» » БАЙҚОҢЫРДАҒЫ БАСПАНА: ЖАҢА ҮЙЛЕР – ЖАҢА ҮМІТ

БАЙҚОҢЫРДАҒЫ БАСПАНА: ЖАҢА ҮЙЛЕР – ЖАҢА ҮМІТ

Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, әлеуметтік саясаттың нақты нәтижелері көрініс табуда. Соның бір айқын дәлелі – Байқоңыр қаласында пайдалануға берілген 250 пәтерлік бес тұрғын үй.
Жақында Байқоңыр қаласында маңызды әлеуметтік оқиға орын алды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгиннің, облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлердің қатысуымен 250 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үйді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Көптен күткен қонысқа ие болған жүздеген отбасының қуанышы – өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі әлеуметтік саясаттың нақты жемісі.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінде жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының ауқымына кеңінен тоқталды. Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда Қызылорда облысының дамуына жоғары баға бергенін атап өтті.
– Кеше өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанын ерекше атап өтті. Бұл – Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың әділ бағасы. Ұлттық құрылтайдың дәл осыдан 100 жыл бұрын қазақ атауы қайтарылған Қызылорда қаласында өтуі – тарихи мәні зор оқиға, – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, Президент пен Үкіметтің тұрақты қолдауының арқасында өңір соңғы жылдары ірі құрылыс алаңына айналған. 2022 жылдан бері облыста 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілген. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, спорт және тұрғын үй салаларын қамтыған кешенді жұмыстардың нәтижесі.
Халықты тұрғын үймен қамту – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда Қызылорда облысында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Қармақшы ауданында ғана 2023-2024 жылдары 2 млрд 848 млн теңгеге 207 пәтерлік 103 тұрғын үй сатып алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Ал өткен жылдың соңында Жосалы кентінде 50 пәтерлік 25 жаңа тұрғын үйдің кілті иелеріне берілді.
Байқоңыр қаласындағы қуанышты сәт – ұзақ жылғы түйткілдің оң шешімі. Бірнеше жыл бұрын басталып, мердігердің салғырттығынан тоқтап қалған 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы қайта жанданып, аяқталды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд 433 млн теңге қаржы бөлінді.
– Бүгін сол жұмыстар толық аяқталып, жаңа пәтерлердің кілтін табыстау үшін жиналып отырмыз. Жаңа қоныс – игіліктің бастауы. Әр шаңырақта береке мен бірлік орнасын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Салтанатты жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының өркендеуіне еңбек сіңірген ардагерлерге, тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин де сөз сөйлеп, жаңа қоныс иелерін құттықтап, екіжақты әріптестіктің маңызын атап өтті.
Айта кету керек, Президент пен Үкіметтің қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлесе отырып, қаланың және оған іргелес орналасқан Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда Байқоңырда ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Көпқабатты тұрғын үйлер газ жүйесіне қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 50 пәтерлік бес тұрғын үй салынып, жаңа шағын аудан бой көтерді. Сонымен қатар қаланың 95 шақырым су құбыры мен 85 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртылуда.
Бұқаралық спортты дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қала тұрғындары үшін заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік орнатылып, бірлескен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Қор тарапынан 12 млрд 851 млн теңгеге әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылып отыр. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
26 қаңтар 2026 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (10474)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (10473)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (10472)

17 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 306
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 179

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031