухани құндылықтардың рөлін күшейту де негізгі ұсыныстар қатарында.
Бұдан бөлек, адвокатура мәртебесін Конституцияда бекіту, сот санкциясыз ұстау мерзімін қысқарту, сөз бостандығы мен жеке деректердің қорғалуын күшейту, отбасы мен неке институтын нақтылау жөнінде бастамалар айтылды. Айта кету керек, барлық ұсыныс әзірге талқылау деңгейінде. Конституциялық комиссияның бұл алғашқы отырысы ғана. Алда әлі де мазмұнды әрі ашық пікірталастар өтпек.
Дайындаған Ерсін СӘДУҰЛЫ















