» » БІЛЕК КӨРКІ – БІЛЕЗІК

БІЛЕК КӨРКІ – БІЛЕЗІК

Дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдер мен қыз-келіншектерге арналған әшекей бұйымдардың алар орны ерекше. Әшекей бұйымдар халық ұғымында сәндіккөркемдігімен қатар ғұрыптық мәнге ие. Қазақ даласына жүргізілген археологиялық қазба барысында әшекей бұйымдар жиі табылып отырған. Сондай әшекей бұйымдардың бірі – білезік. Білезік – әйелдер қолға тағып жүретін, ең жиі кездесетін әрі күнделікті қолданылатын әшекей бұйым. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де білегіне салады. Тіпті қыз бала 3-4 жасқа келгеннен-ақ ата-анасы бойын түзеп, сәнсалтанатта өссін деп арнайылап бала білезіктер жасатқан.
«Сулық», «ауыздық», «мұрындық» деген секілді ол білекке тағу үшін «білек» және «жүзік» сөздері уақыт өте келе «білезік» болып қалыптасқан. Зергерлер білезікті металдан, оның ішінде темірден, мыстан, күмістен, алтыннан жасаған. Оның бес білезік, тасты білезік, топсалы білезік, жұмыр білезік, жалпақ білезік, қалы білезік, көзді білезік, құйма білезік, қос білезік деп аталатын бірнеше түрі бар. Ұлттық дәстүрге байланысты да білезіктің бірнеше атауы белгілі. Ал жасалу ерекшелігіне орай ширатпа, оймыш, шекіме, алтын жалатпа, қара-ала, құйма, қалыптама деген көптеген түрі бар.
Бұған қоса, патшалық Ресейден қазақ жеріне алғаш қалта сағат және қол сағаттың келуімен байланысты таралған сағат білезік түрлері де бар. Сағаттағы сандар Рим цифрымен шекіліп, оның төменгі жағына дөңгелектеніп, секундомер суреті салынған. Сағат бейнелі бөлік пен білезік топса арқылы біріктірілген. Білезіктің қанша түрі болса, олардың жасалу техникасы мен атауларында да соншалықты өзгешеліктер бар.
Тек күмістен соғылған білезіктердің өзі Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі болады. Жергілікті өзгешеліктер оның жасалу, әшекейлеу тәсілінен де, көлемінен де, сыртқы мүсінінен де байқалады. Мәселен, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарына, негізінен, жұмырланып және төрт қырланып соғылатын білезіктер тән болса, солтүстік және орталық Қазақстанға жұқартыла соғылған жіңішке білезіктер тән, оңтүстік өңіріне құйма сом білезіктер, ал батыс пен оңтүстікшығысқа өте көлемді сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер тән. Әрине, осы білезік түрлерінің әрқайсысының ішінде айтарлықтай ерекшелік болады. Ол, негізінен, әр мекенде шеберлер мектебінің болғандығының айғағы. Мұнымен қоса бірнеше асыл тастан тұратын үзбелі білезіктер де кездеседі. Олардың негізі күмістен жасалады да, сырты алтындалып, әр үзбенің үстіне әртүрлі тастардан көздер орнатады. Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында жасалатын көлемді білезіктерге арнайы тағылатын шынжырлардың ұшына 2-3 сақина, жүзіктер ілінеді. Мұндай білезіктердің сыртына сіркелеу әдісімен, негізінен, геометриялық өрнектер жүргізіледі. Батыс өңірі мұндай әшекейді әлі де әдемі етіп тағып жүргенін әлеуметтік желіден аңғарып жүрміз.
Білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы – білезік адам бойындағы күш-қуатын сақтайды. Қазақ бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күшқуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан. Сондықтан әжелер соңғы күшқуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған. Білезіктегі өрнектердің мәнімен қоса, көп халық ұғымында қалыптасқандай, қорғаныш қасиетке ие сиқырлық күші бар деп саналады. Сондықтан өзге де тұмарлармен бірге баланың білегіне аққара, қызыл-көк, көзмоншақ тізбегін тағу дәстүрі осы уақытқа дейін сақталған.
Қорыта келе, тамыры көне замандарда жатқан зергерлік өнерді қазақ зергерлері таяқша, сызықша салып оюлайтын қарапайым әшекейлеуден бастап, қазіргі заманғы дамыған зергерлік өнер деңгейіне жеткізді. Болашақ ұрпаққа өшпес мұра етіп қалдыра білді. Оны әрі қарай жалғастыру шеберлердің қолында болса, құндылығын ұғындырып ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – біздің міндет.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
14 қаңтар 2026 ж. 59 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (10471)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (10470)

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (10469)

06 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 220
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031