ҰЯТ – ИМАНДЫЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫ
Бүгінгі таңда балабақшадан бастап, оқушы, студенттер Абай мұрасы арқылы рухани азық алып жүр. Сонау жылдардан бері пән ретінде оқытылып жүрген Абайтану пәнінің ұлтымыз үшін де маңызы зор. Абай мұрасы әрбір ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-ана үшін де, замандастарым үшін де өмірді саналы сүру жолын көрсететін, бағыттайтын темірқазық іспетті.
Қазақтың ұлы ақыны, данасы Абай шығармаларын, оның ішінде қара сөздерін оқи отырып түсінгенім қазақ өміріндегі болып жатқан көзқарастарды өз дәуірімен салыстыра ой қорытып отырады. Өз пікірін білдіре отырып оқырманмен сырласады пікірлеседі, түсіндіреді. Бабамыздың қара сөздерінің барлығы да қазіргі өмірде болып жатқан өзекті мәселелер. Олар әлі де маңыздылығын жойған жоқ. Дәл осы заманға лайықталып жазылған сияқты. Оқи бергің келеді, оқи бергің келеді.
Абайдың отыз алтыншы қара сөзін оқи отырып, ұят тақырыбында оқырмандарға ой қозғамақпын. Пайғамбарымыздың хадис шарифінде «мән лә хаяһүн уалә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Бұл турасында біздің қазақтың мынадай мақалы да бар. «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл тәмсілден ұят иманның бір мүшесі екенін білдік. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар, ол – надандықтың ұяты. Жас бала сөз айтудан, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да надандықтан бойын керістендіру, шешілмегендік кылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес ақымақтық.
Ал шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абыройлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі. Біреуі ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырым-ай, мына байғұсқа енді не болады?» дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Екіншісі шариғатқа теріс, я ақылға, я абыройлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз ынсабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, біртүрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан калатұғыны да бар, кейбір жағдайда өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да келмейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болады.
Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей мәнісі бар емес пе еді?» деп, ұялтамын десең, жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!
Адам бойындағы басты құндылық – имандылық, ар, ұят. Қоғамның рухани саулығы, іргетасы жеке адамның сана-сезіміне тікелей байланысты болмақ. Бүгінгі қоғамдағы рухани дағдарыс дейміз бе, жастарға көп әсер етіп жатыр, ғаламторды аша қалсаңыз, адам шошытарлық жағдайдар етек алуда. Қазіргі жастарды тәрбиелеп отырған ата-әжелердің өздері де қазіргі жастар мен бұрынғы жастарды салыстыруға болмайды деп қояды.
Жасыратыны жоқ бала тәрбиелеудегі солқылдақтық, әрбір ата-ананың бала алдындағы қадірінің болмауы имандылықтан бабаларымыздың ақиқат деп таныған ислам дінімізден алыстағаны көрініп қалады. Қарнымның ашатыны кейбір жас, орта жастағы ата-ананың өз балаларына ашу үстінде айқай салып ұрысып айтқан сөздері әсіресе жаз мезгілінде көп естіліп қалады. Бір ауыз сөздің құдіретін білмей жатады. Ұят, иба, ізет дегендер нағыз имандылықтың асыл қасиеті емес пе?
«Иманды бол, ізетті бол!» деп бата беріп жатамыз. Бірақ сол имандылықтың жолын біздер үлкендер, ата-аналар дұрыс көрсете алып жүрміз бе?
Арлылық, ұяттылық – негізі пайғамбарлардың бойында табылатын ұлы сипаттардың бірі. Хадисте «Ұят – иманнан, ал иман жаннатта болады. Бұзық сөз дөрекіліктен, ал дөрекілік тозақта болады» деген. Мұсылмандардың да бейбітшілікті қалайтынының бір дәлелі – олардың амандасуларында «Ассәламу-әлейкум» деп саған аманшылық, бейбітшілік тілеймін дегені. Алла тағала әр мұсылманға амандасуға, сәлем жасауға әмір береді.
Ал жүрек – денедегі бар физикалық процесті реттейтін, басқаратын кесек күйіндегі ағза ғана емес, оның негізгі қызметі руханиятты реттеуші. Иман, иба мен ізгіліктің орны жүректе, шапағат пен мейірім де жүректе ұялайды. «Ақ жүректі», «жылы жүректі», «жүрекке жол табатын» деген тіркестердің халық тілінде кең қолданылуы да бекер емес. Ал жүрегі қарайған, қатыгездік рухани жүдеуліктің салдары емес пе? Ата-бабадан келе жатқан ибалық пен имандылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін берсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан үлесіміз болар еді. Ата-ананың тәрбиесі – толассыз таусылмайтын қазына.
