СЫР ӨҢІРІ СЕРПІНДІ ДАМУ ЖОЛЫНДА
Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда облысының әлеуметтікэкономикалық дамуы туралы» баяндама жасады.
Облыс әкімінің мәліметінше, биыл 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 жоба іске қосылған. Олардың қатарында жылына 90 млн кірпіш өндіретін автоматтандырылған зауыт, құны 5 млрд 600 млн теңге болатын нан өнімдері кешені бар. Сонымен қатар, 753 млрд 300 млн теңгеге 14 ірі жоба басталуда. Атап айтқанда, «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, кальцийленген сода зауыты, бөтелке шығару және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауыттары салынбақ. Испаниялық «Roca Group» компаниясымен 44 млрд теңгеге санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын зауыт салу жөнінде келісім жасалды.
Мұнан бөлек, аграрлық-индустриялық кластер қалыптастыру мақсатында бірқатар қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысы жүріп жатыр. Мамыр айында Қызылорда қаласында 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Аймағымызда ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын өсіп, биыл 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Құны 6,4 млрд теңге болатын 9 жоба іске қосылды.
– Ауылшаруашылығының машина-трактор паркі жаңартылып, 2022-2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 техника алынса, осы жылы 4 млрд 700 млн теңгеге машина-трактор паркі 139 ауылшаруашылығы техникаларымен толықтырылды.
Дер кезінде қабылданған шешімдердің негізінде егіс алқаптары толық сумен қамтамасыз етіліп, егінді шығынсыз алып қалуға барынша жағдайлар жасалды.
Президент тапсырмасымен аймаққа Премьер-министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты. Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды жеткізіп, екі ай бойы шаруалардың игілігі үшін ауқымды жұмыс атқарды, – деді Н.Нәлібаев.
Мемлекет басшысының қолдауымен «AKSA Energy» түрік компаниясы Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығын салды. Жоба аясында бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры тартылды.
Соңғы жылдары электрмен қамту бағытында 24 млрд 200 млн теңгеге 71 жоба жүзеге асырылып, тозған желілер айтарлықтай азайды. Сонымен қатар, Катармен жасалған келісім аясында қуаттылығы 1100 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы басталды. Оның шеңберінде жоғары кернеулі электр желілері мен 3 трлн теңгелік ірі газ инфрақұрылымы жобасы жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ облыста барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту мәселесі шешімін тапты. Бұл мақсатқа 26 млрд 200 млн теңге бөлініп, 423 тұрғын үйге жоба әзірленді. Жобалар екі кезеңмен жүзеге асуда.
Сонымен қатар, 2022-2024 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 31,6 млрд теңгеге 78 ауылда 343 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.
Қызылорда қаласында 270 көше жаңғыртылып, биыл жол инфрақұрылымына 50 млрд 605 млн теңге бөлініп, 329 шақырым жол мен көпірлер жөндеуден өтті. «Қызылорда – Жезқазған» автожолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңартылды. Арал қаласында жаңа аспалы көпір, Жаңақорғанда теміржол үсті көпірі пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда-Ақтөбе бағытына 4 жолақты автожол салу жобасы дайындалып, айналма жол құрылысы басталуда.
Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы іске қосылып, жылына 2 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ Қызылордада жаңа автовокзал, 300 автобус, 100 экотакси пайдалануға берілді.
Теміржол саласында бірқатар вокзал жаңартылып, жол бойындағы сервистік кешендер ашылды. Қызылорда қаласындағы теміржол асты өткелі салынып, Қармақшы ауданында жаңа көпір құрылысы жоспарлануда.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Аймақта 2022 жылдан бері 200-ге жуық халыққа қажетті әлеуметтік нысан салынып, тұрғындар игілігіне берілді.
– Аймағымызда соңғы 3 жылда алғаш рет барлық ауданда жаңадан тұрғын үйлер салынып, 1 800-ге жуық, атап айтқанда 2023 жылы 430, 2024 жылы 1015, 2025 жылы 332, жалпы 1777 пәтер жерлестерімізге табыс етілді. Биыл 3600 пәтерлік тұрғын үйлер салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді.
Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру.
«Білімді қолдау қорының» 8 млрд 400 млн теңге қаржысына физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. Аталған қор есебінен 2 млрд 333 млн теңгеге салынған Арал ауданы Мергенсай ауылындағы 150 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі.
Қызылорда қаласында құрылысына 11 млрд теңге қаралған балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында 3 млрд теңгеден астам қаржыға «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі», облыс орталығында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының демеушілігімен 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи «Оқушылар сарайы» ашылды. «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасын салуға 4 млрд 800 млн теңге демеушілік жасады.
Қазіргі уақытта Президент саябағында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы бой көтеріп келеді. Сондай-ақ жұмысшы мамандарды даярлауға арналған «Құзыреттілік орталығы» ғимараты да басталды, – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл облыстық бюджет есебінен 9 мектеп жаңғыртылды.
Соңғы үш жылда білім саласына 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге бөлінді. Өткен жылы 13 білім беру ұйымы ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2023 жылдан бері 9 мектепке қосымша ғимарат салынып, үш ауысым мәселесі толық шешілді.
Демеушілер қолдауымен бірқатар жаңа мектеп, оқушылар сарайы, өнер және музыка мектептері, шығармашылық академиялар салынды. Соңғы үш жылда 15 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 58 мектептің пәндік кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталды.
Білім саласындағы қолдаудың нәтижесінде Қызылорда облысы ҰБТ көрсеткіші бойынша екі жыл қатарынан республикада үздік атанып, орташа балл 75,7 болды. Оқушылар мен ұстаздар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болып, өңірдің білім сапасының жоғары екенін дәлелдеді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды.
Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, 5 млрд 400 млн теңгеге 4 ауданда орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар салынды. Шиелі ауданында жаңа жұқпалы аурулар бөлімшесі пайдалануға берілсе, дәл осындай нысан Арал ауданында ашылмақ. Бұрын жеке ғимараты болмаған «Қан орталығы» жаңа ғимаратқа көшті.
Үкімет қаулысымен облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге перинаталдық орталық және 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық емхана салу жоспарланып, құрылысы жақын уақытта басталады. Тағы бір 400 орындық емхана салу көзделген.
Соңғы екі жылда 225 санитарлық автокөлік пен 45 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Сонымен қатар, 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтіп, 15 млрд теңгеге құралжабдықтар алынды. Жабдықталу деңгейі 87,4 пайызға жетті.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында шетелдік клиникаларда тәжірибе алмасу жүйелі жүргізілуде.
















