» » ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТ ТАПҚАН АНА

ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТ ТАПҚАН АНА

«Еңбекпен даңқын асырған,
Ол Батыр ана асыл жан.
Қос жұлдызы жарқырап,
Жалғаған ғұмыр ғасырдан.
Дән сәбиін тербеткен,
Еңбекпен өсіп ержеткен.
Ғасырдың Батыр анасы,
Бақытын тапқан еңбектен».
Иә, еңбек ер атандырады. «Бақытты болғың келсе – бейнеттен қашпа» деген халық даналығында. Ерен еңбегімен, халыққа көрсеткен адал қызметімен, ұрпақ өсірудегі ұлағатты тәрбиесімен ел-халықтың құрметіне бөленген Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері, Ғасырдың Батыр анасы Сәлима Жұмабекова анамыздың өмір жолы – өнегелі тарих. «Атың шықсын десең өз ісіңнің маманы бол, даңқың шықсын десең көпшіліктің адамы бол» деген әл-Фараби атамыздың даналық тұжырымының маңызы зор. Өмір сүрген саналы ғұмырында толқымалы замана белестерінен сын сағатта сүрінбей өтіп, ерен ерліктің үлгісін жасады. Сәлима анамызбен бір ауылда тұрып, ұзақ жылдар тыңдаған әңгімелеріміз, көз көрген көрегенді сәттер, барлығы көз алдымда. Сәлима апайдың батасын алып, ұзақ әңгімелесетінмін. Анамыз 1935 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы бұрынғыша Жаңа бақыт ауылында қазіргі Дауылкөл елді мекенінде Жұмабек Өсербайұлы ақсақалдың отбасында дүниеге келген. Анасы Баймаханқызы Ақсалы өте еңбекшіл, қарапайым жандар болған. Сәлима апай әкесі мен анасы жайлы айтқанда жүзі нұрланып, мақтаныш сезіммен «Әкем Жұмабек өте мейірімді, сауатты, айтарын бір рет қана шегелеп айтатын қадірлі кісі еді. Ал анам болса өте қайратты, рухы мықты, айтқан сөзі бір көріпкел жандай дөп келетін, үнемі Құдайға жалбарынып жүретін» деп еске алатын. Жұмабек әкемізден төрт перзент тараған дейтін. Үлкен қызы – Жәмилә, екінші перзенті – Сәлима, үшінші – Шишбек (Шиш пайғамбардың құрметіне қойылған), төртінші перзенті – Жаухарбек тарайды. Шишбек кішкентай кезінде шетінеп кетеді. Балалық шағында соғыстың басталып кетуі, бала болса да қиыншылыққа қарсы тұрып өмірінің кермек дәмін татуға тура келді. 1942 жылы мектеп табалдырығын аттап, сабақты жақсы оқып, сабақтан тыс уақытта бауырларына қарап масақ теріп, өмір тауқыметімен бала болып ойнамастан ерте есейді. Бір әңгіменің ретінде сұрапыл соғыстың лаңы кімді болса да сарсаңға салды емес пе?! Анамыздың көрмеген бейнеті жоқ. Басшылар қайда жұмсаса да сол істен бас тартпай кірісіп кететін. Ер азаматтардың бәрі соғысқа аттанды. Бар ауыртпалық аналардың, балалардың еншісінде қалды. Ел ішінде дүркін-дүркін қызылша, қарамық деген аурулар жабысып жатып қалдық. Анамыз азғантай жүгеріні отқа бадынатып беретін. Бір күні ол да таусылды. Талғажау қылатын дән қалмады. Анамның ертеңді болжап бір айтатыны бар еді. Тамақ сұрап жылаған балаларына: «ботақандарымай күні ертең бір кіріс келейін деп тұр. Ол да болса Құдайдың берген ризығы шығар», дегені есімде дейді. Анамыз таң намазын оқып далаға шықса Құттыжол деген итіміз бар еді, сол ит қыңсылап анамның аяғын жалап жата қалды дейді. Ала кеугім уақыт қой. Қараса бір тұлып жатыр екен. Аңдап қараса бір тұлып толған ұн екен. Бұны көрген анашым қорқып кетсе керек. Ол уақытта бір уыс дәнді рұқсатсыз алған адам халық жауы деп қамалатын уақыт. Құттыжол емес, сор болдың-ау деп анам қатты уайымдады.