Ұят деген нәрсені ата-ана деген ардақты атты алған күні, яғни алғашқы перзентінің тілі шыққанынан бастап бойына сіңіру керек. Ендеше ұят – ұядан. Ата-анамыздан әсіресе «ұят болады» сөзін көп еститінбіз. Көшеде сыныптас баламен, жігітпен оңаша сөйлесу, орынсыз ыржалақтау, үлкеннің алдын кеспеу деген сияқты әдеттер құлаққа сіңген. Қазіргі келеңсіз жағдайлардың орын алуы ұят сөзінің жоғалуы, айтылмауы баланы еркіндікке жіберуі деп білемін. Еркіндігі сол, қазір жастар ғана емес кішкентайлардың өзі «өзім білемін» деп жауап беретінін қайтерсіз. Баланың өз ортасында, кез келген ортада өз ойын, пікірін ашық айтып, еркін сөйлегені орынды. Ол – заман талабы. Дегенмен қазақтың «үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген тамаша әдебін ұмытпауымыз керек.
Біз үйде Алла берген алты қызбыз. Үлкен тәтелерімізге қарап ой түзедік, бой жеттік. Анамыз бойында иманы, аузында батасы, дұғасы, қолының шипасы бар жан еді. Өзінің парызым деп санаған бес уақыт намазын жиырма бес жасынан бастап бір сәт тастаған емес. Өмірінің соңғы минутына дейін «екінті намазын» оқып, сол аппақ қалпымен аппақ кебінге оранып кете барды. Ол бойымызға иман, ибалықты дарытып, нұрымен нұрландырып келді. Шүкір Алла, сол анам салған жолмен, мінген кемемен жүзіп келеміз. Ең үлкен Шамшат апамыз әртүрлі ұлттар мекен еткен ІІІ Интернационал ауылында бас бухгалтер болып жұмыс істеді. Тұрмысқа шығып, үйлібаранды болды. Ол кісінің өз бауырларымен ғана емес, өзгелермен де түрік, кәріс, тағы басқа ұлт өкілдерімен сыйластығына, қарым-қатынасына, бауырындай болып кеткен жолдастарына қарап, сүйіспеншіліктерін көріп үлгі алдық.
Осыдан үш жыл бұрын Алматыда тұратын Мақсат тәтеміздің мектебінде өткен 70 жас мерейтойына бауырларыммен қатыстым. Қатысқан мұғалімдер мен ата-аналарының пікірін тыңдап, мақтанып, марқайып қайттық. Өйткені «халық айтса, қалып айтпайды» деген сөз бар. Сонда «Мақсат апайдың ұрпақ тәрбиелеудегі даналығы, жақсы мен жаман деп бөліп қарамайтын кішіпейілділік кейпі, адамгершілігі, сыртқы келбеті мен ішкі дүниесінің үйлесімділігі бәрібәрі үлгі. Шәкірттеріне білім берудегі әдіс-тәсілі, талапшылдығы өз алдына бір әңгіме» деген жылы лебіз жанымызды жылытты. Апамыз әлі де элиталық ZAMAN IB бағдарламасымен оқытатын халықаралық мектепте ұстаздығын жалғастыруда.
Өмір – қолымыздағы ең қымбат қазына. Бұл бізге Алланың берген ең алғашқы сыйы. Сондықтан әрбір адам оны бағалай білу керек. Бағалау деген қасындағы адамдарды, ата-анаңды, жақындарыңды, өмір жолыңда кездесетін барлық жанды – сүю, құрмет тұту. Әр адам өз арман-мақсаттарымен, алған тәрбиесімен ерекшеленеді. Сол тәрбиені беруші ата-анаң, жанұяң. Ал қамқоршың бірінші – Алла болса, екінші – ата-ана. Хакім Абай әрбір адамның әуелі Алланы, содан кейін барша адамзатты, сосын әділдікті сүю керек екендігін, яғни осы үш сүюдің жиынтығын «имани гүлі» деп атаған. Шындығында иман ақиқаты осы үш сүюден, махаббаттан тарайды. Әрбір жанның бойында Абай айтқан имани гүлі болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Салтанат ТӨЛЕПОВА,
Дүр Оңғар ауылы

