Бірақ сол ұнды ешкім іздеп келмеді. Анамыз бізге суға шылап қайнатып, 15 ай атала жасап беріп, дүкенде талонмен берілетін азықтүлікке ілініп кеткенбіз деп, қиындығы мол тауқыметті күндерді күрсіне еске алатын. 8 класты бітірген соң анасының қасында сауыншы болып еңбек етеді. 2 жыл өткен соң 1953 жылы Ноғай әкемізбен шаңырақ көтереді. 1955-1958 жылдары совхозда құрылыс қарқын ала бастады. Осы сын сағаттарда Сәлима апай құрылысшы мамандығын игеріп кетті. Тас қалаушы, сылақшы болып жас маманның тиянақты ісімен шоқтығы биіктей берді. 1962 жылға дейін құрылысшы болып, кәсібін шебер меңгеріп ел алғысына бөленді. Қай істе де тындырымды Сәлиманы шаруашылық басшылары күріш өсіруге шақырды. Өнерді үйренуден бас тартпайтын жалынды жас 1963 жылы күрішшілік кәсіпті меңгеруге батыл қадам жасады. 1963-1966 жылдары Сәлима Жұмабекова әр гектардан 40 центнерден өнім алып жүрді. Білікті диқан Шәймерден Шегебаевтың ақыл кеңесін тыңдап, еңбеккер тұлғаның әр ісін үлгі тұтты. 1966 жылы Сәлима Жұмабекова ауылшаруашылығындағы үздік табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Еңбекшіл жас әр істі шебер ұйымдастыра білетін талапшылдығымен де көзге түсті. Жергілікті кеңес депутаты ретінде қоғамдық істерге белсене араласатын. Осындай қабілетін ескеріп, 1967 жылы ел сенімін арқалаған Сәлима анамызды Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Бұл істе де жас маман ауыл мәдениетін көтеруге зор еңбек етті. Бірақ Сәлима Жұмабекова күрішшілік кәсіпті мұрат тұтты, диқаншылықты жүрек қалауымен қабылдады. Сол себепті өзі сүйген кәсіп диқаншылықтың еңбек жолын қайта жалғастырды. 1973 жылы Ленин атындағы совхоздың күріш өсірушілер звеносын басқарды. Звенодағы жұмысын оңтайлы шебер ұйымдастыру нәтижесінде күріштің өнімділігін арттырды. Жаздың 40-45 градус аптап ыстығына қарамай жанқиярлық еңбек еткен Сәлима апа еңбектің ең жоғары нәтижесіне жетті. 1974 жылы өзіне бекітілген күріш егісінің әр гектарынан 84-118 центнерден өнім жинады. 1978 жылы 5 адамнан құрылған комсомол жастар бригадасына жетекшілік етумен бірге, облыста бірінші болып отбасылық звено құрды. Оған өзінің 2 баласын мүшелікке алды. Тынымсыз еңбек, өрелі тәжірибе, өнегелі істер еңбек адамын шыңдай түсті. Отан игілігі үшін еңбек еткен қыз-келіншектер саны жыл сайын көбейе түсті. Қарапайым қазақ әйелінің адал еңбекпен құрметке жетуі зор бақыт еді. Апай сөз ретінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев жолдастың кеудеме алтын жұлдыз тағар сәтте «Айналайын қарындасым, жұлдызың құтты болсын» деген жан толқытар құттықтауын қалай ұмытайын деп тебіреніп отыратын. Әрине атақ пен даңқ оңайлықпен келмейді. Қажырлы еңбек ете жүріп, құдайдың берген 11 баласын өмірге әкеліп, тәрбиелеп Батыр ана атанды. Құдай қосқан қосағы Ноғай әкемізден қапияда көз жазып, қайғы жұтып, өкініш өзегін өртесе де сол қиындықты еңбекке деген жанашырлық ерлігімен жеңе білді. Қайғы мен мұңға жұбанышты еңбектен тапты. Еңбегі еленіп, КПСС ХХVI съезіне, Қазақстан Компартиясының ХІІІ-ХІV съездеріне делегат болып қатысу бақыты бұйырды. Батыр ана Сәлима Жұмабекова 1979 жылы еңбегі еленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Ал еңбектегі ерен жетістіктері үшін бес жылдықтың қорытындысы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1980 жылғы 4 наурыздағы жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1964 жылы «Құрмет белгісі» ордені, 1970 жылы Батыр ана атағы, 1971, 1980 жылы екі мәрте «Ленин» орденімен марапатталды.
Еңбек еленді, халық қалады. Депутаттық мандатын текке кетірмей халық игілігіне жұмсады. Қармақшыға кірер жолда үлкен көпір салдырғанын халық әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады. 1980 жылы Жаңақорған санаториясын күрделі жөндеуден өткізіп, он жылдық мектеп салдырып, халыққа қуаныш сыйлағанын мақтан етеміз. Сондай-ақ «Жамбыл гидромелиоративтік институтының Қызылорда қаласынан филиал болып ашылуына көп жәрдемім тиді» деп отыратын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасына дейін Қызылорда қаласында Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтынан басқа жоғары оқу орны жоқ еді. Ол тек педагог мамандар ғана даярлайтын. Ал облысқа техника саласындағы мамандар өте қажет болды. 1976 жылы КСРО ауылшаруашылық министрінің бұйрығымен Қызылорда қаласында Жамбыл гидромелиоративтік институтының филиалы ашылды. Жаңа институттың құрылысын жүргізу жұмысын атқаруда қаржы тапшылығы қолбайлау болды. Өйткені одақтық билік арқылы шешілетін қаржы қажеттілігін шешу үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың ғана мүмкіндігі бар еді. «Маған осы мәселе жөнінде көмек қолымды созуымды сұрады. Осы мақсатпен Мәскеуге Қаржы министрлігіне хат жолдадым, бірақ үш айға дейін хатыма хабар болмады. 1981 жылы КПССтің XXVI съезіне делегат болдым. Осы Мәскеуге барар тұста филиал басшысынан өзіммен бірге Сұлтан Махамбетов деген азаматты сұрап алдым (себебі орысша білмейтін едім). Сұлтан Махамбетовты ертіп, Мәскеудің қаржы министрлігіне арнайы бардым. Сұлтан Махамбетов хатшы қызға Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова екендігімді министрге айтуды өтінді. Сол сәтте ұзын залда қаржы министрі Месьяц алдымнан шығып, күтіп алып кабинетіне ертіп барды. Амандық-саулықтан кейін үш ай бұрын жазылған хатымның жауабын сұрадым. Ол кісі хатты алмағандығын айтып, дереу хатшы қызды шақыртып, хатты іздетті. Сөйтсе хат басқа бөлімде жатып қалған екен. Хатпен дереу танысып, шұғыл Жоспарлы институттан өкіл шақыртып, екі миллионның үстінде қаржы қаражатын шешіп берді. Келгеннен кейін филиал басшысы көп ұзамай жұмыстың басталғанын хабарлады. Сол қаржыға бүгінгі қолданыстағы үлкен комплексті салдырып, оқу орнымен, жатақханамен студенттер толық қамтамасыз етілді. Сонымен Қызылорда облысының жаңа бір үлкен жоғары оқу орны дүниеге келді. Бұл қызметімді көп іс тындырдым демеймін, бірақ еліме пайда келтірген перзенттік борышым деп білемін» деген еді Батыр ана.
Ел-халықтың жағдайы жақсарып, еліміз егемендік алған тұста өзі де дүниеге келген Ақжар ауылына, келін болып түскен «атам ауылы» деп атайтын Тұрмағамбет ауылына заманауи үлгідегі мәдениет үйін салып беруге бастамашы болып, халық игілігіне жарағанын көзімен көріп, қуанып отыратын. Еңбегімен елге танылды. Халық мақтанды, ұрпақ шаттанды. Еңбектен бақыт тапты.
«Батыр ана жүрген жолы бәрі аңыз,
Халқын сүйген, ардақ тұтқан данамыз.
Жұмақ болсын мәңгі мекен тұрағы,
Иман нұрға бөлен Батыр анамыз.
Алтын дәнмен бой түзеген сымбаттым,
Ұлы еңбек ырғағымен үн қаттың.
Қарапайым қара қызы қазақтың,
Еңбегіңмен бар ақынды жырлаттың.
Даңқың кетті шарлап иен даланы,
Ғибратың із боп қалды бағалы.
Аңыз адам болып мәңгі қалдыңыз,
Айшықталып тарихтың бір парағы».
Ес білгеннен өмірдің мәні еңбек деген ұстаныммен ізінен шәкірт ерте білген абзал ана тек Сыр бойы ғана емес, барша қазақ халқының біртуар мақтанышы. Жауапкершілік жүгін зор сеніммен арқалаған, ұлы еңбектің көрігін қыздырып, қарапайым диқаншылықтан даңқты Еңбек Еріне айналуы Сәлима анамызға Алланың берген бағы деп бағалаймын. Отбасында қажырлы да қадірлі ана, ал қоғамда дала төсін еңбек дүбіріне бөлеген майталман ана бола білген, тау тұлғалы бейнесімен, пайымпарасатымен ұрпаққа өшпес үлгі болып қала береді.
Зарипа ТАСЫМОВА,
ардагер-ұстаз

08 желтоқсан 2025 ж. 130 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (10461)

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (10460)

02 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 041
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 709

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031